Тақырыпқа сәйкес қабылдау өтті

921

0

Облыстық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде сот орындаушылар мен коллекторлардың қызметтеріне қатысты тұрғындардан түсіп жатқан шағымдар бойынша тақырыптық қабылдау өтті.

Қабылдауға алдын ала жазылған сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы хабардар болған азаматтар да келіп көкейдегі сауалдарына жауап алды.

Солардың бірі – көп балалы ана Н.Тәуекелова. Ол банк алдында қайтыс болған жолдасының қарызы бар екенін және оны банк өзінен өндіруді талап етіп отырғанын айтты. Аталған мәселе бойынша тиісті сала өкілдері тұрғынға жолдасының мұрагерлігі туралы құжат берілмейінше оның несиесін төлеуге еш негіз жоқ екенін және жолдасының зейнетақы қорындағы қаражаты берілген жағдайда банк алдындағы қарызды толық өтеу құқы бар екенін түсіндірді.

Ал, келесі бір азаматша 3 банктен онлайн несие алып, карантин кезінде оны өтей алмаған. Нақты кезеңде қарызы 650 мың теңгені құрайды. Құжаттары коллекторлық қызметке өтіп кеткендіктен барлық есепшоттары бұғатталған. Жаны қиналған жан несиені жағдайы келгенше төлейтіндей етіп, төлем кестесін жасап берсе деген өтініш білдірді. Мәселені зерделеу барысында өтініш иесі құжаттары қандай коллекторлық мекемеге өткізілгендігінен де бейхабар екендігі анықталды.

«Бүгінде облыс бойынша 150-ге жуық коллекторлық мекемелер тіркелген. Олардың қайда орналасқандығын іздеп табу да сізге қиындық туғызады. Алдымен коллекторлық компанияны анықтап, олардың электрондық мекен- жайына мәселеңізді жазбаша өтініш ретінде жазуыңыз қажет»-деді ана өтінішіне толық қаныққан қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің облыстағы басқарма өкілі Мұрат Салманов.

Жалпы қабылдауға несие алып, кейін оны төлей алмағандықтан еңбекақы, жәрдемақы алатын есепшоттарының бұғатталып қалғанына шағымданып бірнеше тұрғын келді. Әрине, заң баршаға ортақ. Сол себепті де азаматтардың барлығына тек заңнамалық тұрғыда кеңестер беріліп, оларды шешудің нақты жолдары түсіндірілді.

Қабылдауға қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Қызылорда облысындағы басқармасы мен Әділет департаментінің өкілдері, сот орындаушылар қатысты.

Жалпы облыс бойынша ағымдағы жылдың 2 айында партия филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 635 азаматтан өтініш түсіп, олардың 45 пайызы оң шешімін тапқан.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<