Той тойлағанша, ойлансақ етті

1006

0

Бүгінгі әлем аласапыран. Жұмыр жер бетінде болып жатқан күтпеген тосын оқиғалардың сан алуандығы соншалық, оларға ойлы дегендердің өзі байыпты бағасын беруге дәрменсіз болып барады.

Әлемдік ұлы держава басшыларынан бастап, дүниенің тағдыры үшін жауапты дегендердің өзі ақылды, уәжді сөзге тоқтамай жатқан осындай бұлыңғыр, күрделі дәуірге баға беруге қазір шындығында ешкімнің құлқы да, ынтасы да жоқ сыңайлы.


Бірақ өмір біздің түсі­ні­гімізден, ойлағанымыздан өте күрделі, қаншама енжар, нем­кетті болсаңыз да, сол жаратылыстың керемет ақыл мен ой жемісін сыйлаған пендесі – адамның әлгі құбы­лыстарға араласуын қалайды.

Олардың қатарында адамзат баласы туғызған бүкіл қоғам­дық формациялар мен мемле­кеттердің тарихында басшы тұл­ғалардың алатын орны ерекше. Ел қиналғанда, тіпті соңғы үмітті үзгенше ел бастайтын тұлғаларға сүйенеді, орынды, уәжді, есті сөзіне зейін қояды.


Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан жыл астам уақыт бұрын «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «…Біз мемлекет ретінде де, ұлт ретінде де бір орында тоқтап қалмауымыз керек. Ондай жағдайда ел тоқырауға ұшырайды. Оның зардабы мемлекетімізге тиеді. Ауыр тиеді. Ащы да болса айтайын, біз – қазақтар, осындай алмағайып күрделі әлемде, түптеп келгенде, ешкімге соншалықты қажет емеспіз. Өз мемлекетімізге ғана қажетпіз. Осы бір қарапайым қағиданы ешқашан естен шығармауымыз қажет. Әлемдегі Қазақстанның жетістігін көре алмайтын, «мысықтілеу» саясаткерлер, тіпті мемлекеттер де біз­ден алыстап кеткен жоқ, маңайы­мыздан ұзамай, әр қада­мымызды бағып отыр. Сондықтан елімізді өркен­дету, көркейту тек қана өз қо­лымызда. Біздің осындай сындарлы сәтте қателесуге еш қақымыз да, құқығымыз да жоқ. Және мемлекет құрушы ұлт ретінде бұл мәселені бірінші кезекте өзіміз терең сезінуіміз қажет. Өйткені қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» деді.


Өмір бойы қызметі бойын­ша астарлы, ойлы сөй­леу­ге, жұмбақтап айтуға дағ­ды­ланған Президент барлық дип­ло­матиялық этикетті жиып қойып, бізге өмірдің бүгінгі күрделі сипатын осы­лайша тура баяндады. Мем­лекет басшысы, шын­дығында, ойындағысын айтты. Тарихқа, кешегі күнімізге ойлы, саналы көзқараспен баға бере алатын мемлекеттік тұлға ретінде айтуға мәжбүр болды. Ойланатын, мықтап толғанатын жағдай. Біз шындығында кімге керекпіз?


Тарих дегеніңіз қызық. Де­генмен, ол бізге сан алуан шым-шытырық оқиғалармен емес, ең алдымен, өткеннен тағылым, сабақ алуымыз үшін қажет деп ойлаймын. Бұл тұрғыда бізге өкінішке қарай, ойланатын түйт­кілдер толып жатыр. Тарих­пен бірге адам болмысы да қызық. Ол кешегісін тез ұмы­тады. Ұмытқаны соншалық, жаңа қателіктерге ұрынады, Жаратқан ие пендесіне кейде кешіріммен қарайды, бірақ әрдайым осылай бола берсе кәнекей?!
Қазақ патшалық Ресей, кеңес империясының құрамында болған дәуірді есептегенде өзінің құрылған дәуірінен бергі кезеңде 5 ғасырдан астам уақыт өмір сүріп келеді. Тарихқа үңілсеңіз, сол 1460 жылдан бергі уақытта көрмеген қасіреті жоқ. Үш ғасыр ойрат, жоңғар, қалмақтармен, қалай атасаңыз да ықтиярыңыз білсін, жер бетінде тірі қалу үшін жан аямай арпалысты. Бұған кейінгі Хиуа, Қоқан хандығында, патшалық Ресей бодандығында болған жылдарды қосыңыз.
Айталық, салыстырмалы түрде қазақ жаугершіліктен сәл де болса тыныс алған қысқа кезеңдерде не істеп, немен шұғылданған? Бұл орайда, мысал үшін, Абай өмір сүрген ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы оқиғаларға тоқталайық. Сол оқиғалардың кешегі пандемия күйзелісі басталғанға дейінгі – бүгінгі жаңа қазақтардың өміріне тым ұқсас болғанын білесіз бе?!


Намыстан өртеніп кете жаздайсың, бірақ шындықты мойындамасқа тағы амалың жоқ. Себебі біздің мақтаншақ, даңғой екенімізді талайлар айтып кетті. Оның мысалын мыңдап келтіруге болады. Бір мәдениет қайраткерінің желі­дегі жазбасынан келтірейін. Ол белгілі адамдардың жазға­нына сүйене отырып, ХІХ ғасырдың басындағы оқиғаны былайша баяндапты: «Бір ғана Нұрмағанбеттің дәулетін оның әкесі Сағынайға жасаған асынан көреміз. Сәкен Сейфулиннің «Тар жол тайғақ кешуінде» Сағынайдың дәу­­леті сөз болады. Ілияс Жансүгіров­тің «Құлагер» поэма­сында, Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері­сінде» аталған астың ауқымы мен оған кеткен астатөк байлық суреттеледі. Нұрмағанбет, паң Нұрмағанбет болыс болған. Үлкен болыс басқарған. Паң Нұрмағанбеттің әкесі Сағынай», – дейді әлгі оқымысты.


Содан кейін «…Тіпті кей деректерде үнді жерінде бой көтерген Тәж-Махал кесе­несіне жұмсалған қаржы­дан Сағынайдың асына жұм­салған дүние асып кетеді. Қазақ даласының дәулетін суреттейтін мұндай ас жер-жерде болып отырған. Сағынайдың асы 1886 жылы өтіпті. Ол асқа 500 ақ үй тігіліп, оған 500 бұқар кілем ілінді. 5 тонна шәй әкелініп, жаңа ыдыс-аяқтар Ташкент пен Қазан қалаларынан алынды. 10 мың көрпе-жастық, қонақтарға сыйлауға 500 бұқар шапаны әкелініп, Сібірден 500 бағалы аң терісі алынды. 20 мың қой, 100 жылқы сойылды…» деп қорытындыланған жаңағы жазба.


Ақмола облысының Ақсу руднигі (қазіргі Степногорск қаласының аумағы) маңында дүниеге келіп, сол жерде мәңгілік қонысын тауып, ел «Паң Нұрмағанбет» деп атап кеткен Нұрмағанбет Сағынайұлы (1848-1925) қоғам қайраткері, асылтұқымды жылқы өсірген ірі бай, саят­шы, ұлттық этнографияны жаңғыртушылардың бірі екен. Меккеге төрт рет барып, өз қаражатына Шам (Дамаск) шаһарынан қажылыққа қазақ елінен келушілер үшін арнайы үй сатып алған. Ресейдің болашақ патшасы II Николайды Омбыда қарсы алу рәсіміне қатысып (1891), тақ мұрагеріне 1000 бас жылқы үйірін, кейін Нижний Новгород, Париж жәр­меңкелеріне қойылып, қазір Санкт-Петербургтің Эр­­ми­­та­­­жында тұрған киіз үйді жасау-жиһазымен сый­ға тартқан. II Жалпы қазақ-қырғыз съезіне (1917, Орын­бор) қатысып, Алаш қоз­ға­­лысына қаржылай көмек көрсеткен. Алаш жұртының аяулы азаматтарының бірі паң Нұрмағанбет туралы сөз бола қалса көп жағдайда, өкінішке қарай, оның ел тарихында осындай бедерлі із қалдырған іс-әрекеттері айтылмайды да, ең алдымен, әкесі Сағынайға берген асы тілге тиек болады. Мұның да жөні бар шығар. Өйткені, Ақан серінің желдей жүйткіген Құлагеріне осы аста қастандық жасалып, соңы қазақ даласын дүр сілкіндірген қайғылы уақиғаға айналғаны рас. Содан бері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, Ақан тұлпарының кенеттен қаза болуына нақты кім кінәлі деген сұрақ төңірегінде ашылмаған сыр, шешілмеген түйін әлі де бар екені жасырын емес. Біздің пайымдаумызша, паң Нұрмағамбет зиялы адам болған. Бірақ өмір, тарих өтке­лектері әрдайым күрделі. Енді өткенге тоқталайық. Сол тарих қазақ үшін өте ауыр болған.


…Ұлттық қауіпсіздік сала­сының ардагері Амантай Кәкен 2004 жылы Алматыда шыққан «Северо-Казахстанская область» деген энциклопедияда В.Черниковтің «Құл саудасы» деген мақаласы жарияланғанын айтып, одан деректер келтіреді. Автордың айтуынша, Сібір аймағында (бұған қазіргі елі­­міздің солтүстік өңірі де кіреді) құл саудасымен айна­лысу 1737 жылы орыс­тың әйел патшасы Анна Иоан­ов­­наның жарлығымен заң­дас­тырылған екен. Қазақ хал­­қының жоңғарлармен үз­дік­сіз қақтығысы, Хиуа хан­дығының орыс иелігіндегі жерлер мен қазақ ауылдарына дүркін-дүркін шабуыл жасауы жауласқан екі жақтан тұтқынға түсіп, құлға айналғандардың санын көбейте түсуіне себеп болған. Жұт жылдары кедейленген қазақ отбасылары өлімнен құтылу мақсатымен балаларын құлдыққа сатты. Кейін патшаның қарамағында басыбайлы кісілері бар адам­дарға құлдарды сатып алу немесе оны тауарға айырбастап, соңынан шоқындыруға құқық берілген. Ал орыс селосын толықтыру үшін қазақ қыз­дарын сатуға ХІХ ғасырға дейін рұқсат етілген.
Қазақ халқының сол кездегі өте ауыр жағдайын отар­лаушы билік те жақсы біл­ген. Айталық, сол кездегі Ресейдің Александр І патшасы Орынбор губернаторы Вол­конскийге жазған хатында (25 мамыр 1808 ж.) «Орынбор маңындағы көшіп-қонып жүр­ген қазақтардың жағдайы өте ауыр, сондықтан олар қарақ­­шылықпен айналысса, екін­­шіден, күн көру үшін балаларын Хиуаға апарып сатуға мәжбүр» деп жазылған.


Осыған байланысты бо­лар, сол жылы орыс өкі­меті Ресей құзырындағы басы бос азаматтарға қазақ бала­ларын сатып алуға немесе айырбастауға құқық берген. Алайда мұндай құлдар жасы 15-ке жеткенде бостандыққа шығарылатын көрінеді. Мұның өзі сонша бір қатал да заң емес сияқты. Өйткені осы өкім жарық көрместен бұрын қазақтарға, әскери қызметшілерге және басқа да үлкенді-кішілі шенді-шекпенділерге қазақтың әйел­дерін, балаларын күштеп тартып алуға жол берілген.


1819 жылы Александр І патша қазақ балаларын сатуға болатын тағы да заң қабыл­дайды. 1832 жылы жарық көрген А.И.Левшиннің «Қыр­ғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ далаларының сипат­тамасы» деген кітабында «ба­­­зарда қазақ баласының құ­ны 4 немесе 5 қап тары, қыз бала­­ның құны 3-4 қап тары тұ­рады, сонда бір айдың ішінде жүз қазақ баласы сатылды» деп атап көрсетеді.


Қазақ ауылының кедейленіп, азып-тозуына патша үкіметінің өзі қызу қолдау жасап, «әскери барлау» деген құрамаларды пайдаланған. Осындай әскери жасақтар 1830 жылы бір ғана Байбөрі болысынан 12 мың қой, 2000 жылқы, 1500 сиыр, 700 түйені айдап әкеткен. Мұнымен қоймай, олар балалар мен қыздарға қиянат-қысым жасап, оларды тұтқындап, алып кетіп, ал ересек ер-азаматтарды қырып-жойған. 1838 жылы сұлтан Қоңыр Құлжа мен орыс офицері Көшек Қасымов ауылының тоз-тозын шығарып, 21 қыз бала мен 8 әйелді күштеп әкеткен, 25 ер азаматты өлтіріп, 80 адамды түрмеге жапқан. Басыбайлы (крепостнойлық) еңбектерді қолданатын ірі тау-кен зауыттарының иелері мен орыс помещиктеріне І Александрдың арнаулы заңы бойынша қазақ балаларын құлдыққа сатып алуға рұқсат етілген. ХІХ ғасырдың басында, бір айдың ішінде 100 қазақ баласы әрқайсысы 4-5 қап қара бидай ұнына, ал қыздар 3-4 қап қара бидай ұнына сатылып кеткен.


Қазақ даласын зерттеуші ғалым Г.Н.Потанин өзінің бір жазбасында: «Сібір орыс-казак жасағы Ірбітке құл сату үшін қазақ даласына жиі-жиі жорық жасап тұрған. 1743 жылы қарашада жүзбасы Дороховтың 280 адамдық қарулы отряды қазақ даласына шабуыл жасап, 42 ер адамды құлдыққа сату үшін тұтқынға алып, 812 бас мал айдап кетті» дейді.


Қазақ қыздарын сатып алып күң ретінде ұстау ХІХ ғасырдың ортасына дейін жалғасып келді. Саудаға түскен қазақтардың (1737 жылғы дерек) құны 40 жастағы қазақ әйелі 12 сомға, 30 жастағы жігіт (әйелімен бірге) 1 ат, 1 құлын және 16 сомға, 16 жастағы бозбала 12 сомға, 20 жасар жігіт 15 сомға сатылған. Сол заманда аттың құны – 91,5 тиын болған.


Енді Зияда Ижановтың мына деректеріне зейін қойыңыз.


«1916 жылғы көтерілістің кезінде қазақ халқының көр­меген құқайы аз. Жазалаушы отрядтар, жергілікті казак-орыс­тар зұлымдықтың, айуан­дықтың, қаныпезерліктің, жауыз­­дықтың адам төзгісіз алуан түрлі әрекеттерін жа­сады. Бұған еліміздің Ор­талық мем­лекеттік архив құжаттары толық жауап береді.
Сол халық басына түскен ауыр тауқыметті көзімен көріп, басынан кешіргендердің бірі – Іргебай Далданбаев:


«…Орыстар жолыққан кез келген қазақты өлтіріп, Төте асуында жолға шанышқан ағашқа таңып кетті.


…Ал әйелдерді өлтіріп, баласын құшақтатып кетті.


…Қалмақтар «Бұлақ» деген сайда қыз-келіншек, бала, кемпір-шал демей кез келгенін өлтірді. Қытайлар көштегі көзге түскен сұлу қыз-келіншектерді зорлап алып кетті.


…Ел аштықтан ісіп-кеуіп, жүре алмай, шапқан шөп­тей болып әр жерде, жол жағасында төбе-төбе болып үйіліп қалды. Қалмақтардың иттері өлген адамдардың етін тойғандықтан жемеді.


Әр туырлықтың астында 3-тен, 4-тен өліп қалған жас қыз, келіншек, шалдарды көр­дік. Өлген кісінің басын дома­латып, біріне-бірін ұрып, доп қылып ойнап жүрген қалмақ балаларын көрдік.


…Ал орыстар күнде шабуыл жасап, малды, керекті көрпе, кілем, сәукеле, маржан, тайтұяқ, жамбы іздеп, берсе қо­лынан, бермесе өлтіріп, ал­ғаннан қалған мүлікке өлтірген адамды орап өртеді» деп еске түсірген.


Босқын елдің басынан өткен қырғынды Додабай Сәрсенбайұлы өз естелігінде былай көрсетеді: «…7 мың түтін көшіп, қалмақ жеріне өттік. Текес суынан 7 мың түтін үш күн шұбырып өттік. Суға кеткен қатын-бала судың бетін сең қылды».


«…Қарақиында (Атбасар уезі – З.И.) өткен бір күнгі со­ғыста жазалаушылар көте­ріліс­ші­лерден 11 кісіні өлтіріп, 70 қос, 81 түйе, көптеген киімді олжа қылды. Одан кейін Шашты тауында 50 қораны өртеп, Жан­тайұлын екі баласымен өлтірді. Кешенде 82 қораны өртеп, 27 адамды өлтіріп, талап алған дүние-мүлікті 250 арбаға тиеп, 700-800 ірі қараны айдап кетті» деп жазады оқиғаны көзімен көрген Мұқаш деген кісі.
Сабырбек Қожанұлының естелігіне де назар аударалық: «…Қаны қас орыс мұжықтары әр жерде масақ теріп жүрген адамдарды атып өлтіріп кете беретін болды. Қайнардан 15 шақырым Құрсайда отырған үш үйдегі 21 жанды Шоңқыбай дегеннің үйіне қамап өлтіріп, ақырында өртеп кетті» деп жазған.
Елдің іргесі сөгіліп, Қытайға босқыншылыққа ұшырап, ол жақта да байыз тауып, басына бақыт қонбағаннан кейін, «ел тынышталды» деген хабармен елге оралғандардың да көрген тозағы, тартқан азабы шаш етектен»…


Оқып отырсаң, жаның түр­шігеді. З.Ижанов бұл фак­тілерді өкімет басына келген большевиктердің тергеу мате­риалдарынан келтіріп отыр. Ал одан кейін қазақтардың сол «қызылдардан» көрген құқайын көпшілік жақсы білетіндіктен, белгілі жайттарды қайталауды жөн көрмедік.

Сонда бүгінге дейін қазақ жоғарыда әңгіме етілген ХVIII-ХХІ ғасыр ара­лығындағы 320 жылдың са­лыстырмалы түрде алғанда 50-60 жылын ғана тыныштықта өткізіпті. Кешегі 90-жылдары тәу­ел­­­сіздіктің алғашқы кезе­ңінде қазақ ала дорбасын ар­қалап, тағы безіп кетті. Содан 15-20 жыл дегенде, дәл айтқанда, 2006-2008 жылдары ес жиды. Бұл ес жию қазақтың дарындылығы мен еңбекқорлығынан пайда болған жоқ. Мұнай бағасы кешегі 2019 жылға дейін сәл-пәл ауытқығаны болмаса, ұдайы көтеріліп, 2015 жылдары барреліне 150-180 долларға жетті. Астатөк байлықтан естен тандық, ақшаның көп­тігі соншалық, ол бюджет қа­занының ернеуінен асып тө­гілді. Коррупция белең алды.


Әрісін айтпағанда, қазақ соңғы үш ғасырдан астам қасіретке толы ғұмырының ты­ныштықта өткен 50 жылын той-думанға, орынсыз ша­шылуға арнапты. Кешегі 2000-2019 жылдары үрім-бұ­тағын дәріптеуге арналған басқосулардан, әртүрлі мақ­сат­тағы той-томалақтан бір арыла алмадық. Тұп-тура осыдан 150 жыл бұрынғы Нұрмағанбеттің әкесіне жасаған асындағы жағдай тағы қайталанды. Бү­гінгі қазақ ХХІ ғасырға қадам басты. Әлем өзгеруде. Біз әлі де той тойлап жатырмыз…


Бір мәдениет қайраткерінің желіде жазбасынан келтірейін. Ол белгілі адамдардың жазғанына сүйене отырып, ХІХ ғасырдың басындағы оқиғаны былайша баяндапты: «Бір ғана Нұрмағанбеттің дәулетін оның әкесі Сағынайға жасаған асынан көреміз. Сәкен Сейфулиннің «Тар жол тайғақ кешуінде» Сағынайдың дәулеті сөз болады. Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасында, Сәкен Жүнісовтің «Ақан серісінде» аталған астың ауқымы мен оған кеткен астатөк байлық суреттеледі.

Нұрмағанбет, паң Нұрмағанбет болыс болған. Үлкен болыс басқарған. Паң Нұрмағанбеттің әкесі Сағынай», – дейді әлгі оқымысты.

Әрісін айтпағанда, қазақ соңғы үш ғасырдан астам қасіретке толы ғұмырының тыныштықта өткен 50 жылын той-думанға, орынсыз шашылуға арнапты. Кешегі 2000-2019 жылдары үрім-бұтағын дәріптеуге арналған басқосулардан, әртүрлі мақсаттағы той-томалақтан бір арыла алмадық.

Тұп-тура осыдан 150 жыл бұрынғы Нұрмағанбеттің әкесіне жасаған асындағы жағдай тағы қайталанды. Бүгінгі қазақ ХХІ ғасырға қадам басты. Әлем өзгеруде. Біз әлі де той тойлап жатырмыз…

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<