Шындалы талы

285

0

Сырдарияның бойындағы «Аманөткел» ауылын  әрі-бері өткендер жақсы біледі. Мәселен, «Қамыстыбас» стансасынан поездан түсіп автобусқа отырсаңыз, ілгері қарай асфальт жолмен зулайсыз. 50-60 шақырымдай бел-белесті артта қалдырғанда, көк желегі жайқалған саябаққа көзіңіз түсіп, көңіліңіз көтеріліп қалады.

– Әй, бұл қай шаһар?

– Аманөткеліңіз осы.

– Мына саябақ қашаннан бері бар, іргесін қалаған кім дейміз?

– Саябақ тарихы осы ХХІ ғасырдың басынан басталады. Ал іргесін қалаған Шындалы Әбдіраманов есімді азамат деседі. Мұнда жеміс-жидек аралас он үш мыңдай тал терек өседі.

– Жалпы көлемі 6,5 гектар!

– Он үш мың түп!.. Міне, керемет! Мұны жерлестері «Шындалы талы»

дейді екен. Ал сол мырзаңызды іздейін, зерттейін. Сөйтсем, ол осы араның тумасы болып шықты. Он тоғызында Қазалының зооветехникумын тамамдап, осы ауданның «Бөзкөл» кеңшарында зоотехник-товоровод болып еңбек жолын бастапты. Екі жылдан кейін, яғни 1969 жылы Арал аудандық мал дәрігерлік стансасына учаскеаралық ветеринар болып ауысады. Осы қызметті ол он жыл атқарады. Қырды-сырды шарлайды. Іс-тәжірибесі  молығады. Өндірістен қол үзбей Алматының зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын инженер-зоотехник мамандығы бойынша бітіреді. Бірде партияға есеп беруге бюраға келмей ме, келсе  «Ау-у, мына шиыршық атқан, 31-дегі  маманды осынша  уақыт «көленкеде» ұстағандарың қалай?» деп, сонау Қарақұм мал жайылымындағы «Жіңішкеқұм» кеңшарының 2-фермасына зоотехникке барсын деп пәрмен береді. Шындалыңыз фермаға бара сала «Қора-қопсы жұтаң, малшы үйі салқын» деп кеңшарды мазалау қойылсын, күш біріктірсек осының бәрі өз қолымыздан келеді» деп ұрандайды.

«Е-е, мына зоотехнигің жойқын жігер иесі ғой, ал ердік ізіңнен», дейді өзгелері. Әбдірамановтың зоотехниктік «арпалысы» екі жыл маңайында-ақ танылып, партком мен дирекция тарапынан ферма басқаруға ұсынылады. Аудан орталығынан 250 шақырым, Жезқазғанмен шекаралас «Атанши» аталатын шалғайдағы №1 ферманы 1982-1988 жылдары басқарғанда атағы ауданнан асып, облысқа жетеді. Ферма бойынша әр жүз аналықтан 121-ден қозы өріп, мал басы толық сақталып, өнім мөлшері арытып, сапасы жақсарады. Сөйтіп онбірінші бесжылдықтағы еңбек үлгісі үшін Бүкілодақтық жарыстың жеңімпазы және Ю.Гагарин атындағы Бүкілодақтық сыйлыққа ие болады. 42-партия конференциясында аупарткомның тексеру комиссиясының мүшелігіне сайланады. Кәсіподағының  республикалық 1-сьезіне делегет болып қатысады. Облыстық малшылыр слетінде президумда отырады және баяндамада ферманың табысы аталып өтіледі. Сол «Жіңішкеқұм» кеңшарының өлкетанушысы, тарихшы-ұстаз Үргенішбай Қуатов өзінің «Құт қонған өңір-Қарақұм» атты кітабында: «Атанши» фермасының даңқының көтерілуіне Шындалы Әбдіраманов сүбелі үлес қосты. Ең бастысы – шалғайдағы шағын мекенге ел тұрақтандыру, ол үшін жағдай жасап, күрмеулі мәселелерді тез арада шешеу керек-ті. Жоғарының қолдаумен жаңа мектеп, малшы балдарына арналған 40 орындық интернат, кітапхана, медпункт салынып ондаған тұрғын үйлер бой көтерді, 75 шақырымнан жоғары вольтті электр желісі тартылып, қыстаққа жарық келді. «АН-2» ұшағы да ұшып әуе қатынасы да реттелді. Фермадағы қой саны өсіп 24 мыңнан асты. Бұл – бүкіл кеңшардың жарты малы еді. Міне, осындай білікті басшылық тынымсыз жүріс-тұрыстың арқасында ауыл өміріне үлкен өзгеріс келеді».

Әрине, еңбек кезінде бағаланды. Ш.Әбдіраманов 1988-1994 жылдары кеңшардың бас зоотехнигі міндетін ойдағыдай атқарып, одан әрі аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының орынбасарлығына шақырылады. 16 жыл қыраулы құмшауыттың ыстық-суығына күйіп келіп осы орынға жайлап, сатылап жеткен-ді. Бірақ ол мұнда алты айдан артық отыра алмады. Себебі ол қай қызметке де жоғарғы органның ұсынуымен, арнайы жолдамасымен келген еді. Бұл – жоспарлы экономиканы ысыра келген нарықтың айдаһардай ысқырып тұрған кезі. 1995 жылдың соңына қарай еліміздегі ауыл шаруашылығы кешенінің 93 проценті жеке меншікке өтті. Десе де «Жекешелендіру – мүлде таратып жіберу емес» деген оптимистік ойдағылар шаруаны шашыратпай, бөлшектемей акционерлік қоғамға немесе ұжым қалпында сақтауға қам жасады. Ал сол қоғам не ұжымды басқаратын, көпті айрандай ұйыта алатын кадр қайда? Кіші деген ауылдың өзінде үлкен  проблемалар күтіп тұрды. Талауға түскен кеңшарлардың ішінде ең «Ыстық нүктедегісі» –«Жаңақұрылыс-ты». Бірде Қазалыға, бірде Аралға қараған, алаң-көңіл шет аймақ бұл. «Онда кімді жібереміз?» дегенде таңдау Әбдірамановқа түсті. Жаңақұрылыстықтар оны ұжымдық кәсіпорынның төрағалығына бірауыздан сайлады. Бұл 1995 жылдың қаңтар айы. Осыдан екі ай өткенде, яғни 1995 жылдың 2-наурызында аудан әкімінің «Ұжым төрағасы Ш.Әбдіраманов ауылдық округы әкімінің міндетінде қоса атқарсын» деген бұйрығы жетеді. Әбдіраманов 1997 жылдың желтоқсан айында Сырдарияның бергі жағындағы «Аманөткел» ауылына әкімдікке ауысады. Өйткені, сол жылы «Жаңақұрылыс» әкімдігі таратылып «Аманөткелге» қосылады. Енді ол ірілендірілген әкім қызметіне кіріседі. Мұнда ол 2006 жылдың маусымына дейін қызмет атқарды.

Шындалы мырзаға телефон соғып, кездесу ниетімді білдіріп ем, сұбхаттасуға келісті. Бұл оның  «73-те жасым бар, қай қызметті атқаруға да күшім бар» деп тұрған әлі ширақ жып-жинақы кезі еді. Алғашқы сауалым «жапырағы жайқалған мына саябақтың негізі қашан қаланды болды?».

– Мен өзі 1967-1997-жылдар аралығында,  яғни тұтас 30 (отыз) жыл сыртта жүрдім. Кіндік қаным тамған жерге 49-ымда табаным тиді. Заңды демалысыма дейінгі он бес жылым аралас-құралас «Жаңақұрылыс» пен «Аманөткел» аралығында өтті. Мен «Аманөткелге әкім болып келген 1997 жылдың желтоқсан айы да тым ызғарлы еді. Бюджеттің қалтасы бос-ты. Осы саябақты ойласам да, қол қысқалықтан кідіре бердім. Ақыры 2002 жылдың көктемінде халықты жинап жоспарымды айтып пікірлестім. Олар: «Нар тәуекел, баста»! – деді. Бастадық.

Бюджеттен еш қайыр жоқ. Ең әуелі көлемді аумақты қоршау керек-ті. Жан-жаққа жүгірдік. Ағайын-туысқа қолқа салдық. Арал коммуналдық шаруашылық мекемесінен Тұрсын Сейіткереев, «Аралтұз» комбинатының вице-президенті Л.Бекетов, Аудандық жұмыспен қамтудың басшысы Б.Дабылов, аудан прокуроры Б.Бұйраевтар демеушілік жасады. Осындай көмектің арқасында 500 (бес жүз) дана қада қағылып, 1000 (мың) метр аумақ 6 (алты) қатар тікенек сыммен қоршалды. Су желісінен үш бағытта су келтіруге труба жалғанып, су шүмектері орнатылды. Осылайша саябаққа 2002 жылы – 4325 түп, 2004 жылы – 3000 түп, 2005 жылы – 2865 түп, барлығы – 10 100 түп саялы ағаш тіктік. Оның 436 түбі жеміс беретін ағаштар болды.

– Жас өскінді отырғызуға ауыл тұрғындары қолғабыс берген болар, ал

құбырмен келетін суға төлем қайда?

– Иә, дұрыс. Амалсыздан саябақ ішінен, талдар арасынан 15 жеке

қожалыққа  дақыл салуға ұлықсат бердік. Судың ақысын солар төледі. Қоғадық жұмысқа 2-3 еңбеккер тартылды.

– Қайсы кез еді, осы көгерту-көгалдандырудан  «Аманөткелдің» даңқы шықты ғой?

– Иә, 2005-2006-жылдары, яғни екі мәрте қатарынан облыстық көркейту-көгалдандыру конкурсына қатысып, екеуінде де екінші орынға шығып жеңімпаз атандық. Облыс әкімінің мақтау грамотасы мен ақшалай сыйлығына ие болдық. Осыдан кейін 2006-жылы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу департаментінен қолдау жасалып, бір миллион теңге бөлінді. Біз тағы да саябақты бір гектарға кеңейтіп 3000 (үш мың) түп ағаш ектік. Бүгіндері, яғни 2021-жылдың 1-ші маусымдағы ақпарат бойынша, 6,5 гектар аумақта 12 572 түп ағаш өсірілуде. Қазір саябақты суғаруға (электр энергиясы үшін) және күтімге бюджеттен қаржы қаралып, арнайы штат берілген.

– Сіз 2006-жылдың маусымында  «Жаңақұрылыс» ауылының

әкімдігіне, арада тоғыз жыл өткізіп қайта оралыпсыз. 2007 жылдың 3 сәуірінде сіз барған «Жаңақұрылыста» облыстық семинар өтіпті. Ол қандай іс-шара?

– Онда Сексеуіл көшеттерін егу және  өсіру жайлы пікір алыстық.

Қонақтар жеке кәсіпкер Аманкелді Есімовтың  питомнигінде болды. Сол жылы А.Есімов ауыл-ауылға Сексеуіл көшетінің 42 500 данасын тегін таратты. Және ол 2008 жылы теңіздің құрғаған табанынан 500 гектарына Сексеуіл көшетін отырғызды.

– Ал ауыз судың өзі қасқалдақтың қанындай болып тұрған кезде, Қазалының «Қара арығынан» су алып егіс еккендеріңізге таң қаламын.

– Бұл үлкен хикая. «Қара арықтың» жалпы ұзыны – 66 шақырым. Оның

35-і Қазалының еншісінде. Сырдариядан су алатын сағасы да сонда. Ал Арал ауданына кіретін 31 шақырымынан «Жаңақұрылыс» кеңшары су алып 1989 жылға дейін күріш, бидай және басқа дақылдар екті. Ал 1980-1998 жылдары яғни 18 жыл кеуіп жатқан. 1998-2001 жылдары аз-маз су жылт еткендей болып еді, тағы тоқтады. Содан ауданға, облысқа дабыл қағып, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасынан 2007 жылы 3,5 млн 2009 жылы 10 млн теңге бөлініп, каналдың көмілген тұстары аршылып, бұзылғаны жамалып су тұрақты ақты. Соның нәтежесінде 2010 жылы 80 гектарға егіс егілді. «Сарыкөл» мен «Нарөлген» көлдері толықты. Су келді, демек өмір келді.

Енді бір сәт ойланып көріңізші, оқырман қауым! Әрине, еліне, жеріне жансала еңбек еткендер көп. Бірақ мынандай саябақ, ауданның өзге қай жерінде бар?! Сырдария мен айдынды көлдер маңайына және қырдағы бұлақ басына қоныс тепкен елді-мекендерді санап шығыңыз. Олар баршылық. «Аманөткелдегі» мүмкіндік оларда да болды. Әйтсе де Әбдірамановтай көш бастары  болмағаны-ау! Осылай дүниеге және бір іңгәләп Әбдіраманов келер деп күтіп отыра береміз бе?!

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,

тыл ардагері.

Арал ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<