Өнерге өріс, мұраға қоныс болған Сырдың елі

2216

0

Жеті жылдан бері 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні ретінде мерекеленіп келеді. Осы күні сұлулық символы болған жандарға жылы лебіз, жүрекжарды алғыстар жолданады. Өйткені, мәдениет пен өнер өкілдері – халқын рухани сусындатқан мәртебелі мамандық иелері.

Мейірім шуақты мереке қарсаңында біз облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуованы редакция атынан құттықтап, сан қырлы сала жұмысының жай-күйінен сыр тарттық.

– Мира Рахымжанқызы, алдымен сізді және барша мәдениет қызметкерлерін атаулы мерекемен құттықтаймыз. Халықтың рухани қазынасын еселеп жатқан еңбектеріңіз жемісті болсын.

Бүгінгі таңдағы мәдениет саласының бет-бейнесіне бір тоқталып өтсеңіз?

– Бір ғана «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазақ мәдениеті мен өнерін әлемге насихаттау жолындағы қыруар жұмыстар жүзеге асырылып, айтарлықтай табыстарға қол жетті. Қазақ өнері мен мәдениеті ­дү­ниені шарлады. Бұл жетістікке Сыр бойының қосқан үлесі де сүбелі.

Өткен жылы Қорқыт ата мұралары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Түркі дүниесіне ортақ абыздың күйлері мен аңыздары тек қазақ халқында сақталған. Бұл орайда халық­аралық ұйымның арнайы комиссиясына Сыр ғалымдарының зерттеу еңбектері мен нақты дәлел-дәйектері ұсынылған болатын.

Бағзы өнерді өз өңірімізде өрістете түсу мақсатында биыл облыстық филармония жанынан қобызшылар ансамблі құрылып, арнайы мамандарға жалақы бекітілді.

Ұлы Абайдың 175 жылдық мерей­тойы өңірімізде  Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында Ерсайын Төлеубайдың «Абай» драмасымен ашылса, қаңтар, ақпан айларында ақын мұрасын насихаттау мақсатында Семей қаласындағы «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби мемориалдық қорық музейінің Қызылорда қаласындағы жылжымалы көрмесі, С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясындағы көрме, жалпыреспубликалық «Музейлер шеруі» акция­сы аясындағы танымдық шара көпшілік көңілінен шықты.

Сонымен қатар, республикалық ақындар айтысы, Абай шығармаларын орындаушылардың концерті, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана мен Абай атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапхананың бірлескен әдеби танымдық онлайн кеші, кең көлемде кітап көрмелері ұйымдастырылды.

– Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты жұмыс жоспарына өзгеріс енгізілген шығар?

– Өзгеріс енгізілді, бірақ, іркіліс болған жоқ. Төтенше жағдай барысында облыстың мәдениет және өнер мекемелері наурыз айынан бастап онлайн режиміне көшірілді. Әрбір мекеменің арнайы мәдени іс-шаралар жоспары әзірленіп, «Facebook», «Instagram», «YouТube», «Telegram», «TikTok» әлеуметтік желілері арқы­лы елге жан азығын сыйлап, халықты жігерлендіруге өз ықпалдарын тигізді.

«YouТube» бейнехостингінен «Сыр Шаңырағы» каналы ашылып, халқымыздың рухын көтеру мақсатында сала бо­йынша түрлі форматта 207 онлайн-шара енгізілді. Қазіргі уақытта каналдың қаралымы 5703-ке, тіркелгендер саны 1420-ға жетті.

Әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, сала бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар, онлайн концерттер, спектакль, экскурсия, лекция, танымдық сағаттар, виртуалды көрмелер, басқа да шаралар халық ішінде лайықты бағаланды.

Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы, мәдениет үйлері мен клубтар атадан балаға мұра болған жыршы-жыраулық, шешендік өнерді дәріптеп, Сыр бойы билері мен батырларының тарихын, әңгімелерін, тарихи оқиғаларын, шешендік сөздер мен жыраулардың дауысын, сонымен бірге аймақ ақындарының шығармаларын таныстыратын айдарлар ашып, онлайн жазба ақындар айтысын өткізіп, халық көңілін серпілтуге өз септігін тигізді.

Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының майталмандары күніне бір рет шығатын «Өнер әлемі» айдарымен 32 мәрте тікелей эфир жүргізді.  «Онлайн спектакль» айдары бойынша 50-ден аса әлемдік және қазақ драматургтерінің шығармаларын ұсынды.

– Қазір кітап оқылмайды, интернет игілігін көріп отыр­ған жұрт кітапханаға  ат ізін салмайды деген көзқарас бар. Шектеу шаралары кезінде бұл жағдай мүлде шиеленісіп кеткен жоқ па?

– Біріншіден, бұл – екіұдай пікір. Кітапхана тұтынушыларының саны төмендеп кетті деп айта алмаймын. Мысалы, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапхана қызметін бір жыл ішінде 31969 оқырман пайдаланған.

Карантин кезінде де кітапхана қызметкерлері оқырманмен өзара байланыста бола білді. «YouTube» бейнехостингінде кітапхананың «Talking Book» (Талкинг бук) «Говорящая книга» жобасы аясында жастар оқыған кітаптары туралы «KZO-book» каналына видеороликтер орналастырды. Кітапхана қызметкерлері әлеуметтік желілерде «Біз біргеміз!» атты видеороликтер мен челлендждер жариялады. 

Сонымен қатар, биылғы жылы кітапхана қорына жаңадан алынған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясындағы кітаптардың, әл Фарабидің 7 томдық жинағының, Абай шығармаларының  және сирек кездесетін кітаптар мен құнды қолжазбалардың онлайн-таныс­тырылымдары ұйымдас­тырылып, жастардың шығармашылық қабілетін дамыту, кітап оқуға деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында онлайн викторина, онлайн оқулар  өткізілді.

Облыс музейлері әлеуметтік желілерде өлке тарихын таныс­тыруды тұрақты жүргізіп, «Бір жәдігер тарихы», «Асыл мұра» айдары арқылы музей қорындағы құнды экспонаттар онлайн режимінде насихатталуда.

– Мереке күндері өткізілетін шаралар жайы қалай болды?

 – 1-ші, 7-ші, 9-шы  мамыр – мемлекеттік мерекелерінде онлайн-концерттер, облыстық жыршы-термешілердің онлайн фестивалі, поэзия сағаттары, онлайн фотобайқаулар, облыс музейлері мен кітапханаларда, архивтерде тақырыптық виртуалды көрмелер, танымдық лекциялар, онлайн шолулар өткізілді.

18 мамыр – Халықаралық музейлер күнінде онлайн экскурсиялар өткізілсе, «Хабар» агенттігі ұйымдастырған әнші-композитор Батырхан Шөкеновтің туған күніне орай әнші репертуарындағы шығармаларды Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары әншілерімен Сыр өнерпаздары бірге шырқады.

Әрине, бұл шаралар кең тыныстап, жайлана отырып өнер ләззатын сахнадан алумен салыс­тыруға келмейді. Бірақ, халық пен мәдениет саласының арасы алыстаған жоқ.

– Пандемияға қатысты шектеулер жеңілдетіле бастады. Мәдениет саласы жұмыс­тары да жандана түсетін болар?

– Ежелгі және ортағасырлық – Сығанақ, Асанас, Бәбіш мола, Сортөбе, Қышқала, Жанкент қалашықтарына жоспарланған археологиялық қазба жұмыстары биылғы жылдың маусым-қыркүйек айларында жүзеге асырылады.

Сондай-ақ,   облыс көлемінде 4 бюст орнатуға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі мемлекеттік комиссияның келісімі алынып, эскиздері бекітілді. Қазір Қызылорда қаласында Нағи Ілиясовтың, Ыдырыс Қалиевтың, Сейілбек Шаухамановтың, Арал ауданында Ұзақбай Қарамановтың қола мүсіндерін қою қамындағы жұмыстар басталды.

Сонымен бірге жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы бойынша биылғы жылы 4 нысанға құрылыс жұмыстары, 1 нысанға қайта жаңғырту, 3 нысанға күрделі, 14 нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Талғампаз Сыр жұртшылығы алдағы кезеңдерде – әл Фарабидің 1150, Алтын Орданың 750, Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай өткізілетін мәдени-көпшілік шаралардың куәсі болады.

«Абай әлемі» атты Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің концерті, «Көзімнің қарасы» атты облыстық вокалистер конкурсы өткізіліп, Сыр өңірінде алғаш рет Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан үзінді қойылады.

Әл Фарабидің 1150 жылды­ғына арналған республикалық Отырар қорық музейінің Қызылорда қаласында жылжымалы көрмесі, «Әл Фараби және әлемдік өркениет» атты ғылыми-танымдық конференция және кітап көрмесі ұйымдастырылады.

Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында Хұсейін Жүсіпұлының «Ешкімге керегі жоқ ауыл», Думан Рамазанның «Абылай ханның арманы», Жан Батист Мольердің «Ақымақ болмақ тоғышар» спектакльдері сахналанады.

Қазіргі таңда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы облысымызда халық шығармашылығының жанр түрлерін дамытып, түрлі жобаларды қолға алуда. Осы орайда алдағы уақытта өңіріміздің бренді саналатын жыршы-жыраулық өнерді одан әрі жандандыру, жастарды классикалық ән өнерін дамытуға баулу бағытындағы жұмыстар жүргізіледі. Пандемиядан кейін де сала жұмысында әлеуметтік желі арқылы онлайн шаралар өткізу тоқтатылмайды. Тұрақты жобалар арқылы іс-шаралар өткізіле береді.

Осы сұхбатты пайдалана отырып, облысымыздағы барлық мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтаймын. Әріптестерді алдағы уақытта серпінді жобалар мен өрісті шаралар өткізуге, үнемі жаңа ізденістер жолында болуға шақырамын.

– Әңгімеңізге рахмет, өзіңіз басқарып отырған мәдениет пен өнер қызметкерлеріне ойға алған мақсаттарыңыз абыроймен орындала берсін деген тілектес­тігімізді білдіреміз.

Әңгімелескен

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<