«Шабдалы» – өмір шындығы

1044

0

«Шабдалы» толық метражды көркем фильмі биылғы XIV «Евразия» кинофестивалінің аясында алғаш рет көрермен назарына ұсынылған болатын. Бұл фильм жерлесіміз, белгілі жырау Алмас Алматовтың әңгімесінің желісі бойынша түсірілген. Көркем туындының идея авторы Мұхамеджан Тазабек, режиссері Жандос Құсайынов. Сейсенбіде аталған фильмді  «Жібек жолы» кинотеатрында сырбойылық көрермендер тамашалады.

Киноның басты кейіпкері – Ана. Жолдасы кезінде беделді прокурор болған, тұрмысында аса таршылық көрмеген келіншектің бойында бір ерекше батылдық бар. Күйеуі беймезгіл өмірден өтіп, отбасының жауапкершілігі өзінің иығына түскен Жазираның жалғыз арманы –қызын жұрт қатарлы оқытып, қалам ұшынан нан табатын қызметке қойсам дейтін. Анасының бұл талабын қызы да құп көретін. Әкесінің жолын қуып,  прокурор болуды армандайтын.

Еліктей ерке қыз Әсел арман қала –Астанаға келіп, өзі таңдаған оқу орнына түсті.  Бала кезден арман болған мамандығы бойынша  жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітірді. Анасының қуанышында шек жоқ! Оның ендігі бар ойы – қызын жұмысқа орналастыру. Әрине, жас маманға жұмыс табу оңай емес. Талай есікті тоздырды. Әзер дегенде, бір жұмыс табылып, әжептәуір «сый-сыяпатын» беріп, көңілін бірлеген еді…

Неге екенін, қызы бұл жұмысқа барудан бас тартты. «Анашым, алаң болмаңыз, өзім ізденіп, жұмыс табамын» – деген қызының  сөзін қаперіне алмаған Жазира «Менің айтқанымнан асып қайда барасың?» – деп іштей өз-өзіне сенімді болатын.  Бірақ олай болмады…

Астанада оқып жүрген Әсел күнделікті қат-қабат тірліктің арасынан кейде көңілін селт еткізер оқиғаларға кез болып қалатын. Осындай бір оқиға бойжеткеннің өмірін мүлде басқа арнаға бұрып әкетті.  Жас ару махаббат «машақатын» бастан кешті. Өзі шамалас Ертай есімді жігітті ұнатып, мәңгілік бір болуға сөз байласты. Ал анасы бұл жағдайдан тіпті бейхабар. Өйткені өзінен үлкен үміт күтіп отырған анасына бұл шешімін айтуға Әселдің жүрегі дауаламаған еді. Содан не керек, құрбысына бір жапырақ хат қалдырған Әсел сүйген жігітімен қол ұстасып кете барды. 

Иә, атам қазақ айтпақшы, бұйрық деген осы шығар, сірә?.. Әу баста «Оңтүстік өңірдің жігітіне тұрмысқа шықпаймын» дейтін ерке  Әсел  Жетісай ауданының түкпіріндегі бір елді мекеннің жігітінің етегінен ұстады. Үміт артып, үкілеп ұшырған қызының бұл қылығы анасының ашуына тиді. Бір жағынан «Оны күштеп алып қашып кетті» деген ой маза берер емес. Қалай болғанда, жастайынан тұрмыс құрып, тіршіліктің қамытына жегілген қызын қайтып әкелмекке бекінеді. Осы оймен Жазира «Жетісай қайдасың?» деп тартып отырды. Әр түрлі ойдың құрсауында әбігер болған ана байғұс жол азабын әбден тартты.  Ауылдың шетіндегі үйге терісіне сыймай, ашуға булығып әзер жетті. Алайда қызының қаперінде еш алаң жоқ. Өз өміріне риза. Отбасына деген сый-құрметі ерекше. Қанша қыстаса да, қызының бұған еріп, елге қайтатын ойы жоқ. Амал қанша, анасы райынан қайтты. Құдасы сол өңірге сыйлы адам екен. Көп жылдан бері бау-бақша өсірумен айналысатын. Ол бір сөзінде «Құдағи, мына шабдалы ағашын сізге сыйладым. Алла бұйыртса, жемісін көресіз» – деді. Жазира түк түсінбеді. «Қалыңмалдың жөні бір басқа. Бұған шабдалының қандай қатысы бар?» деп ойлады ол…

…Таң атпай телефон қоңырауы шылдырап қоя берді. Жазира тұтқаны көтерсе, қызы екен. Атасы бірнеше қорап шабдалы беріп жібергенін айтты. Алғашында «мұның бәрін қайтемін» – деп абдырап қалған болатын. Ал кейіннен бұл жемісті сатып, қыруар пайдаға кенелді. Иә, осылайша  ол «қалыңмалға» шабдалы ағашын сыйға тартқан құдасының даналығына тәнті болды. Адал еңбектің жемісі адами сыйластықтың да аясын арттыра түскендей.

Қарапайым тұрмыс-тіршіліктен бастау алып, сан түрлі қызықты жайттармен жалғасын табатын көркем фильмде жас жұбайлар арасындағы берік махаббат қала және ауыл өмірінің арасындағы алшақтықты біршама жақындатып, адал еңбек, маңдай тердің шын бағасын айқындайды. Оқиға желісіне отбасы құндылығы арқау болады. Сондай-ақ, оңтүстік өңірде сақталған салт-дәстүр сабақтастығының елдегі  ынтымақ пен бірлікті нығайтудағы оң әсері оқиға желісінде айқын көрініс тапқан.

Көптен күткен «Шабдалы» фильмінің премьерасына халық көп жиналды. Фильмнің соңынан идея авторы М.Тазабек, режиссері Ж.Құсайынов, басты рөлді сомдаған Ш.Елгезекова көрер­мендермен жүздесіп, фильмді түсіру бары­сындағы әсерлерімен бөлісті.

                                                                                 

Ғазиза ӘБІЛДА,

                                                          «Сыр бойы».

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<