Құқықтық мәдениет дегеніміз не?  

3935

0

Қазақстан Республикасы тәуелсіз, құқықтық мемлекет бола тұра, өзінің негізгі заңында құқықтық мемлекеттің негізгі ұстанымы заң және заңның алдындағы барлық азаматтардың тендігі деп белгілеген болатын.

Құқықтық мемлекет көптеген құқықтық реформаларды жұзеге асыруды және жоғары денгейдегі сана сезімі мен құқықтық мәдениетті халкы бар толыққанды азаматтық қоғам қалыптастыруды көздеді.

Азаматтардың құқықтық мәдениетінің жай-күйі оның құқық жүйесі көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Халықтың құқықтық мәдениетін арттыру, құқықтық санасын дамыту – тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет құруға ықпал ететін азаматтық қоғамды қалыптастырудың маңызды өлшемдері.

Қоғамның құқықтық мәдениетін арттырмай, әрбір азаматты заңды аса құрметтеуге тәрбиелемей, оның ережелерін күнделікті өмірге енгізуге тікелей әрі белсенді қатысу дайындығын қалыптастырмай экономикалық, саяси және әлеуметтік міндеттерді сәтті шешу мүмкін емес.

Халықтың құқықтық мәдениетi мен құқықтық хабардарлығын арттыру, экономикалық бағдарламаларды құқықтық қамтамасыз етудiң тиiмдiлiгiн көтеру әрi заңдылықты, құқықтық тәртiптi, реттiлiктi нығайту мақсатында және Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1993 жылғы 12 ақпандағы N1569 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасындағы Құқықтық реформаның мемлекеттiк бағдарламасын (негiзгi бағыттар) орындау үшiн 1995 жылғы 21 мауысымда №2347 ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасында жалпыға бiрдей құқықтық оқуды ұйымдастыру жөнiндегi шаралар туралы» қауылысы қабылданды. Бұл қауылымен Жалпыға бірдей құқықтық білім беру ережесі, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiндегi әскери қызметшiлер мен азаматтық қызметкерлердiң жалпыға бiрдей құқықтық оқуын ұйымдастыру туралы ереже, Атқарушы өкiмет органдары мен олардың қарамағындағы кәсiпорындардың, мекемелердiң басшы кадрлары мен мамандарын құқықтық аттестациялау туралы ережелер қабылданған.

Бұл манызды құжаттардың негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық мәдениетiн көтеру және заңды құрметтеу дәстүрiн қалыптастыру.

Осы құжаттарды қамтамасыз ету мақсатында  1996 жылы 13 мамырда «Қазақстан Республикасында жалпыға бiрдей құқықтық оқуды ұйымдастыру жөнiндегi шаралар туралы»  ҚР Президентінің қауылысы қабылданды. Онда  азаматардың құқықтық мәдениетін көтеру бойынша бір қатар ұйымдастыру шаралары көзделген. Мысалы, енбек ұжымдарда заңдарды оқу қарастырылған.  Ол келесі нысандарда өткізілген: дәріс түрінде; құқыққорғау органдары қызметкерлерімен, ғалымдармен, заңгерлермен  кездесулер түрінде; құқық оқу үйірмелердегі жұмыс ретінде.

Құқықтық мәдениетті қалыптастыру құбылысы күрделі және көпсырлы,сондықтан халықтың құқықтық мәдениетің арттыру бойынша бірнеше мемлекеттік бағдарлама қабылданған болатын.Мысалы, 2004 жылдың 24 желтоқсанында «Құқықтық түсіндіру жұмысы, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, азаматтарды құқықтық оқыту мен тәрбиелеу жөніндегі 2005 – 2007 жылдарға арналған бағдарлама», 2008 жылы 29 қарашада «Құқықтық түсіндіру жұмысы, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, азаматтарды құқықтық оқыту мен тәрбиелеу жөніндегі 2009 – 2011 жылдарға арналған бағдарлама» т.б., әр түрлі жылдарға арналған ҚР құқықтық саясатының тұжырымдамалары (2002, 2009, 2021) т.б.

Сонымен, құқықтық білім беру құқықтық мәдениетті қалыптастырады, яғни адамның құқық негізінде өмір сүруге, заңдарды құрметтеуге, өз құқықтарын қорғауға, жалпы айтқанда жоғарғы құқықтық сана сезімді болуды көздейді. Құқықтық насихат және құқықтық білім беру жұмыстарын үнемі жүргізіп отыру қажет.

Жалпы алғанда, құқықтық мәдениет жеке адамның да, жалпы қоғамның да құқықтық жағдайын сапалы түрде сипаттайтын ерекше әлеуметтік құбылыс. Құқықтық мәдениет – бұл құқыққа деген осы немесе басқа қатынас қана емес, ең алдымен оның нормаларына құрметпен қарау.

Құқықтық мәдениет – азаматтың қоғам алдындағы борышын саналы түрде орындаудың қажетті шарты, ол артта қалған көзқарастарды, адамдардың девиантты мінез-құлқын жеңуге, адамға озбырлық пен зорлық-зомбылық көрсету жағдайларын болдырмауға көмектеседі. Азаматтардың ғылыми негізделген құқықтық өкілдіктері құқықтық тәртіпті нығайтудың алғышарты болып табылады, онсыз демократиялық мемлекет құру мүмкін емес.

Құқықтық мәдениет – қоғамда құқықтың болуымен қандай да бір жолмен байланысты барлық әлеуметтік институттардың сапалық жағдайы.

Құқықтық сана – құқықтық мәдениеттің көрсеткіші

Құқықтық сана – құқықтық құбылыстардың адамдар санасында идеалды көрінісі болып табылатын қоғамдық сананың бір түрі, яғни құқықтық сана субъективті шындықтың бір бөлігі болып табылады, дәлірек айтқанда, әлеуметтік өмір жайында құбылыс ретіндегі адамдардың құқық туралы түсініктерінің жиынтығы.

Жеке адам құқық туралы алғашқы ақпаратты жанұяда алады, одан кейін құқықтық тәрбиеге басқа субъектілер – мемлекет, қоғамдық бірлестіктер, басқа да тұлғалар байланыстырылатыны белгілі. Демек, құқықтық білім мен тәрбие балабақшадан бастап үздіксіз жүргізіліп, балаларға ненің жақсы, ненің жаман екенін ұғындыру керек. Бұдан әрі құқықтық білім мен тәрбиені орта жалпы білім беруде, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында жалғастыру керек, онда қазақстандық құқық негіздері мен құқық салаларын оқыту курсын енгізу қажет. Келесі кезекте тиісті ұйымдар мен кәсіпорындарда жұмыс істейтіндердің құқықтық сауаттылығын арттыру курстарын енгізу қажет. Осыған байланысты қоғамның құқықтық мәдениетін көтеруге мүдделі мемлекет құқықтық насихатпен – халық арасында құқықтық ақпарат таратумен ұдайы айналысуы керек.

Құқықтық мәдениеттің мазмұнын зерделеу кезінде қоғамның құқықтық мәдениетінің деңгейін көтеру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп, мемлекеттік басқару қызметкерлеріне (себебі, құқықтық мәдениеттің бір бағыты сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру болып табылады) ерекше көңіл бөлетін шет мемлекеттердің тәжірибесіне жүгіну қажет. Мысалы, Ұлыбританияда мемлекеттік қызметшілердің құқықтық мәдениетін дамытуды реттейтін бірқатар кодекстер әзірленді, мысалы, Министр кодексі, Парламент депутаттарының мінез-құлық кодексі, Мемлекеттік қызмет кодексі және т.б. Олар мемлекеттік қызметшілердің этикалық нормалары мен адамгершілік қасиеттерін анықтайды. Францияда құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында мемлекеттік қызметшілерді дайындау бойынша арнайы ұйымдар болып табылатын оқу орындары (Ұлттық әкімшілік мектебі) белсенді жұмыс атқаруда.

Мадина ЖҮСІПБЕКОВА,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<