Газ бағасы: Халық талабы һәм нарық заманы

369

0

Кейінгі кезде облыс аумағында газ тапшылығы болғанынан ел хабардар. Көп ұзамай облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов өңірге газ жеткізуші «Қазгермұнай» компаниясы қондырғыларының бірінде ақау болғанын мәлімдеді. Жағдай реттеле жатар, әйтсе де халықты «енді газ бағасы қымбаттамай ма?» деген сауал алаңдатады. Өйткені көктемнен бері Энергетика министрлігі «газ құны қымбаттай беруі мүмкін» екенін бірнеше рет жария қылған. Жаз басында аталған ведомство басшысының газды 23 пайызға қымбаттату жөніндегі бұйрығы шықты. Ендеше әр тапшылықтың сырын бағамен байланыстыруға негіз бар.

Өндірісте өршіген мәселе көп

Энергетика министрлігінің позициясы бұрыннан анық: газ бағасын қымбаттату қажет. Неге десеңіз, екі себепті алға тартады. Біріншісі, қазір өндірістің ішкі нарыққа бағытталған көлемі көбейді, қажеттілікті жабуға ондаған мың тонна жұмсалады. Соның әсерінен экспорт көлемін азайтып, қайтадан ішкі нарыққа бұрумен келеді. Екіншіден, газ өндіруші компаниялар шығынмен жұмыс істеп келеді-мыс. Газдың өзіндік құны 70 теңгеден жоғары болса да, қазір оның сату бағасы – 50 теңге. Ведомство бұл тұста көрші елдердегі бағаны алға тартады. Ресейде тариф екі есе жоғары, шамамен 120 теңге, Тәжікстанда 177 теңге. Бұларда нарықтағы бағаға шек қойылмаған, яғни, министрлік пайымы дәйексіз емес.

Жоғарыда Қызылордадағы газ тапшылығына «Қазгермұнайдың» бір қондырғысында ақау болғаны себеп екенін жаздық. Расында да елдегі өндірісте кемшілік көп. Мысалы, алпауыттардың өзі жетісіп тұрған жоқ. Ұлттық оператор «ҚазТрансГаздың» 2015-2019 жылдардағы залал-шығыны 300 миллиард теңгені құраған. Бұл шығын шетелге газды қымбаттау бағаға экспорттау арқылы өтеліпті. Алайда 2020-2024 жылға дейінгі «ҚазТрансГаздың» залалы 879 миллиард теңгеге дейін жетеді деп күтіліп отыр. Бұл мәселенің бәрі айналып келгенде қаржыға тіреледі. Ал қаржы дегенде жауаптылар газ бағасын қымбаттатуды ғана ойлайтыны анық.

Шектен шыққан шикілік жетерлік

Десек те, министрлік көзқарасына қарсы пікір айтушы ведомстволар да бар. Былтыр Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бұл саланы олигополия жайлаған деп мәлімдеді.

«Отын-энергетикалық кешен саласындағы олигополистік топтардың үстемдігі, әсіресе сұйытылған мұнай газы нарығында ең жоғары деңгейге жеткен. Бұл салада Қазақстанда небәрі 3 негізгі өнім беруші – CNPC, Petrosun және KMG нарықтың 70 пайыздан астамын астына басқан. Ал қалғаны – жекелеген жергілікті өндірушілер ғана, олар газды негізінен географиялық орналасуына сәйкес белгілі бір елді мекендерге ғана жеткізеді» деп мәлім етті антимонополиялық орган.

Бұл – бір проблема. Алпауыттарды қыспаққа алу арқылы мемлекет «көгілдір отынның» бағасын алты ай бойы ұстады. Әрі қарай босатып қоя берсе, баға да жүгенсіз кетіп, шарықтай жөнелері хақ. Бұл – екінші мәселе. Бұған не түрткі болуы мүмкін? Сала мамандары елде артық газ жоқ екенін айтады, егер Ресейден тасымалдаса, баға одан сайын қымбаттайды. Өзге газ өндіруші елдерден ерекшелігі сол, Қазақстанда мұнаймен араласқанынан өзге газ, яғни таза газ кен орындары жоқ. Салдарынан нарық қажетті ресурстармен жеткілікті көлемде қамтамасыз етілмеген. Бұрынғы Үкімет газ саласының әлеуетін арттыруға, қажетті ресурспен қамтуға бас қатырмапты. Бұл – үшінші түйткіл. «Құрылымы бойынша Қазақстанда өндірілетін газ – негізінен ілеспе мұнай газы. Бұл ретте елімізде өндірілетін бүкіл газдың 75 пайыздан астамы Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз жобаларына тиесілі. Соның ішінде Қарашығанақтағы жалпы өндіру көлемі 4 жыл бойы өзгеріссіз қалды, тек Теңіз бен Қашағанда 3 жылда біртіндеп ұлғайған.

Енді осыдан сұрақ туады: Әлемдік супергигант саналатын 3 бірдей алып кен орнын иеленіп отырған Қазақстан неге газға жарымай отыр? Энергетика министрлігінің түсіндіруінше, мұнаймен ілесіп шыққан газдың бәрі бірдей нарыққа жол тартпайды. Оның 31 пайызын жер қойнауын пайдаланушылар жерасты қабаттарындағы қысымды ұстап тұру үшін кері жібереді. Мұндай айла-шарғы мұнайды барынша көп шығару үшін жасалады. Тағы бір бөлігі алауда босқа жағылады. Газдың тағы 14 пайызын Karachaganak Petroleum Operating B.V. (Қарашығанақ), North Caspian Operating Company N.V. (NCOC, Қашаған) және Теңізшевройл (Теңіз) төл технологиялық мұқтаждықтарына жұмсайды, электр энергиясына және кәдеге жаратуға пайдаланады. Сонда елде өндірілетін барлық газдың 54 пайызы ғана қайта өңдеуге жіберілді. Жалпы еліміздегі халық пен саны аз шоғыр болатын отандық кәсіпорындарды, ЖЭО мен электр стансаларын газбен жабдықтауға осының өзі жетер еді. Бірақ өңдеуге жіберілген шамалы газдың 38 пайызы экспортқа жөнелтіледі. Сонда 62 пайызы ғана ішкі нарыққа түспек. Ал газ өңдеу зауыттарына қатысты мәселені айтар болсақ, таңды таңға ұруға болар еді.

Нарық қарық қылу үшін емес

Енді нақты халықтың сауалына келейік. Тапшылық десе ел шошиды, себебі нарық заңында сұраныс көбейсе, баға да өседі. Сондықтан «тапшылық қолдан жасалады» деп сынаушылар бар. Мұны біз жай-жапсары бұлыңғыр жартылай шындық деп атар едік. Бір анығы, қалай болғанда да газ бағасын өсіруге мұқтаждық бар. Energy Analytics телеграм арнасының сарапшысы, экономист Абзал Нарымбетов бұны нақтылап отыр.

«1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін нарықтық эконмикаға өттік. Алайда еліміздегі белгілі мұнай-газ алпауыттары немесе газ кеніштерінен бағаны қолжетімді етіп сұрау кәсіпорындарға тиімсіз болуы мүмкін. Мәселен, олар өз қалтасынан қаражат шығарып қазады, өңдейді, құбыр салып, халыққа жеткізеді. Бұл әжептәуір ақша мен уақытты талап етеді. Шығындарын сатылған газдан қайтарып алады. Ал егер бағаны төмендетсе, бағасын қайтара алмайды. Әлемдік нарыққа кіретін болсақ, дүние жүзімен бәсекелесу керек. Мәселен, әлем бойынша сатылып жатқан газ, жанармайдың бағасы қанша болса, соған сәйкестендіру керек.

Қазір көп проблема қайдан туындап жатыр? Бізде электр өндіретін цехтар неге бұзылып қала береді? Олар қаншама жылдан бері жаңартылмаған. Оған себеп – бағаның төмен болуы. Кәсіпорындар  жеткілікті ақша таппаған соң, ескіре береді. Ал қосымша тапқанын қалтасына салады. Қазір газдың бір литрі – 50 теңге. Тоннасымен есептеп көрсек те, өте төмен баға. Нарықтық экономикаға көшпесек, тығырықтан шыға алмаймыз. Керісінше, электр қуатынан мәселе туындап, үнемі жанармай, газ тапшы болады. Кеңес дәуірінде де ең соңғы тығырыққа осылай келді.

Әрине, мен дәл шетелдің бағасымен бірдей болсын демеймін. Екі жаққа да тиімді бағаны табуға мүмкіндік бар. Қазақстанның ішкі нарығы сырттағымен салыстырғанда бәрібір арзан болады. Себебі экспортқа шығару үшін де қосымша қаражат қосылады» дейді ол.

Алайда халық үшін бір демеу болар дүние бар. Қазақстанда газ бағасы 2028 жылға дейін әр өңірде 3-15 пайыз аралығында ғана көтеріліп отырады. Өйткені Энергетика министрлігінің бекіткен құжатына сәйкес, 2024 жылдан 2028 жылға дейін әр өңір үшін 3-15 пайыз шегінде бағаның жыл сайынғы өсуі қолданылмақ, яғни әлемдегі ең төмен баға болып қала бермек.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<