«Алекстің» әсем әлемі

1080

0

(«Aлекс» би өнері мектебінің негізін қалаушы Елена Ким жайлы сыр)

Еленаның әкесі Алексей Ким Жалағаштан Жамбылға көшіп барғанда қызы он жаста еді. Оның ең алғаш би үйірмесіне барып, би өнеріне деген қызығушылығы осы жерден басталды. Балалар үйірмесі сол жылы күзден бастап жұмыс істейтін, бірақ Елена күн сайын үлкендер биіне барып қарап тұратын. Оған бидің нәзік, жеңіл қозғалысы мен әсем музыкасы қатты ұнады. Ол үйірме жұмысы басталғанда би қимылдарының бәрін жаттап алған болатын.

Бірде тәжірибелі хореограф Яков Габб үйірме залына кіріп келгенде билеп жүрген Еленаға бірден назар аударды. Балалардың жыл бойы үйренген қимылдарын оның аз ғана уақытта қалай меңгеріп алғанына таңғалды.

Осылайша жас қыздың би әлеміндегі қадамы басталды. Алдымен, Абай атындағы педучилищені бітірген Елена режиссер болсам деген арманмен Ленинградтағы мәдениет институтына түспекші еді, бірақ, жолы болмады. Содан Қызылордадағы Гоголь атындағы пединститутқа түсті. Осы жерде тұрмысқа шықты.

Еңбек жолын Титов қыстағындағы «Бумажник» мәдениет үйінен бастады. Сол кезде бұл қалада хореограф мамандығы тым тапшы, Елена құнды маман болды. Сондықтан оны қалалық Оқушылар үйі де жарты айлық жалақыға жұмысқа шақырған. Еленаның бар ойы балаларға би үйрету, жалақы маңызды болған жоқ. Сол үшін де уақытпен санаспай еңбек етті.

Бірде Оқушылар үйіне келген қалалық білім бөлімінің бастығы Сейітқасым Жүнісов балалардың билеп жатқанын көріп, қызыға қарады. Олардың әсем өнерге деген құштарлығын оятқан Еленаға бір жарым айлық төлеп, би өнерін дамытуға ерекше ықылас танытты.

Тоқсаныншы жылдары жұмыс орындары қысқарып жатты, әркім өзіне лайықты кәсіп іздеп кетті. Еленаның да пайдалы кәсіпке қарай ауысуына мүмкіндігі болды, бірақ, би өнерін, көзі жәудіреген жүздеген баланы қайтпек? Осы кезде ол қалалық Оқушылар сарайының жанындағы қосымша құрылысты алып, өзінің сүйікті кәсібін сол шағын ғимараттың би залында жалғастырмақ болды. 1997 жылы зат та, басқа да қат, ештеңе таба алмайсың. Жылусыз, сусыз, қыста қабырғалары ыза тартып кететін сол ғимаратты Елена өзі әктеп, өзі сырлады. Аңғал-саңғалын жамады, тіпті түнде қарауыл болып қонды. Әйтеуір еден жуушысынан директорына дейінгі бар міндеті өзіне қараған мектепті іске қосты.

2000 жылы Еленаға мектепті сатып алу құқы берілді. Содан кейін жұмыстың жүйелі жүруі үшін үйірме қатысушыларына үш жүз теңгеден ақы белгіледі. Мектепті әкесі Алексей Ученович Кимнің құрметіне «Алекс»  би өнері мектебі деп атады. Алайда, жұмыстың би сияқты дөңгеленіп кетуі қиын болды. Елена үйін сатты, несие алды, не керек, алған мақсатынан қайтпады, ақыры мектепті аяққа тұрғызды. Бұл –бір, балаларға би киімін тауып берудің өзі бір ақырет еді. Биші балалар би тақырыбына сай әрі әдемі киінуі тиіс. Ол кезде бүгінгідей дайын киім жоқ. Сондайда әдемі болып көрінсін деп костюмдеріне жылтырақ жіптер жапсыратын, олар кейде билеп жүргенде жалбырап түсіп қалып жататын.

Сол қиындықтарды еске алса, сонша салмақты көтеріп бүгінге қалай жеткенбіз дейді.

Міне, содан бері қанша жыл өтсе де осы би мектебінің есігі бір күнге жабылған жоқ. Бұл мектеп талантты балғындардың екінші үйіне айналды, осы отаудан олар арманға қанат қақты.

Беріректе Елена Қазақстандағы корейлер ассоциациясының Қызылорда филиалын басқарды. Әрбір мерекелік шараларда Қызылорданың орталық алаңы мен сахна сәнін «Алекс» бишілері көркемдеп отырды.

Бір жылы Елена кішкентай бишілер арасында «Мисс Миын» деген конкурс ұйымдастырған. Ол қазақшалағанда «Корей аруы» деп аталады. Жұртшылық кішкентайлардың биіне бір тамсанса, таза корей тілінде сөйлегендеріне тіпті қайран қалды. Әрине, әр ұлт өкіліне өзінің тілін, ділін, дәстүрін, өнерін сақтай білуі парыз. Осы тұрғыдан келгенде мұның бәрі Елена Кимнің тынымсыз төккен терінің өтеуі еді.

Еленаның балаларды сүюі, олардың болашағына бей-жай қарамауы – оның өмірдегі жүрек қалауы. Ол балғындарды билетіп қана қоймай оларды республикалық сұлулық конкурстарына қатыстырады. Сондай сындардан қызылордалық балғындар бірнеше мәрте жүлделі оралды.  

Бұларға қоса ол өзге қалалардағы әріптестерімен өзі де тығыз байланысады, балаларды да жақын араластырады. Мысалы, тараздық балалар мен қызылордалық балалар жақсы достық қырым-қатынас жасайды. Бұл достықтың бала болашағы үшін үлкен ықпал ететіні аян.

Елена Ким ассоциацияда қызмет еткен кезеңде тұлғалардың өмірін ұрпаққа үлгі ету, түрлі салаға қайырымдылық жасау ісіне көп көңіл бөлді. Тұрмысы төмен отбасы балаларының басқа қалаларда өтетін конкурстарға баруына, лагерьлерде демалуына әрқашан демеуші тауып, оларға көмектесуді бірінші орынға қойды.

Елена Ким өзінің өткенін еске түсіргенде былай дейді:

«Өмірде адамның жолын ашатын адамдар болады. Менің әуелгі демеушім, серігім, әрине, өмірлік жолдасым Леонид Ким болды.

Ал кәсіби жұмысымда хореограф Кузнецова Наталья көп рөл атқарды. Ол екеуіміз жарасты тандем едік, бірімізді біріміз толықтырдық. Менің көп жетістіктеріме оның көмегі тиді. Ол қазір Ресейде тұрады, сүйікті би үйрету ісімен айналысады. Оның өз мектебін «Аpeks» деп атауы екеуміздің достығымыздың айғағы іспетті. Бұл сөз бір жағы «көкжиектің ең алыс нүктесі» деген мағына берсе, бір жағы «Алекс»  дегенге ұйқасады.

Мұнан кейін біздің би мектебіне көп көмектескен каратэ үйірмесінің жетекшілері Тағдыберген Жанәлиев пен Рүстем Әбжәмиев болды. Олар мектепте аптасына үш рет каратэ жаттықтыруларын өткізсе, біз үш мәрте би жаттығуларын өткізіп тұрдық. Шынын айтқанда, осы мектептің қалыптасу мен қатарға қосылу жолында осы екі азамат көп жүк көтерді…»

Бүгінде Елена мен Леонид отбасында Юля, Настя есімді екі қызынан туған ұрпақтың ата-әжесі. Екі қыздың балалары да би өнері мектебіне барып жүр.

Біз кейде шаруашылықты, өндірісті көбірек айтамыз. Өйткені, баршамызға ортақ қазанды толтырып жатқан да сол салалар. Ал нәзік өнер біздің рухани қазынамыздың кені, өнерсіз өмір өрілмейді. Адам жаны ләззат алмаған күйде ешқандай байлық молшылығын жасай алмаған болар еді. Біз айтып отырған нәзік те сұлу өнердің басы – би өнері. Ал би өнерінің Сыр еліндегі дамуы мен салтанат құруындағы Елена Кимнің алар орны айрықша атауды қажет етеді.

***

Айта кетейік, Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық-драма театрында «Алекс» би мектебінің 25 жылдық мерейтойы аталып өтті.

Мерейтойға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысып, жылы лебізін білдіріп, облыс әкімінің құттықтау хатын табыстады.

Өнерсүйер қауымға мектептің құрылу тарихы бейнебаян арқылы таныстырылды. Жүздеген шәкірт тәрбиелеп, қоғамға қосқан өнер ордасының негізін қалаған, қаншама қиын кезеңдерден мойымай өткен Елена Кимге ерекше қошемет көрсетілді.

Мерейлі кешке республикалық «Коре Ильбо» басылымының  делегациясы қатысты. Қазақ эстрадасының әншісі Гүлнұр Оразымбетова, Наталья Махмудова, скрипкашы Анастасия Мусинова және саксафоншы Ғалымжан Ұлықпан өнер көрсетті.

Сондай-ақ, концертте қаладағы би өнерінің майталмандары «Алекс» ұжымын құттықтап, Елена Кимге сый-сыяпат жасады.

Ширек ғасыр бұрын би мектебінде өнер әліппесін ашқан алғашқы түлектер де жүрекжарды лебіздерін  білдіріп, көрерменді ерекше билерімен тамсандырды.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<