Сәби жүрегіндегі жүк

603

0

Бала асырап алушылардың базынасына жауап

«…Сәбидің бәрі бақытты, болуы үшін жаралған». Иә, осы бір әнді тыңдап отырған төрт құбыласы түгел адамның өзінен де мұң сезіліп, көзінен ып-ыстық жас сау ете қалады. Қазақ «Жетім көрсең жебей жүр» дейді. «Жетім болса, жетілер» деген де сөз бар. Бірақ, жетім-ғұмырды жетілдіру, сынған қанатын қалпына келтіру, сәбидің нәби жүрегін аялау қазіргі қоғамның қолынан келіп жатыр ма? Көкек аналар көбейіп, желөкпе әкелердің саны артқан кезде періште жүректердің нендей жазығы бар еді деп ойға шомасың…

Сондықтан ата-анасыз қалған балалар мен балалы болғысы келетін аналар жайына жан-жақты тоқталып өттік.

Күйік кешкен кейіпкерлер

Жетімдер мен бала асырап алу, олардың денсаулығы һәм тағдыры жайлы толғанбаған жазушы кемде- кем. Қай дəуірді алсақ та, жырауларды сөйлеткен, ақын-жазушылардың қолдарына қалам ұстатқан тақырыптың бірі – қорғансыз жетімдер өмірі.

Бұл тақырып əлем əдебиетінде үлкен орынға ие. Дат жазушысы, ертегіші Ганс Христиан Андерсеннің бір ғана «Шырпы сатқан қыз» деп аталатын ертегі-əңгімесін мысалға алсақ жеткілікті. Ағылшын жазушысы Чарльз Диккенстің «Оливер Твистің басынан кешкендері», «Дэвид Копперфильд», француз жазушысы Виктор Гюгоның «Аластатылғандар» тəрізді көлемді шығармалары жəне американ жазушысы Джек Лондонның «Жолдан тайған», орыс қаламгерлері А.Чеховтың «Ванька», «Ұйқы келеді», А.Горькийдің «Жетімек», А.Серафимовичтің «Торғай түн» əңгімелері деп жəне жалғастыра беруге болады.

Ал қазақ əдебиетінде балалар өміріне арналып жазылған шығармалар, олардың ішінде панасыз балалар жайындағы туындылар дегенде М.Əуезовтің «Қорғансыздың күні», «Жетім», С.Дөнентаевтың «Көркемтай», Қ.Кемеңгерұлының «Жетім қыз», «Момынтай» əңгімелері бірден еске түседі. Көңіл құлазытады. Осы көркем шығармалардағы кейіпкерлерді шын өмірде көргенде тіптен ет жүрегің езіліп кетердей күй кешесің.

Сәби үйі: Үт ұшындағы үміт

Сыр елінде «Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының облыстық мамандандырылған Сәби үйі» атты мекеме бар. Көбі бұл орын туралы тіс жара бермейді. Иә, өйткені мұнда тағдырлы балалар тәрбиеленіп жатыр.

Отбасы – адам өмірінде кездесетін бағалы құндылықтың бірі. Жер жаһанда отбасынан жылулық, ата-анасынан махаббат, шаңырағынан шаттық іздемейтін адам жоқ-ау, сірә? Өйткені, күрмеуге келмейтін қысқа ғұмырда көңілді көтеріп, жанды жадырататын бірден-бір орын – отбасы. Алайда, шыр етіп дүние есігін ашқаннан-ақ, адамзат үшін асыл мекен отбасынан ажырап қалып жататындар да бар. Осындай, өмірге келе сала тағдыр тепкісіне тап болған балалардың құт мекеніне айналатын, отбасыдан ала алмаған жылулықты сыйлап, үлкен өмірге бағыттайтын бірден-бір мекеме – «Облыстық мамандандырылған Сәби үйі». Жүз жылдан аса уақыт бойы мейірімге зәру талай балаға жаншуағын төгіп, өзгенікі деп өзекке теппей, жәутең көздің аяққа тұрып кетуіне себепші болып келе жатқан асыл мекен.

Бәрі түсінікті болу үшін, мекеме туралы ресми ақпаратқа көз жүгіртейік. «Облыстық мамандандырылған Сәби үйі» 2012 жылы жаңадан салынған. Жалпы жер аумағы 7000 шаршы метрді қамтитын 2 қабатты ғимаратта орналасқан. Қазіргі таңда 60 төсек орнында 4 жасқа дейінгі 14 бала тәрбиеленуде.

– Сәби үйі 1920 жылы ашылған. Бұл – статусы бойынша 3 жасқа дейінгі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, дені сау некесіз жалғызбасты аналардан туған «Үміт» тобы балаларына және әлеуметтік жетімдіктің алдын алу мақсатында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының 4 жасқа дейінгі ақыл-ой мен дене дамуында ақаулықтары бар балаларға арналған мекеме.

Сәби үйі барлық медициналық көмек түрлерін көрсетедi. Жылына 65-70-ке жуық бала осында тәрбиеленуге беріледі. Оның ішінде тастанды балалар 4-5 пайызды құраса, 90 пайызға жуығы – арнаулы әлеуметтік қызметке мұқтаж балалар. Жыл сайын тәрбиеленушілердің 5 пайызы патронаттық тәрбиеге, 3-4 пайызы қамқоршылық тәрбиеге, 2 пайызы асырап алуға беріледі, ал қалған 85 пайызға жуығы тұрмыс жағдайы түзеліп, жақсаруына байланысты өз отбасыларына қайтарылады, – деді мекеменің бас дәрігері Гүлсім Ержанова.

Оның айтуынша, балалар қалалық білім бөлімінің қорғаншылық және қамқоршылық функцияларын жүзеге асыратын органның жолдамасы негізінде орналастырылады екен. Қызметкерлері болса бала түскеннен кейін мәліметтерін республикалық деректер банкіне тіркеп, барынша қысқа мерзімде статусын айқындап, тез арада өз отбасын табуға көмектесуге тырысады. Себебі мұндағы мамандар әр сәби өз отбасын тауып, әке мен шешенің алақан жылуын сезіп өсулерін қалайды.

Қазіргі таңда облыстық мамандандырылған Сәби үйінде баланың толыққанды жетілуі, дамуы үшін бар жағдай жасалған. Атап айтқанда, 2020 жылдан бастап, жергілікті әкімдіктің қолдауымен балалардың ментальдық жүйесін жақсарту, релаксация жүргізу мақсатында толық жабдықталған сенсорлық бөлме ашылды. Соңғы 3 жылда осы бөлме арқылы 212 бала өткізілген. Мұнда музыка терапиясы арқылы жүйке жүйесінің қызметіне пайдалы, миды тыныштандыруға релаксация жасалады. Психикалық процестерді жеделдетеді, сезім арқылы түйсінуді, ұсақ және ірі қол моторикасын дамытады.

Атыңнан айналайын «Атамекен»

Осыдан 7 жыл бұрын Қызылордада «Атамекен» отбасылық үлгісіндегі балалар ауылы ашылған-ды. Екі қабатты 8 тұрғын үй мен бір әкімшілік ғимараттан тұратын қалашықта 3-18 жас аралығындағы 60 тәрбиеленуші бар.

7-10 бала тұратын әр үйге «Ақ жайық», «Байқоңыр», «Үшқоңыр», «Алатау» сынды атаулар берілген. Ауылда қырықтан аса қызметкер жұмыс істеп, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың өсіп, қоғамға бейімделуіне көмектеседі. Сөйтіп бұрынғы жетімдер үйі таратылып, балалар отбасы жылуын сезінуі үшін отбасы үлгісіндегі үй-жайға көшірілді.

– Жетімдер үйін балалар ауылына ауыстырудағы басты мақсатымыз – балаларды өзін-өзі қамтамасыз етуге, қоғамдық ортаға бейімдеу. «Атамекен» отбасылық үлгісіндегі балалар ауылының ерекшелігі – оларда өздері оқитын мектепті таңдау құқығы бар. Бүгінде біздің тәрбиеленушілер қаладағы 5 мектепте білім алып жатыр. Екіншіден, бір анадан туған балаларды ажыратпаймыз. Олар бір үйде, бір отбасында тәрбиеленеді. Сондай-ақ, бір отбасының ана-тәрбиешісі ешқашан өзгермейді. Тәрбиеші аптаның бір күнінде ғана демалып келеді. Қалған уақытта сол балалармен бірге тұрады. Мемлекеттің қолдауының арқасында әр қолға алған жұмысымыз алға басып, мақсатымызға жақындап жатырмыз, – деді «Атамекен» отбасылық үлгісіндегі балалар ауылының директоры Л.Скакова.

Адамды орта тәрбиелейді. Сондықтан балалар да барлық жағдаймен танысып, бар мүмкіндікті көруі керек. Қазіргі кезде балалардың «Дарын», «Білім-инновация», Назарбаев зияткерлік мектептерінде де білім алуы үшін қолдан келген көмек көрсетіледі.

– Осыдан 6-7 жыл бұрын бұл жердегі балалар тіпті ҰБТ-ға кіруге жүрексінетін. Олар тек 9 сыныпты бітіріп, орта білім ұйымдарында оқитын. Балаларды білікті мұғалімдерге қосымша дайындыққа беріп, ұлттық тестке әзірледік. Әлі де жұмыс жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, қаладағы барлық қосымша білім беру ұйымдарының, спорттық-сауықтыру кешендерінің қызметін толық пайдаланып отыр. Бір бала 2-3 үйірмеге қатысып, білімі мен дарынын жетілдіруде. «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылында да 17 үйірме жұмыс істеп жатыр. Робототехника кабинеті, тігін цехы, арт-студия, тағы бірнеше құралдармен жабдықталған кабинеттер бар. Бала өзінің бейіміне қарай кез келген уақытта осында бос уақыттарын өткізеді, – дейді Л.Скакова.

Мекеменің мақсаты – материалдық жағдайын жасап, білім беріп қана қоймай әлеуметтік ортаға бейімделіп кетуіне ықпал ету. Мектеп бітіргеннен кейін міндетті түрде жоғары және орта оқу орындарына түсіру. Жасөспірімдерді бейімдеу орталығына орналастырады. 23-тен 29 жасқа дейін Жастар үйінде тұрады. Балалар ауылының түлектері оқуын бітіргенше 70 пайызы үймен қамтылған. Себебі балалар ауылындағы бала келген күннен бастап мемлекеттің үй кезегіне қояды. Оқу бітірген балалардың жұмысқа орналасуына жәрдем беріледі.

Тентегің терезеге телмірмесін десек…

Негізінен бұл – ауыр тақырып. Адамдардың жүрегін қозғап жіберетін мәселе. Ал «шешу жолы қандай?» дегенге келсек, әр отбасы бала асырап алуға күш салса, балақайлар жат мекеннің терезесіне телміріп қарамаушы еді деген ой келеді. Сондықтан осы тұста «Бала асырап алу туралы әңгімелердің расы мен өтірігі қандай?» деген сұрақты да тарқата кеткенді жөн көрдік. Көбісі «Бала асырап алу үшін басымда баспанам болуға тиіс» және «Көп уақыт пен энергияны алады» дейтін ойдан бұл істі кейінге шегеріп келеді. Республикалық «Ана үйі» қоғамдық қоры ұлттық бала асырап алу агенттігінің директоры Фарида Рахметова осы тақырыптағы әңгіменің тиегін тарқатқан еді.

Ең әуелі «Баладан биологиялық ата-анасы теріс айналса, демек бірнәрсе дұрыс емес пе?» деген сауал туындайды.

– Биологиялық ата-анасы баладан түрлі себеппен теріс айналуы мүмкін. Мүгедектігі бар баласынан теріс айналатын жағдай жиі болады. Үш баласы бар жалғызбасты әйел төртіншісін босанған соң бір-ақ есін жиып, «төртеуін бірдей асырай алмаймын» деп бас тартуы да мүмкін. Кей әйелдің босанғанынан ата-анасы хабарсыз болып жатады, содан кейін олардан қорқып, сәбиін тастап кетеді. Түрлі жағдай бар. Алайда мекемедегі балалардың көбі ата-анасының қамқорлығынан арнайы акт бойынша алынған. Ата-ана балаға дұрыс көңіл бөлмей, қажетін өтей алмаған соң баланы құзырлы органдар алып кетеді. Сондықтан мұндағы баланың бәрін бірдей тастанды немесе ауытқуы бар деуге келмейді.

Баланың кейбірі өз жасынан кіші көрінуі, кештеу сөйлеуі мүмкін. Алайда ата-ана махаббатынан кейін мұның бәрі аз уақытта қалпына келеді, – дейді Ф.Рахметова.

«Бала асырап алу үшін міндетті түрде жеке баспанам болуға тиіс және некеге тұруым керек» дегендерге де жар бар. Мамандар «ҚР «Неке және отбасы туралы» кодексіне сәйкес, бала асырап алуға үміткердің жеке баспанасы болуы міндет емес. Пәтерді жалдап тұрсаңыз, келісім-шартыңыз сұралады. Осы қағаз негізінде құжат тапсыра аласыз. Кодекс бойынша некеге тұрмаған әйелдерге заң бойынша бала асырап алуға рұқсат бар» деп жауап береді.

Ал Фарида ханымның айтуынша, бала асырап алуға үміткер «Асырап алушылар мектебінде» міндетті түрде 3,5 ай оқуы керек екен. Енді курстан өткені жайлы сертификаты бар азамат қана бала асырап алуға өтініш бере алады. Мұндай өзгеріс 2020 жылдан бастап енгізілген. Одан кейінгі құжат тапсыру процесі оңай. Қазір мұның бәрін үйден-ақ, eGov порталы арқылы өткізуге болады. Медициналық анықтаманың бірін алуға ғана тиісті мекемеге баруыңыз мүмкін.

Маманның сөзінше, сіз үміткер ретінде өзіңіз тіркелесіз. Кейін құжаттар жергілікті қамқоршы-қорғаншы кеңесіне түседі. Ондағы қызметкерлер бір аптаның ішінде үйіңізге келіп, оны қарап, акт толтырады. Жалпы құжат тапсыру процесіне көп дегенде 10 күн кетеді. Әрі қарай бір мекемеге барып, бала іздеудің де керегі жоқ. Қазақстандағы жетім балалар деректері банкі деген сайт бар. Ел бойынша барлық мекемедегі балалардың тізімі мен анкетасын осы жерден табуға болады. Анкетасын зерттеп, баламен кездесуге мүмкіндік ала аласыз. Кейін баланы отбасыға қабылдап алу процесіне жалпы 3,5 айдан бастап 9 айға дейін уақыт кетуі мүмкін. Құрсаққа бала біткен соң оны дүниеге әкелу үшін де тоғыз ай күтуіңіз керек қой. Сол сияқты бұл балаға да дайындалуыңыз, оны күтуіңіз керек.

Айта кетейік, заң бойынша асыраушының жас ерекшелігіне қатысты қандай да бір талап жоқ. Тек асырап алушы мен баланың жас айырмашылығы 16 жылдан кем болмауы керек. Мысалы, өзіңіз 25 жаста болсаңыз, 9 жастағы және одан кіші баланы асырап ала аласыз.

Статистика комитетінің дерегінше, кейінгі 5 жылда жетімдер үйіне қайта келген балалар үлесі жалпы асырап алынғандардың 15-20%-ы екен. «Баланы тәрбиелей алмаймын-ау» деген қорқынышы бар үміткерге көп дайындық қажет. Жоғарыда айтқанымыздай, әуелі «Асырап алушы ата-аналар мектебінен» өтуге тиіс. Одан кейін «Қонақжай отбасы» деген форма іске қосылған. Бұл форма бойынша бірден баланы асырап алу міндеттелмейді. Тек демалыс күндері, оқудан тыс уақытта баланы өзімен әкетіп, бірге уақыт өткізіп, қонақ қылуға мүмкіндігі бар.

– Асырап алуға үміткер, бала тұрып жатқан мекеменің иесі және жергілікті құзіретті орган үшжақты келісім-шарт жасайды. Келісім-шарт жарты немесе бір жылға иә бір айға жасалуы мүмкін. Бұл – баланы бақылап, бір жағынан өзіңізді сынауға мүмкіндік. Ес біліп қалған баланы қабылдауға ниетті ата-анаға әуелі осы жолды ұсынамыз.

Сонымен қатар уақыт өте баланы қайтарып беруге тура келеді деп қорқып жүрген азаматтар үшін де осы форма – жақсы мүмкіндік. Осылайша, бір баланың тағдырын сақтауға болады. Себебі асырап алушыға мұнан келіп-кетер ештеңе жоқ. Ол бұл әрекеті үшін әкімшілік айыппұл да төлемейді. Ал баланың психикасы зардап шегуі мүмкін. Әуелі оны өз ата-анасы тастап кетті. Екінші рет сеніп, бөтен үйге барғанда, кейін олар да тастап кетсе, бұл баланың жан жарасын емдеу тіпті қиын болады. Бала – тұлға. Асырап алушы екінші адамның алдындағы жауапкершілікті сезінуі керек, – дейді маман.

Төртеу түгел болса…

Баланы қабылдап алудың бұдан өзге төрт формасы бар: Біріншісі – асырап алу. Бұл форма сот шешімімен тағайындалады. Шешім күшіне енген соң үміткерлер баланың фамилиясын, үш жасқа дейінгі баланың туған күнін өзгерте алады. Баланы асырап алған кезде төленетін бірреттік жәрдемақы бар. Бұл форма бойынша 75 АЕК жәрдемақы беріледі.

Екіншісі – қамқоршы-қорғаншы болуы. Бұл форма – «14 жасқа дейінгі балаларға қатысты қамқоршылық», «14 жастан асқан балаларға қатысты қорғаншылық» деп аталады. Асырап алудың бұл түрі жергілікті басқарушы органдардың шешімімен жүзеге асады. Бұл кезде асыраушы баланың деректерін өзгерте алмайды. Мектеп жасына дейінгі балаға 9 АЕК, ал мектеп жасындағы балаға 10 АЕК жәрдемақы төленеді. Ақша ай сайын баланың шотына түсіп отырады. Қамқоршы-қорғаншы заңды өкіл ретінде ақшаны алып, баланың қажетіне жаратуы керек. Жұмсалған ақша бойынша әр жарты жыл сайын қамқоршылық-қорғаншылық органдарына есеп беріп отыруға міндеттеледі.

Үшінші форма – патронат тәрбие. Патронат тәрбиеші болу үшін педагогикалық немесе осы салаға теңестірілген мамандық иесі болуыңыз керек. Осы формаға сәйкес, төрт балаға дейін қабылдауға болады. Бұл үшін жергілікті құзіретті органдар мен патронат тәрбиеші арасында келісім-шарт жасалады. Бұл кезде де баланың фамилиясы, аты, туған күні сияқты деректерін ауыстыруға болмайды.

Мектеп жасына дейінгі балаға ай сайын 9 АЕК, мектеп жасындағы балаға 10 АЕК жәрдемақы төленеді. Сонымен қатар патронат тәрбиешіге бөлек жалақы қарастырылған. Оның құны тәрбиешінің біліміне байланысты өзгеруі мүмкін.

Төртінші форма – қабылдаушы отбасы. Асырап алудың бұл түрі бойынша өтінішті тек толыққанды отбасылар бере алады. Бұл кезде де екіжақты келісім-шарт жасалады. Қабылдаушы отбасыға кемі төрт, ең көп дегенде 10 бала асырап алуға болады. Бұл форма бір үйдің бірнеше баласын бірден асырап алғысы келетіндер үшін ыңғайлы. Мұнда да әр балаға ай сайын төленетін жәрдемақы бар. Бұдан бөлек мемлекеттен әкесіне де, анасына да ай сайын ақы төленеді. 10 жастан асқан баланың таңдауға құқы бар. Ол өзін асырап алуға келісім беруге тиіс. Ол бас тартса, 18 жасқа дейін мемлекеттік мекемеде қала алады.

Бала асырап ала алмайтындар

Осы тұста «Кімдер бала асырап ала алмайды?» деген де сұрақ мазалайтыны рас.

– Жуырда Денсаулық сақтау министрлігі бала асырап алу, оны қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа қабылдап ала алмайтын аурулар тізіміне өзгеріс енгізді. Енді жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы (ЖИТС) және адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) сияқты ауруы бар азаматтар да бала асырап алуға үміткер бола алады.

Ал кімдер бала асырап ала алмайды?

Некеге тұрмаған ер адам;

Айлық табысы жоқ немесе арнайы көрсетілген межеден кем табыс табатын адам;

Психо-неврологиялық, наркодиспансерде, тубдиспансерде есепте тұрған адам;

Тері аурулары, жұқпалы аурулары бар азаматтар;

Психикалық аурулар (невроздық, күйзеліспен байланысты және соматоформалық бұзылулардан басқа), маскүнемдік, нашақорлық, токсикомания, туберкулез, жыныстық жолмен жұғатын аурулар, алапес, дәнекер ұлпалар дезорганизациясының ауыр түрі (жүйелі қызыл жегі, терінің қатаюы, дерматомиозит), ауыр дерматоз түрлері, сырттан үнемі көмек пен күтімді қажет ететін ауруға шалдыққан азаматтар;

Өтеліп бітпеген соттылығы бар азамат;

Адам өлтіру, экстремизм, терроризм бойынша соттылығы бар азаматтар;

Тұрғын үй бойынша (өз үйі/жалдамалы пәтер) құжат көрсете алмаған азаматтар бала асырап ала алмайды, – дейді Фарида Рахметова.

Қоғам құбылмалы. «Бала асырап алсам, көпшілік мұны жәрдемақы үшін істеді» деп ойлауы мүмкін. Мекемеге үміткерлер хабарласқан сәтте ең әуелі бала асырап алудағы мақсатын, мотивін білуге тырысады. Мотив конструктив және деструктив деп екіге бөлінеді.

Деструктив мотивтердің бірі сол – ақша үшін бала асырап алуға әрекет ету. Психологтар бала асырап алуға үміткерлерді психологиялық дайындық кезеңіне жібермес бұрын диагностикалық сұхбат өткізеді. Адам қанша жасырса да, ниеті бірден білінеді. Мұндай азаматтарды «Асырап алушы ата-аналар мектебі» кезеңіне де жеткізбеуге тырысады.

Баланы асырап-бағу оңай іс емес. Бір баланың өзіне қаншама қаржы, күш-қуат кетеді. Мемлекет сол үшін жәрдемақы беріп отырса, неге алмасқа? Жәрдемақы жайына келгенде күмілжіп қалатын үміткерлерге де айтылатын әңгіме – осы. Мемлекет бұл ақшаны баланың қажетіне жұмсау үшін беріп отыр.

Ал балаға деген құштарлық, махаббат, мейірім дегендей құндылықтың өтеуі өте қымбат. Осыны жан-жүрегімен сезіну – ең басты мәселе дегенге саяды мамандар сөзі. Шындығы – осы.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<