Тағдыры өзгеше жалғыз ана

1651

0

Елімізде 6 бірдей баласын өз уақытынан бұрын босанған жалғыз ана бар. Ол Алматы қаласының тұрғыны Балхия Балтабайқызы. Көпбалалы ана тұла бойы тұңғыш қызын 2010 жылы дүниеге әкелген. Нәрестесінің салмағы 900 грамм болып туылған. Самал есімді қызы бүгінде 11 жаста болса, одан кейін тағы бес қарлығашты дүниеге әкелген. Бір қызығы баолық сәбилердің туғандағы салмағы 1 келіге жетпейді.

– Бұл менің өзгелерге ұқсамайтын ерекше тағдырым! Сонысымен өмір мен үшін құнды. Ең бірінші Алланың, одан кейін дәрігерлер мен өзімнің табандылығымның арқасында өз уақытынан дүниеге келген қызғалдақтарымды аяққа тұрғыздым. Маған көмектесетін де ешкім болмады.  Әр қызымның арасы екі жыл. Мамандығым программист, қазір заман талабына сай нейро тренермін. Әлеуметтік желі арқылы өзім секілді уақытынан бұрын босанған аналарға кеңес беремін. Біле білсек, адам миының мүмкіндігі  шексіз. Оны түрлі жаттығулар жасай отырып, жетілдіріп, күнделікті өмірімізді жеңілдету үшін пайдалана алсақ, барлығы оңай болар еді. Қазір қоғамда адамдар түймедей нәрсені түйедей мәселе етіп, уайым-қайғыға салынып кетеді. Дұрыс ойлай білудің қандай керемет екенін барлық адам білсе екен деймін. Бала күтіміне берілген уақытты пайдаланып, қыз-келіншектерге арналған кітап жазудамын. Бұйырса, жақында жарыққа шығады.– дейді біздің кейіпкеріміз.

Бір бойында бірнеше қасиеті бар Балхияның өмірі көпке үлгі. Спортпен айналысып, скрипкада ойнайтын көпбалалы ананың қыздары да таэквандодан сары белбеу иегері. Кесте тігер қыздарының бойындағы қайсарлық пен ерік жігер анасынан берілген. Өзгеге ұқсамайтын тағдыр иесінің торсықтай ұлды болуына тілекшіміз!

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<