Жастар театрының жаңа қойылымы

1234

0

Биыл ақ күріштің атасы атанған даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың туғанына – 130, әйгілі шопан Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына – 125 жыл. Осыған орай Қызылорда «Жастар» театры екі мәрте Социалистік Еңбек ерлеріне арналған Қуандық Түменбайдың «Екі бала, екі шал» атты спектаклін сахналады.

Халыққа ұсынылған бұл оқиғалы қойылымның режис­сері – Ерғазы Әбжалиев. Қойылым күріштің бабын тауып, баласындай мәпелеп, дүниежүзілік рекорд жасаған қазақтан шыққан диқан Ыбырай Жақаевтың бала кезінен бастау алады. Еті бал, сүті шипа қой өсірудің арқасында абырой биігіне көтерілген Жазылбек Қуанышбаевтың еліне, жұртына, ауыл тұрғындарына деген адал қызметі көрініс табады. Әрі қарай Жазылбек пен Ыбырайдың елге сыйлы кезеңдері, бірге атқарған қызметтері сахналық шешім арқылы көпке ұсынылған.

– Қойылымның негізгі мақсаты – дәл осындай ең­бек адамдарын ұмытпау, ұлықтау. Қазіргі және болашақ ұрпақты адалдыққа, еңбекке, патриоттыққа баулу үшін ең алдымен еңбек адамын дәріптеп, насихаттағанымыз жөн. Сондықтан еңбектің нағыз даңқты тұлғаларын үлгі етіп көрсетуіміз қажет, – дейді театрдың көркемдік жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмаханов.

Театр актері Ілияс Өтетілеу даңғайыр диқан бейнесін сомдау үлкен жауапкершілік еке­нін айтады. Талантты жас кү­ріш атасының өмірде қандай бол­ғанын, мінез-құлқын зерттеген.

– Көзін көрген адамдардан сұрап, бар деректермен танысып шықтым. Ол кісінің сабырлылығы, еңбекқорлығы, маған қызықты әрі сабақ алатын бейне болды. Ерекше әрі үлкен рольдерімнің бірі. Осы күнге дейін бала бейнелерді сомдап, эпизодтық рольдерде ойнайтынмын. Бұл спектакльде Ыбырай Жақаевтың жасы ұлғайған шағын алып шықтым. Көрермен жақсы қабылдады деп ойлаймын. Оны халықтың қошеметінен байқадым, – дейді театр артисі.

Киелі өнер көшін жалғаған ұжым көрерменін алдағы уақытта да тарихи тұлғаларға арналған тың туындылармен қуантпақ. Атап айтқанда, жақын күндері Томирис бейнесін ашып көрсететін үлкен қойылым жоспарда бар.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<