Несие кешірімі туралы мәселе неге жиі көтеріледі?

190

0

Бұл қазір қазақстандықтар үшін өткір проблемаға айналды. Кейде біздің әлемдік өркениет қабылдаған нарық экономикасы заңдылығымен емес, әлдебір басқа дүниеде өмір сүріп жатқан сияқты көңіл-күйде болатынымыз неліктен? Көшеге дабыл қағып шықсақ, несие кешірімі туралы талап ететін болдық. Тіпті бұл үйреншікті құбылысқа айналды.

Осыдан біраз уақыт бұрын Президент Қазақстандағы тұрмысы төмен отбасылардың проблемалық несиесін кешірді. Кешіріп қоймай, оның бір реттік шара екенін баса айтты. Бірақ өмір ағымында өзгеріс жоқ, несие тиегі толассыз ағылып жатыр.

Цифрларды сөйлетіп көрейік. 2021 жылдың қыркүйек айындағы статистика мәліметінше Қазақстандағы экономика салалары бойынша несие қарызының қалдығы шамамен 344 трлн теңгені құрайды. Ал енді сараптама жасап көріңіз, осы несие қалдығының 86,4 проценті немесе 297 трлн теңгесі – біздің айтып жүрген тұтыну мақсатындағы несие. Әлгі процентті жіліктей берсеңіз түсіндіре алмайтын, таусылмайтын түйткілдерге тап боласыз.

Бірақ айналып өте алмайтын бір шындық бар. Сол несие қалдығының 2,2 проценті ғана өнеркәсіп, 0,8 проценті ауылшаруашылық, 2,3 проценті құрылыс саласын қамтиды. Сауданың үлесі – 6,9 процент. Статистика мәліметтерінде әлгі 86 процент несие қалдығы жеке кәсіпкерлік, өнеркәсіп емес сала деп тайға таңба басқандай анық етіп көрсетілген.

Одан да зорын айтайық, бұл – Қазақстанды ғана емес, бүкіл әлемді қамтып отырған дерт. Ат төбеліндей аздаған топ шындығын айту керек, оңай ақша табу жолына көшті. Барлығы да ауадан ақша жасағысы келеді. Бірақ экономиканы көтеретін саланың бірі – материалдық игілік. Жай сөзбен, ескі тілмен түсіндіргенде, кәдімгі зауыт, фабрикалар. Әрине, кеңес ұғымындағы фабрикалар емес, кәдімгі әлемдік нарықта өнімі сұраныс табатын өндіріс, әзірге бұл бағыттағы жұмыс қарқыны біз күткендегіден төмен екені алаңдатады.

Қымбатшылықтан кедей елдер барынша зардап шегуде. Қазақстан кейбір сала қызметкерлерінің жалақысын еселеп өсірді. Олар өкінішке қарай, материалдық игілік өндіруші саланың қызметкерлері емес. Бұл керісінше, басқа сала қызметкерлерінің тұрмыс деңгейін бұрынғыдан да төмендетіп жіберді. Жуырда ғана Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев жалақының өсімі онсыз да жетісіп тұрмаған тұтыну нарығындағы жағдайды ушықтырып жібергенін ашық айтты. Жуырда Қазақстанда болған төтенше оқиғалардан кейін Президент бұл мәселеге айрықша тоқталды. Ендігі жерде жалақы жаппай емес, экономикалық хал-ахуалға қарай өсетін болады. Осының өзі өмірдің шынайы болмысына жақындап келе жатқанымызды көрсетеді. Проблема бар, яғни оны шешуіміз қажет.

Алайда экономикадағы мәселе жалақы көтерумен шешілмейді. Ол өкінішке қарай халықтың тұрмыс деңгейінде жіктелу үдерісін күшейтті. Шындық емес, бүгінгінің ақиқаты осындай. Мұны жай тілмен айтқанда, капиталистердің бүгінгі ақылды буыны мойындап отырған реттеуге көнбейтін жабайы нарық дейді.

Қазақстан бойынша бірқатар цифрларды сараптан өткізіп көрейік. Бірінші несие бюросының мәліметі бойынша елімізде 2011 жылы жеке тұлғаларға берілген несие көлемі 2,2 трлн теңгені құраған. Бір қызығы, оның 1 трлн теңгеге жуығы – кепілсіз тұтынушылық несие. Сұмдығы сол, одан кейінгі жылдары оның өсімі геометриялық пропорциямен өлшенеді. 2017 жылы 4,4, 2018 жылы 5,1, 2019 жылы 6,3, 2020 жылы 7,1, 2021 жылдың 10 айында қазақстандықтардың алған несиесінің жалпы көлемі 9,9 трлн теңге. Масқарасы сол, оның 5,7 трлн теңгесі – тұтынушылық мақсаттағы несиелер.

Біз талдауды, сараптауды ұмыттық. Бүкіл Қазақстан халқы несие рәсімдеуші ұйымдар үшін жұмыс істеп жатыр. Әлгі 10 трлн теңгеге жуық несиені салыстырмалы түрде алсаңыз, Қазақстанның жылдық бюджетіне жуықтайды. Соншалықты байып кеттік пе?

Сұрақ көп. Оның жауабы көңілді көншітпейді. Өткен жылдың соңғы айында Президент төлем қабілетінің нашарлағанын тағы ескертті. Кімге дейсіз ғой? Қаржы нарығын реттеу ұйымдарының басшыларын жинап, проблеманың тағы ушыға түскенін мәлімдеді. Бірақ нәтиже жоқ. Артынша Қазақстанда дүмпу басталды. Сол дүмпуде несие рақымшылығы туралы мәселе тағы көтерілді. Соған қарағанда халық мемлекеттің осындай қадамдарға баратынынан үміттенеді. Бірақ бұл – ештеңемен үйлеспейтін парадокс, мемлекет егер өзін құрметтеп сыйлайтын болса, ешқашан мұндай қадамға бармайды. Өйткені біздің құрып жатқан экономикамыз нарық – ол босбелбеулікті кешірмейді.

Қазір сарапшылар Қазақстан жағдайын електен өткізуде. Несиені жаппай тарату үрдісін тоқтату қажет. Ол халықты кедейшілікке, жоқшылыққа апарып соқтырады. Банк берген несиенің өтеу механизмі тұтынушы үшін емес, банк қожайындарының мүддесіне тиімді. Ал бұл – қаржы нарығын реттеу ұйымының, Ұлттық банктің қайта қарайтын мәселесінің бірі. Қазір елімізде 5 жыл мерзімге несие алған азамат алғашқы 1,5 жылда проценттік мөлшерлемені, содан кейін барып негізгі қарызды өтеуге көшеді. Бұл жерде банктер өз пайдасына басымдық беріп заңды өздеріне икемдеп алған. Бізде қаржылық сауат жетіспейді. Сондықтан алдыңызға ұсынған келісім-шартқа ойланбай қол қою басым. Бұл туралы бірнеше жыл бұрын да көтерілген. Ұяты бар деген сауатты азаматтар ақпарат құралдарында жар салып айтқаны есімде. Бірақ оған назар аударған банк немесе қаржы нарығын реттеу ұйымдарының басшылары болған жоқ. Бүгінде сарапшылар осы мәселені реттеу қажеттігін айтады.

Тағы бір проблема бар. Біз соңғы жылдары банкротқа ұшырауға жақындаған банктерге мемлекет тарапынан миллиардтаған доллар қолдау көрсеттік. Жай тілмен айтқанда, Ұлттық қордан ақша бөлдік. Оның қаншалықты қайтарылғаны бүгінге дейін беймәлім. Әлемдік тәжірибе бойынша ешқандай елде банкке мемлекет тарапынан қолдау көрсетпейді. Себебі банк – еркін нарық субъектісі. Ол – өз табысын өзі реттейтін ұйым. Халықаралық талап бойынша банктердің негізгі активі депозиттен құралуы тиіс. Өкінішке қарай, бізде барлығы керісінше болып жатыр.

Біздің түсінік бойынша ендігі жерде жаппай жалпақшешейлік жүре бермейді. Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Байлығымыз аста-төк дегенімізбен біз әлем өркениеті бастаған жолмен жүруге міндеттіміз.

Жолдасбек Ақсақалов,

«Сыр бойы»