Шипагер шарапаты

1507

0

Сыр өңірінде, оның ішінде Айдарлы топырағында әулие-әмбиелер, ахундар жатыр. Қосназарұлы Құлбай әулие «Көкілташ» медресесінде білім алған, әулиелігі халық жадында қалған. Ол кісі Алланың берген қасиетінің арқасында адамдардың дертіне шипа дарытқан. Қиын тағдырлы, адам санасынан тыс қадір-қасиеті басым, ерекше жаратылған жан екен. Құлбайдан Үбаділ, Жұмаділ, Асан, Үсен тарайды. Құлбай әулиенің емшілік  қасиеті Үсен баласы Махатайға дарыған. Ол кісі ауырған адамның тамырын ұстап, науқастың жағдайын біліп, дәл ажыратумен бірге соған сай ем қолдануды жете меңгерген.

Жас кезінде оқу оқып, өнерге бой ұрып, Ауған, Үнді, Мы­сыр елдерінде жүргенде бір күні Құлбай атасы келіп, ұй­қысынан оятып, ішінде містер (скальпель), шөп тамырлары, дәрі аттары жазылған ішірткісі бар қалтаны науқастарды емде деп қолына ұстатады да жоқ болып кетеді. Оянса түсі екен. Ата­сының айтқанын істеп ел­ге қайтар жолда Ауғанға кел­генде ке­руенбасы қатты ауы­рып, көш жолда тұрып қа­лады. Сонда Жұмаділ атасы Ма­ха­тайға келіп науқасты емдеу жол­дарын айтады. Оң жақ құ­лақ шекесіндегі қатты соғып тұрған тамырын міс­термен қию керектігін ескертеді. Містерді қайдан аламын дегенде, «тез бар, болмаса өледі» деп ғайып болады.

Ертеңіне керуенбасын ем­деу­ге барғанда құдайдың құ­ді­ре­тімен баяғы Құлбай әулие түсінде беріп кеткен қалта ем­деуші тәуіптің ал­дында жат­қа­нын көреді. Атасының айтқанын істеп емдеу шараларын жасайды. Сол қасиет атадан балаға беріліп, Үбаділден тарайтын бесін­ші ұр­пағында жал­ғасын тапқан еді.

Бабадан берілген қасиетті Гип­пократ антына сай білімділікпен жалғастыра білген Қызылорда қала­лық ауруханасының хирург дәрігері Әмірхан Сейілханұлы еді.

Ол әскер қатарынан келген соң Қызылорда ауыл шаруа­шы­лығы тех­никумын ауыл шаруа­шылығының тех­ник-механигі ма­мандығы бойын­ша бітіріп шықты. Бір жылдай Батыс Қазақстан те­міржол мекемесінің ло­комотив депосында механик қыз­метін атқарды. Әмірханның жатса-тұрса ойынан дәрігер болу арманы бір сәт шыққан жоқ. Сол арманы алға жетелеп, жары екеуі бір саланың маманы болуға ден қойды.

Сөйтіп, екеуі 1978-1984 жыл­дары Қарағанды мемлекеттік ме­­дицина­лық институтының «Ем­деу ісі» фа­культетін бітірді. Ин­тернатураға келген дәрігер­лер бір жыл жедел жәрдем стан­циясына жұмысқа жі­бе­рілетін. Се­бебі, бұл – жаңадан қыз­мет жолын бастаған жас дәрігерлер үшін тәжірибе мектебі. Жедел жәр­дем станциясында науқаспен бет­пе-бет кездесіп, ауруға қандай кө­­мек керегін тек өзі шешуге үйре­неді, әрі қарай аурулармен қарым-қа­тынас жасаудың қыры мен сырын ұғады. Жас дәрігер Әмірхан сол ке­зеңде ерекше көзге түсіп, 1985 жы­лы қалалық ауруханаға оташы-дәрігер болып орналасты. Күн са­нап емдеудің, ауруды анық­таудың жаңа  медициналық тех­нологиялары өндіріске еніп жат­ты. Жас та бол­са жұмысы кө­ңілге қонымды Әмір­ханды жа­ңадан ашылған радио­изо­топты зертханаға (иондық сәуле­мен диаг­ностикалау) бөлім мең­­геру­шісі қызметіне тағайындады. Ол істі 1997 жылдың қазанына дейін мін­сіз атқарды.

Медицина саласында рефор­малау, жекешелендіру жүр­гі­зі­ліп, қалалық аурухана «Денсау­лық» мекемесі бо­лып құрылған шақта да, жалпы қа­лалық ауру­ханада өмірінің соңына дейін істеді. Маман­дығын биік ұстап, мыңдаған ота жасады. Үнемі із­деніп, Ресей, Украи­нада білімін жетілдіріп отыр­ды. Үлкенге де, кішіге де сыйлы болды. Ұжым­дағы тәжірибелі дәрі­герлер Е.Омаров, Ә.Төрекеев, С.Құл­сар­тов, О.Мырзағұлов, Ю.Фа­тиадиді ұстаз тұтты. Солардан үй­ре­ніп, тә­жірибесін өз шәкірт­теріне бер­ді. Шә­кірттерінің бірі Бауыржан Төле­генов қалалық аурухананың бас дә­рігері, Бауыр­жан Жұбандықов хи­рургия бөлі­мінің меңгерушісі болып, па­ци­ент­термен қойын-қол­тық жұ­мыс жасап келеді.

Әмірхан өте бауырмал, үл­кен­ге ілтипатты, кішіге қамқор аға, ойы зерек, білімі терең, білек күші басым, батыр тұлғалы азамат болатын. Бала кезімізде Айдарлы ауылындағы ата-әжесіне келгенде балалардың  әдеті емес пе, шекісіп қаламыз. Құм­ның басында бір топ бала қаладан кел­ген қалың қасты, түрі сұсты бала­ны ортаға алдық. Қас батырдай қас­қайып, қолына орап алған доғалы солдат белбеуі бар Әмірханды алғаш көруім еді. Бізден үлкендердің өзі батылы бармады. Кері бұ­рылып  жалғыз өзі асықпай кетіп бара жатты сонда.

Әбекең жастық шағында сезімін білдірген Ұлмекенмен байланысын үзбеді. Ұлмекеннің әкесі Мұхаме­дияр аға ­ақ көңіл, еңселі, сен­гіш, өмірден өткенше үлкенге де, кішіге де Мұхаң болған ардақты аза­мат еді. Әмірхан осылайша өне­гелі отба­сынан шыққан арумен отау құрды. Сосын екеуі жоғары оқу ор­нындағы оқуын жалғастырды. Екі ұл, бір қыз­ды дүниеге әкеліп, оларды оқы­тып, тәрбиеледі. Екеуі де ұжымда абы­ройлы еңбек етті.

Ұлмекен білімді дәрігер, білік­ті басшы, сүйікті жар, аяулы ана, сырлас жеңге, келісті келін, ардақ­ты әже болды. Ұжымында  әр сөзін шегелеп, нақтылып айтатын, кемші­ліктерді дер кезінде кө­ріп, оны жою­дың жолдарын нақ­ты көрсете бі­летін білікті бас­шы, қолы шипалы дәрігер атан­ды. Енесінен көрген өне­­гесін келін­деріне үйретуден жа­лықпайды.

Хирург-дәрігер әрі білгір, әрі  пси­холог болуы керек. Нау­қас сабыр тапса, сенің жеңгенің, се­німіне кір­генің. «Ең мықты дәріні таптым, ол – сенім» депті Авиценна. Сенімге ену ар­қылы абыройың асады, өйткені дәрігер адамға көрер жарығы болса, өмір сый­лаушы – Алладан кейінгі дә­рігер. Әмірхан үнемі ізденіс үстінде жүретін. Қолында кітап, медициналық жаңалықтар ба­сылған басылымдар. Ота жасауда адам ағзасына пышақ тигізбейтін ап­параттарды, эндоваскулярлық хи­­рургия, анавризм ауруларын емдеу жайлы көбірек айтып оты­ратын. Көк­өністердің, қарбыз­дың адам ағзасына тигізер пай­дасын, жергілікті жерде өсетін адыраспан, бақбақ, қызыл мия, жан­тақ, шайшөп, есекмия, т.б. ем­дік шөптер барын медицина тілі­мен жеткізе білетін. Мұны айтып отырғаным, бұл – атадан ба­лаға жал­ғасып келе жатқан ши­пагерліктің сабақтастығы.

Бір кездегі Құлбай әулие, Ма­хатай емші халық денсаулығын сақтап, оларды бірлікке, тірлікке ша­қырды. Ал олардың ұрпағы Әмір­­хан адамға жақсылық жасауға үнемі дайын тұратын. Жүрек-қан тамырларына, тыныс жолдарына хирургиялық ота жасауда «Ангио­г­раф» медициналық аппаратының шығатынын, оның пайдасы жайлы көбірек айтатын. Ал сол аппарат 2017 жылдан бері облыстық бала­лар ауруханасында жұмыс істеп тұруы мұны дәлелдей түскендей.

Кейде ой толқынында ескексіз қайыққа мінген жолаушыдай күй кешемін. Оның өмірден кет­ке­ніне 10 жыл­­дай уақыт өтсе де, әлі қасымда жүр­гендей. Әмір­хан­ның жас бей­несі Қасымхан мен Ғазизханға жолық­қанда, Ал­лаға тәубе деймін. Барына шү­кір­шілік етемін, себебі адам ұр­­пағымен мың жасайды. Бар­лы­ғын аманат етіп тапсырып кет­кен жа­ры Ұл­мекен отанының тү­тінін тү­тетіп, балалары мен неме­реле­рін шуа­ғына бөлеп отыр.

Ақ халатын кірлетпеген, ел есі­нен бір кетпеген Әмірхан небәрі 53 жыл ғана ғұмыр кешкенімен, жасаған жақсылығымен ағайын-ту­ыс, әріптестерінің есінде сақ­та­лып қалды. Бабалардың ки­елі қасиетінің сабақтастығы жал­ғасып, Құлбай әу­лиенің жо­лын, Ма­­хатайдың ем­шілігін, Әмір­­ханның дә­рігерлігін ұс­тай­тын ұр­­пақ­тарға жаратушы Алла қам­­қоршы болсыншы!

Әуезхан РАХМАНҚҰЛОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<