Тоқсандағы қарт бабам топқа жаяу бармағай…

2012

0

Қазан айы – күздің берекелі мезгілі. Ағаш басындағы жемістің бәрі ақ дастарханға түсіп, қызыл егін қамбаға құйылған кезең. Бұл мезетте күз секілді жомарт жүрек қарттардың да қуанышы еселене түседі. Халықаралық қарттар күні мерекесі аталып өтіледі.

Біз осы айтулы күннің қарсаңында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Серік Әбішұлы Дүйсенбаевқа жолығып, екі-үш ауыз әңгімеге тарттық.

– Серік аға, мереке құтты болсын. Осы қарттар күні жайында жастарға бір дерек бере кетсек… Жалпы, бұл мереке қайдан шыққан, қазақ күнтізбесіне қай кезден кірді?

– Қарттар күні Еуропа елдерінде бұдан бір ғасыр бұрын-ақ мерекеленіп келген. 1990 жылы Бас Ассамблея 1 қазанды «Халықаралық қарттар күні» деп жария­лады.  Оның басты мақсаты – аз қамтамасыз етілген қарт адамдарға, жал­ғызбасты қарт зейнеткерлер мен мүгедектерге көңіл бөлу, оларға материалдық, әлеу­мет­тік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсету.

Ал, біздің ата-бабаларымыз қартын сыйлау үшін арнайы қарар шығармаған. Қазақтың тәлім-тәрбиесінің бәрі үлкеннің алдын кеспеуге, сөзін бөлмеуге, қартты құрметтеуге құрылған. «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деп қарттардың мәртебесін жоғары тұтқан.

Біздің тұсымыздағы атаулы күн де жаңа айтқанымыздай, сол халық дәстүрін дәнекер қы­лып, қарттардың жанына шипа, деніне дәремет сыйлау­ды міндеттейді. Қарттарға ар­нал­ған мерекелік іс-шаралар өткізіліп, еріктілер та­­ра­пы­­нан қарияларға көмек көр­­се­ті­леді. Әртүрлі жобалар ұй­ым­­­­дастырылып,  мемлекет та­ра­­пы­нан арнайы жәрдем­ақы­лар таға­йындалады.

– Біздің облыстағы қарт­тар­дың жай-күйі қалай?

– Облыс бойынша 74 мың­нан астам ардагер бар. Ардагерлер кеңесі тарапынан солар­дың бірде-бірін назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. Өңірлерде 728 бастауыш ұйым жұмыс істейді. Сол ұйымдардың жұмысын қадағалап, өз ардагерлері мен қарттарына қай дәрежеде көңіл бөліп отырғанын көреміз.

– Осы жұмыстар пандемия кезінде біраз іркіліске түскен шығар?

– Қарттарға құрмет көрсету – қай кезде де жүргізіле беретін жұмыс. Осы кезеңде облыс әкім­шілігінің қолға алуымен мемле­кет және қоғам қайраткерлері Сейіл­бек Шаухаманов пен Ыдырыс Қалиевқа Қызылорда төрінен ес­керт­кіш мүсіндер қойылды. 75 жасқа толған ғалым-ұстаз Бақберген Досманбетовті облыс әкімі арнайы қабылдап, сый-сияпат көрсетті. Бұл шаралар күллі қарт­тардың мәртебесін өсірді. 

Әрине, коронавирус індеті – күллі әлемнің иығына түскен салмақ. Ардагерлер, елге аты белгілі қарттар карантин ке­зеңінде елді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бірлікке ша­қырып, карантин талаптарын сақтауға, той-құдайыны шағын көлемде, жақындарымен ғана атқаруға үндеді. Аяғы жететін жерлерде, ауыл ішінде қарттар жұрттың бой түзейтін төбе биіне айналды.

Ал, карантин жеңілдетіл­генде қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты зейнеткерлер мен мүгедектерге қызмет көрсету орталығы санитарлық талаптарды сақтай отырып, отыз бес қарт кісінің ем алуын, демалуын қамтамасыз етті. Оларды демалыс күндері Қожа Ахмет Ясауи, Арыстанбаб, Укаша ата секілді әулиелі жерлерге алып барып, мінәжат жасауға, бой жазуға жағдай туғызды.

– Ал, бүгінгі келген мерекеге сай қандай шаралар бар?

– Пандемия салдарынан көп жоспарларымыз іске аспай қал­ды. Алайда, қарап жатпа­дық.

Осы мерекеде ардагерлер кеңесі тарапынан 70, 80 жас­қа толған ардагерлері­мізге, қо­ғамдағы бел­сенді қарттары­мыз­ға арнайы құт­тық­таулар жі­бердік. Олар «Қы­зылорда об­лысының құрметті ар­дагері» төсбелгісімен марапатталып, ардагерлер кеңесінің құрмет гра­мотасымен, алғыс хаттарымен мара­патталды.

Мен осы заттардың бәрін көлік арқылы жөнелттім. Оны жергілікті ұйымдар күтіп алып, тиісті кісі­лерге табыстайды.

Мереке күніне орай облыс, қала, мекеме, ұжым басшы­лығынан басқа да марапаттар болады.

– Сырдың бойындағы барша ата-әжелерімізге газет арқылы қандай тілек біл­діресіз?

– Еліміз тыныш болсын, хал­қымыз аман болсын.

«Тоқсандағы қарт бабам топқа жаяу бармағай» деп Бұқар жырау айтқандай, қарттарымыз бей­біт өмірдің бақытынан бал татып, бейнетінің зейнетін көрсін. Ке­шегі қиын замандарда халқына сүйеу болып, қара терін төккен ақ­са­қалдарымыз бен ақ жаулықты әже­леріміз аман болсын!

Қарттарым, аман-сау жүр­сін.

– Айтқаныңыз келсін, аға.

Әңгімелескен

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<