Ұлағат иірімдері

1834

1

Бүгінгі жеткенің үшін-кешегі  өткеніңе  қарыздарсың.

Арманмен  атар таңы,

Ақ  қанат  балапанды,

Түлеткен  қыран  қылып,

Құрмет  тұт, ұстаздарды.               

Осы  өлең жолдары  жадымызда  жаңғырған сайын, кешегі  кекілді  балаң  шағымыздан  бүгінгі  азамат  болып, ат жалын  тартып  мінгенге  дейінгі  кезең  көз  алдымнан  тізбектеле өтеді. Осы аралықта  жеткен жетістіктеріміз, алған биіктеріміз, көрген  құрметтеріміз  ұстаздарымыздың  тәлімді   тәрбиесінен, өлшеусіз  еңбектерінен  болмысымызға  сіңіп, тұлға   қылып  қалыптастыруынан.

Қызылорда облысы, Сырдария  ауданы, Шаған  ауылының  №37  орта  мектебінің  бірінші  сыныбына  барғанымызда  бізді  білім  ордасының табалдырығынан  күтіп  алған  ең  алғашқы   ұстаздарымыз   Дәментай  Отарова, Сматова  Шолпан, Асқарова  Гүлмира апайларымыз  еді.  Олар бізді жаңа ортада  сүріндірмей  жетектеп, болашаққа  жетеледі. Қолымызға  қалам  ұстатып, ақ  қағазға  маржандай   жазу  жаздырып, әліппе аштырып, әріп  жаттатқан   ұлағатты  ұстазымыздың  күлімсіреп  тұрған   бейнесі  сол  қалпында   жүрегімізде, көкірегімізде  жатталып  қалған.  Төрт  жыл бойы  анамыздай аялап, бастfуыштың  баспалдағынан  нық  бастырып, келесі  кезеңге  шығарып  салғанын  еш  уақытта  ұмытпақ  емеспіз.

Ал, бізді  құшағын  аша, ұстаздық  мейіріммен  қарсы алып  бесінші   сыныптан  бастап  түлеп ұшқанша  қауырсыны  қатпаған  ақ  қанат  балапан кезімізден  қыранша  тәрбиелеп, өмір  көгіне  еркін  самғауға  баулыған   Мырзағали  Қыстаубаев  ағайымыз  еді.

Воронежден  жоғары  оқу  орнын  бітірген, бойында  Еуропалық  өркениет  пен Азиялық  әдептілікпен қатар  өрілген  білімді  де бекзат  жанның  мейіріміне  бөленіп,  тәрбиесінде  болып, өнегесін  үйренгеніміз  біз  үшін  тағдырдың  арнайы  берген  сыйы  деп білеміз.

Орысша-қазақшасы  бірдей, жалындап тұрған жас маман, өзінің  жоғарғы  оқу  орнының  қабырғасынан  бойына  сіңірген   барлық асыл қасиеттерін,өнері мен  білімін  бізге  үйретуден  аянып  қалған емес.  Өзінің  жүріс-тұрысымен, киім киісімен, сөйлеу мәнерімен де біз үшін  ұстаздықтың, азаматтықтың  эталоны  болды. Мырзағали  ағай  жетекшілік  ететін  біздің  сынып ұйымшылдығымен, білімділігімен, жалынды жігерліліктерімен өзгелерден  озық  тұрды. Сынып  бөлмесінің  өзі  ең таза, көрнекі  құралдарға  бай, безендірулері  көрген  жанды таң  қалдыратындай  ерекше  еді.Соның бәрін  ұстазымыздың  үйретуімізбен біз өз қолдарымызбен жасадық.Ойымыздағыны  жүзеге асыруға  бір нәрсе  жетпей қаржыға  қарап қалатын болсақ, ағайымыз  өз қалтасынан  қиналмай-ақ шығарып,жетпесімізді  жеткізіп,үзілгенімізді  жалғап жіберетін. Небір мазмұнды,мағыналы іс шараларды  тыңнан тауып, оны түрлендіріп  жүзеге асыратын. Соның  арқасында  бәріміз де сценарист, режиссер, ұйымдастырушы, орындаушы, жүргізушы  болып қалыптастық. Мұндай  жұмыстардан  бірде бір оқушы шет қалмайтын. Әр баламен  жеке дара  сөйлесіп, оны қарым-қабілеті мен  мінез құлқына қарай  жұмсайтын.Ұлды ұлдай қызды  қыздай тәрбиеледі. Әдептен аттамауды, салт-дәстүрімізді қадірлеуді,  қазақи қасиеттерімізді   құрметтеуді санамызға сіңірді.  Балаларға  өзінің  бар білгенін үйретуден еш уақытта   жалыққан емес. Соның  арқасында  біздің  сыныптың  әрбір оқушысы  сан  қырлы  тұлға болып қалыптасты. Жасөспірімдердің  өтпелі  кезеңдерінде  оқушылар арасынан  «қиын балалар»  дегендер  көрініс  беріп қалатын болса, біздің  сыныпта  ондай  оғаш  қылықтар  болған жоқ. Өйткені  ешкім де  ортадан  жырылып  кетпейтін.Ағайымыздың  сабағын да сабақтан  тыс  уақыттағы  біздермен өткізер  қоғамдық   жұмыстарын  да  қызықты  қылып  өткізетіні  соншалықты оқушылар  ойынға, далаға емес,  мектепке  асығып тұратын. Өнерпаз да, спортшы да, әр түрлі пән олимпиадасының  жеңімпаздары да бізден шықты. Қысқасы ұстазымыз  өзі қандай  болса  біздің  бәріміз  де дәл  сондай  болып тұлғаландық. Заман ырғағына   қарай  бидің  де түр түрін ағайымыздан  үйрендік. Сан қырлы ,өнерлі, өнегелі болып өстік.

Бізді  ауданның,облыс орталығының  көрнекті жерлеріне, тарихи орындарына апарып  дүние танымымыздың  кеңейуіне де оң әсер ететін. Осындай  бір  кезекті  саяхат кезінде  Қайнар  Олжайдың   «Президент  пырағы »   деген  кітапты  сыйлап, әрқайсысымызға  өлеңмен  қолтаңба   бергені бір  ұмытылмас  қызықты сәт болып қалды.

Мырзағали ұстазымыздың  идеясымен мектептің рухани  өміріне  турнирлер, сайыстар,байқаулар енді. «Жалғыз ағаш  орман емес»  дегендей  Мырзағали  Жақсылықұлы  бізді оқытқан  тәрбие берген,білім нәрімен  сусындатқан жеке  дара ұстаз емес еді. Ағайымызбен  бірге  қанаттаса  өздерінің  бар  өмірлерін бала  тәрбиесіне,еліміздің  жарқын  болашағын  жасауға  арнаған  ұстаздарымыз:  Әйтенов Нағыман, Алдабергенов Нұрлан,Сырлыбаева Балымжан,Ысқақов Асқар, Әбілқасымов  Рахман,Тәуекелова  Гүлсара, Балапанова   Жаңагүл,Әлібаева  Сәлима,Сәтбаева  Гүлсім,ӘбутәліповБақтияр,Ташенова Гулсина,Бижігітова  Гүлнар,Үстемірова  Дамиля, Шенеуова  Назгүл,Хансейітова Рабиға,Мекебаев  Бақыт,Жансейітов  Жұман,Тәуекелов Дүйсенбек, Исақызы Қымбат, Нүркенова Манат,Рысқұлова Айгүл,Бексейітова  Роза,Әбенов  Дархан,Боранбаева Гүлшат  апай  ағайларымыз еңбек етті. Талай түлекте  қанаттандырып ұшырды. Біз үшін  осыншама  қымбат  жандарды  ішінде  сынып  жетекшіміз  Мырзағали  Қыстаубаевтың  орны ерекше.

Өзі  физика  пәнінің   мұғалімі  болғандықтан  Мырзағали  ағай  бәрімізге  физика- математика  ғылымының  қыр-сырын  барынша ұғындырды. Бесінші сыныпта  көбейту кестесін  бес саусақтай  жатқа білетін болсақ, жетіншіде  барлық  физикалық  формулаларды айтқанда ешқайсысымыз  да мүдірмейтін едік. Өз  мамандығының  бүге шүгесіне дейін жетік білетін ұстазымыздың арқасында  оқу үздіктері, «Алтын медаль», грант иегерлері шықты. Шәкірттері Қазақстанның  түкпір-түкпірінде   ғана емес көршілес Ресей елінде де оқып жатыр.

 Біздің  сыныптың   оқушылары  – Ішкі  Істер  Министрлігінің   подполковнигі, сот саласының айтулы  маманы,мемлекеттік  қызметшілер,  облысымызға белгілі  ірі кәсіпкерлер, дәрігерлер мен педагогтар, банкирлер мен есепшілер тағы да басқа  сала  майталмандары- еліміздің  өсіп өркендеуіне  өз  үлестерін  қосуда.

Қазіргі  таңда   жаста болса бас бола білген Жаңабаева   Ғалия   бүгінгі   күні  өзіміз  он бір жыл  білім алған № 37  мектеп лицейдің директоры. Осы орайда  алтын  ұямыздың  даңқы  күллі  Қазақстанға  танылып,шәкірттері  төрткүл  дүниеде   ауылымыздың   мектебіміздің  атын  шығара беруіне  тілектеспіз.

Мырзағали  ағайымыз  тек балаларды  баулып қана қоймай өзі де жоғарғы  жетістіктерімен  үлгі еді. ҚР Білім және Ғылым  министрлігінің,облыстық білім департаментінің,аудандық білім бөлімінің тағы да  басқа салалардың  Құрмет Грамоталарымен,Алғыс хаттармен  марапатталды. Бұдан басқа  да түрлі сайыстар мен байқаулардан  алған   жүлделері өз алдына бір төбе. Міне  біз  осындай  ұстаздың  ұлағатын  көріп,  он  бір  жыл  оқып, түлеп ұшқанымызды мақтан тұтамыз. Бүгінде ел  ағасы  болар жасқа келіп отырған  ұстазымызға  шәкірттік  алғысымызды  білдіріп, тағзым етеміз.

Шаған  ауылының  №  37   орта мектебінің

                                                                           11 «Б»   сыныбы

2001 жылғы  түлектері

                                                        Сырдария ауданы, Шаған ауылы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<