Жарқын болашақ бастауы

1263

0

Білімді ұрпақ – ел ертеңі, кемел келешек кепілі. Ендеше жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәр­бие беру аға буынның парызы.
Елбасы Жолдауында жаһан­дануға бет алған ғылым мен технология заманында әлемдік көштен қалып қоймас үшін жаңа мақсаттар белгіленген. Бұл әсіресе, білім саласына бағытталғаны белгілі. Мемлекет басшысы «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс» деп атап өтуі осының дәлелі.
Жолдауда сондай-ақ, цифр­лық жүйені ендіру мәселесі көтерілген. Бүгінде білім саласында цифрландыруға байланысты ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, мектептердің барлығы компьютерленіп, заманауи технологиялар қолданылуда. Сонымен бірге, электронды күнделік жұмыстан қолы босамайтын ата-аналар үшін игі бастама болып отыр. Бүгінде қала мек­тептері, оның ішінде өзім еңбек ететін білім ұясы да электронды күнделікке көшкенін айтуға болады. Өзім жетекшілік ететін сыныпта оқушыларымның барлығының дерлік электронды күнделігі жасалған. Сол арқылы ата-аналар балаларының оқу үлгерімін қадағалай алады. Сонымен бірге бұл ата-анамен байланыс орна­тудың да тың тәсілі болуда.  
Тарихи құжатта сондай-ақ, орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшудің қолға алынғаны, оның 2021 жылы аяқталатыны да тілге тиек етілген. Бұл түсінікті де. Себебі, ғылым мен білім инновациясы озық мемлекет ғана дамудың даңғыл жолына түсіп, жарқын өмір сүрмек. Бүгінде тек біздің елде ғана емес, дүниежүзі білімге көңіл бөлуде. Өйткені, Жолдауда айтылған адами капиталды жақсартудың негізі – терең білімде.
Елбасының Жолдауда айтқан әрбір ойының астарында үлкен мән жатыр. Барлық идея 100 нақ­ты қадаммен ұштасып, елімізді дамыған мемлекеттердің көшіне қарай бастары белгілі.
Мемлекет басшысының ағым­­­дағы жылы жариялаған «Бес әлеуметтік бастамасы» осы жоға­рыда айтқан «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдаумен астасып жатқаны белгілі. Елбасы бұл бастамада биылдан бастап 54000 мемлекеттік грантқа қосымша тағы да 20000 білім грантын бөлетінін айтты. Сондай-ақ, студент жастарға арнап жатақханалар салуды тапсырды. Президенттің бұл бас­тамасы да жастардың еркін білім алуына, әсіресе, кәсіптік мамандықтарды меңгеруіне мүмкіндік жасап отыр­ғаны көзі қарақты жұртқа жақсы белгілі.
Жалпы, Елбасының қайсы бір Жолдауы, үндеуі, бастамалары бол­масын ел тұрғындарының жан-жақты білім алуына, маман атанып, кемел, мықты мемлекет болып қалыптасып, болашағымыздың жар­­қын болуына бас­тайды.
Анар БАЙДАЛИЕВА,
№23 мектеп-лицейінің мұғалімі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<