«Қара нарықтағы» сауда қызып тұр

741

0

Әлемде есірткінің кесірінен жыл сайын 450 мыңнан

астам адам ажал құшады. Сарапшылар бұл сандарды «бүкіл әлемнің нашақорлықтың алдындағы жаппай жеңілісі» деп бағалаған. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне зер салсақ, өткен жылы елімізде 20 мыңға жуық нашақор есепте тұрса, оның 1,5 мыңнан астамы – әйел, ал 43-і буыны қатпаған жасөспірім екен.

Бүгінде жасөспірімдер синтетикалық есірткінің шырмауына ілігіп жүр. Себебі синтетикалық есірткілер, негізінен, интернет арқылы сатылады. Сатып алушы мен саудагер бір бірімен бетпе-бет кездеспейді. Тауар онлайн таңдалып алынады, төлем де онлайн жасалады. Кейіннен сатып алушы мен саудагер түрлі мессенджерлер арқылы байланысқа шығып, тауарды қай жерден, қай уақытта алып кете алатындығы жөнінде нұсқаулықтармен алмасады. Осылайша, барлық іс жасырын жасалады. Еркін сауда, жаңа түрлерінің тез пайда болуы, интернеттегі мәліметтердің ашықтығы, жарнамалайтын сайттарға бақылаудың жоқтығы қауіпті күшейтуде.

Телеграмнан табу оңай

Кейінгі уақытта 16-дан 30 жасқа дейінгілердің арасында синтетиканың «кристал», «тұз», «меф», «мияу-мияу», «Альфа-ПВП», «мефедрон», «фен», «спид» секілді түрлері үлкен сұранысқа ие бола бастаған.  

Ал наркологтар «жасөспірімдер ауруы асқынғанын өте кеш білуі мүмкін» деп алаңдайды.

− Былтыр есірткінің осы түрін пайдаланатын екі азамат тіркеліп, бақылауға алынса, биыл 1 науқас тіркелді. Жас шамасы 20-26 жас аралығындағы азаматтар. Олардың синтетикалық есірткіні қолданатынын бірден анықтау мүмкін емес. Ол үшін арнайы зертханалық сараптама тағайындалады. Синтетикалық есірткіні тұтыну адам ағзасына өте зиян. Тәуелділік тез пайда болады. Жанары шарасынан шығып кетеді, көзқарасы өзгереді. Мефедронға мас адамның жүрек қағысы жиілеп, жай жүрсе де ентігіп қала береді. Бұлшық еттері қақсап ауырып, тісі ыстық пен суыққа қатты сезімтал болып кетеді. Жарыққа сезімталдығы жоғарылап, ұйқысы мен тәбеті бұзылады. Мұндай науқастарды тәуелділіктен емдеу де оңай емес, − дейді облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Аман Тұрсынов.

Мәселен, синтетикалық есірткілер адамға марихуана және анашамен салыстырғанда 10-15 есе қатты әсер етеді екен. Не исі, не дәмі біліне бермейтін синтетикалық заттар ақылдан айырып, ағзаны тіпті ірітіп жібереді. Бүгінде бақылаудағы психикалық белсенді заттардың тізіміне 89 синтетикалық есірткі түрі енгізілген. Бұлар адам санасын улап, соңы неврологиялық ауруларға алып келеді.

− Қоспалардың әрқайсысы адам психикасына ешқашан өшпейтін із қалдырады. Адам психологиясына санаулы секундта өте қатты әсер ететінін неврология ғылымы дәлелдеп берген. Тіпті синтетиканы тұрақты қолданушыларда галлюцинация болып, соңы қайғылы оқиғамен аяқталуы мүмкін. Ең сорақысы – жас ағзаның бір тәуелділіктен кейін одан бас тартуы өте қиын. Сол себепті бұл тажалдың тырнағына ілінген жасты тез арада арашалап алып қалу керек. Келесі дозаны қабылдау арқылы олар тән мен жан азабынан уақытша ғана айырылуы мүмкін. Алайда жүйке жүйесі зақымданып, есі мен етін улайтынын білмейді, − дейді невропатолог Ғалия Әбенова.

Граффити есірткі жарнамалайды

Граффити – итальяның «graffito» деген сөзінен аударғанда сызылған деген мағынаны білдіреді. Көшеге үйлердің қабырғаларына қоршауларға түрлі түсті бояумен сурет салып, жазу. Қаладағы көпқабатты үйлердің қабырғаларынан граффити жазуларын жиі көріп жүрміз. Ал ол суреттерде есірткі сайттарының адресі жазылғанын ата-аналардың бірі білсе, бірі білмес.

− Кешкілік аулаға балаларды алып серуенге шықтық. Қабырғаларда ештеңе жоқ еді. Азанда шықсақ көпқабатты үйлердің бәрінің қабырғасына, кіреберіске, жертөлеге дейін түсініксіз сурет салып жазып кетіпті. Жастар қызықтап көріп, тіпті суретке түсіріп алып жатты. Артынша полиция келіп үстінен бояп өшірді. Граффитиде есірткі сатушылардың интернеттегі адрестері жазылғанын сонда ғана білдік. Бұл жасөспірімдер үшін өте қауіпті. Солар алданып қалмас үшін ашық күресу қажет, − дейді қала тұрғыны Бақытжан Төлепов.

Қабырғадағы суреттерде жазылған сілтеме арқылы өтіп көрдік. Ол сайттарда есірткінің қай түрін қай қаладан табуға болатыны жазылған. Сайтқа кіріп ақпарат алу аз уақытқа ғана қолжетімді болады. Әрі қарай кіре алмай қаласың. Бұл да – есірткі сатушылардың қулығы. Былтыр қаламызда қабырғаларға есірткі заттарын жарнамалайтын электронды мекен-жайы көрсетілген граффити жазбалар жазған 20 жастағы қыз ұсталды. Суреттер 8 мамыр күні таңғы сағат 04:00-05:00 шамасында пайда болған. Полиция барлығы 110 дана граффити жазбаларды үстінен бояп жойды. Әйтпесе жарнамадан соң тұтынушылар саны күрт артуы мүмкін. Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 299-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген. Қыз өз жауабында әлеуметтік желілер арқылы тапқан курьерлік жұмысы үшін 70000 теңге көлемінде сыйақы алғанын, салып жүрген суретінің қылмысқа қатысы барын білмегенін айтқан.

− Өткен жылы әлеуметтік желі арқылы синтетикалық есірткіні Қызылорда қаласында тарату деректерін анықтау мақсатында департаменттің әртүрлі қызмет салаларынан жедел тергеу топтары құрылып, қала көлемінде рейдтік іс-шаралар жүргізілді. Нәтижесінде, облыс орталығында синтетикалық есірткі жасырылған 75 нүкте, олар бойынша 1 қылмыс пен 3 қылмыстық теріс қылық анықталып, 72 дерек бойынша сараптама тағайындалды. Ауқымды іс-шараның арқасында аталған қылмысты жасаған қала тұрғыны құрықталды. Одан бөлек, тамыз айында Атырау және Семей қалаларының тұрғындары ұсталды. Тінту кезінде олардың қала орталығынан жалдаған пәтерлерінен, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы тапсырыс қабылдап, жасырып қойған нүктелерінен жастар арасында «Мефедрон», «Эфедрон», «PVP» атауымен танымал синтетикалық есірткі заттай дәлелдеме ретінде алынды, − дейді облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бөлім басшысы Ардақ Дөненов.

Жаза жоқ деме, заң бар

Тыйым салынған затты сатқаны үшін заң бойынша жаза бар. Қылмыстық кодекстің 299-1-бабына сәйкес, есірткі заттарды насихаттағаны немесе заңсыз жарнамалағаны үшін үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Осы баптың 2-бөлігінде алдын ала сөз байласып, топ құрып, жарнамалап қызмет бабын пайдаланса, үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Облыс бойынша 721 адам нашақорлық есепте тұр. Оның жетеуі − әйел, екеуі − жасөспірім. Ал синтетикалық есірткі тұтынып тіркелмегені қаншама?

Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының мәліметінше, осы жылдың 3 айында 46 есірткі қылмысы анықталған. Оның 18-і − қылмыс, 28-і − қылмыстық теріс қылық. Аса ірі мөлшерде есірткі сақтаған 4 оқиға, есірткі сатудың 12 жағдайы тіркелген. Заңсыз айналымнан 5 келі 504 грамм есірткі алынған. Синтетикалық есірткінің саудасы қызып тұр. Жарнамасына да тосқауыл болмай, жастар санасын улап жатыр. Елімізде есірткіге қатысты заңнама жетілдіріліп, жаза қатайтылғанымен, нашақорлықтың алдын алуды жүйелі ұйымдастыру тетігі әлі де табыла қойған жоқ. Елімізде есірткі тұтынушылардың жылдан жылға артуының себебі де осы.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<