Төретам кентінде Жәрімбет би атына көше берілді

847

0

7 мамыр – Отан қорғаушылар мерекесі күні Қармақшы ауданы, Төретам кентінде Жәрімбет би атына көше атауы берілді.
Аталған салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек және Байқоңыр қаласы Әкімшілігі басшысының орынбасары Тимур Вербицкий қатысып, құттықтау сөз сөйледі.


Түбі бір түркінің ортақ тұлғасы Қорқыт баба жатқан жер, адамзат алғаш аспанға аттанған Байқоңыр ғарыш айлағы орналасқан Қармақшы барша Қазақстанның мақтан тұтар мекені. Қасиетті өлкемізден шыққан ақын-жыраулар, батырлар мен әулие-әмбиелер – өлке тарихының алтын көмбесі.


Солардың бірі – халық тағдырын өз тағдырынан жоғары ұстаған Жәрімбет әулие. Көзінің тірісінде Жәрімбет би-әулие Төретам кентінің аумағына өз ұрпақтарын қоныстандырып, келешекте бұл жерде дүние жүзіне танымал, үлкен қала болатынын айтып кеткен. Бүгінде қанатын кеңге жайған баба ұрпақтары еліміздің дамуына адал қызмет атқарып келеді.


Әулие аты берілген көше Төретам кентінің кіре беріс көшесінен Жанқожа батыр көшесінің қиылысына дейінгі аралықтағы 461 метрді қамтиды, сонымен қатар кенттегі инфрақұрылымы жақсы дамыған орталық көшелердің бірі.


Шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Мереков, әулие ұрпақтары атынан облыстық мәслихат депутаты Ә.Шаймағанбетовтер сөз сөйлеп, абыз ақсақал батасын беріп, «Жәрімбет би» атындағы көшеге қойылған стелланың лентасы қиылды.


Шара соңы аудандық мәдениет саласы қызметкерлерінің жыр шашуына ұласты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<