Теңізбен тамырлас тұлға

274

0

Бұл әулеттің тарихы теңізбен тығыз байланысты. Әділбектің атасы Әйімбеттен бастап, одан тараған ұрпақтары күні бүгінге дейін, яғни екі ғасыр бойы атакәсіпті нәсіп етіп келеді.Әкесі Ізбасар теңіз суына кеткен әкесі Әйімбеттен айырылып, жетім өседі. Ерте есейіп, қарасирақ бала болса да, таң білінер-білінбесте тобықтан құм, толарсақтан саз кешіп, теңізге бет алатын.

– Әкеміз жастайынан серілікке бейім болған. Сауда-саттықпен айналыса жүріп, орыс тілін меңгеріпті. Содан Жұмакүл анамызды алып кетіп, Мәскеуде үш жыл тұрған.

Туған жерге оралған шақта Ұлы Отан соғысы басталады. Атадан қалған жалғыз жапырақ болса да, 1941 жылы қан майданға аттанды. Сталинград шайқасына қатысып, аса ауыр жарақат алған соң 1944 жылы елге оралып, аудандық партия комитетінің нұсқауымен бүгінгі «Қарашалаң» ауылындағы «Стан» учаскесіне басшы етіп жіберілген. Осы жерде 1946 жылы өмір есігін ашыппын. Ел аралап жүрген жырау түнімен үйді жырға бөлеп, атымды сол кісі қойыпты. Әкем ертеңіне оған бір шана балық сыйлап, шығарып салған екен, – деді Әділбек.

Осы жазбамды жазарда жерлесіміз, белгілі жазушы Қуаныш Жиенбаевтың «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Әдекең теңізге қарыз, теңіз Әдекеңе қарыз» деген көлемді мақаласы ойыма орала кетті. Оқырман қауым, екі жақтың бір-біріне қарызы жайлы сәлден соң айтармын, алдымен Әдекеңнің өнегелі өмір жолына сәл-пәл шегініс жасалық.

1963 жылы Жалағаш кентіндегі орыс орта мектебін күміс медальмен тәмамдаған ол қолына кетпен мен күрек алып, еңбек жолын қатардағы құрылысшы болудан бастады. 1965 жылы Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтына оқуға қабылданды. Экономика мамандығын иеленген ол жолдамамен мемлекеттік жоспарлау комитеті жанындағы Алматы экономика ғылыми-зерттеу институтына инженер-экономист қызметіне тағайындалды.

Теңізбен тамырлас болған оны туған жер топырағына табаным тисе екен деген ой күн сайын мазалайды. Сөйтіп 1970 жылы Аралымен табысып, алдымен «Аралтұз» комбинатында лаборатория бастығы, кейіннен «Қызылордақұрылыс» тресінде бөлім бастығы қызметтерін атқарды. Бертін келе Қызылорда қалалық, облыстық партия комитеттерінде нұсқаушы, экономика бөлімінің меңгерушісі, «Аралтұз» комбинатының директоры, Арал аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметтерінде болған ол «Арал балық өндірістік бірлестігінің» бас директоры қызметіне 1991 жылы тағайындалады. Тоқырау жылдары іргелі өндіріс орнының құрдымға кетпеуіне Әдекеңнің сіңірген еңбегі орасан зор.

Ресей Басқару академиясынан менеджер мамандығын алған ол аймақ басшылығының ұсынысымен 2000 жылы республикалық «Қамыстыбас балық өсіру питомнигі» мемлекеттік кәсіпорнына директор болды. Осы жерден зейнет демалысына шыққан Әдекең қол қусырып қарап отыруды қаламайды. Арал балық комбинатын жеке иелігіне алып, «Арал сервистік дайындау орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды. Осы зауыттың атқарушы директорлығына облыстық балық шаруашылығын дамыту консорциумының төрағасы қызметін қоса атқарып келеді. Арал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қоғамдық қызметі тағы бар. Қазір елімізді ғана емес, ондаған шет елді балық өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «Арал сервистік дайындау орталығының» тыныс-тіршілігі жайлы сәлден соң баян етілмек. Ендеше сөз кезегін, жоғарыда айтқандай, «Әдекең теңізге қарыз, теңіз Әдекеңе қарыз» пайымына берелік.

– Жазушы ініңіз Қуаныш Жиенбаев айтқандай, Арал теңізі сізге қарыз көрінеді ғой? – дедім сөз арасында.

– Жо…жоқ, біз теңізге, Аралға қарызбыз. Айтайын.

Өздеріңізге мәлім, кезінде мұз жастанған аралдық балықшылар Еділ бойына 14 вагон балық жөнелтіп, есімдері тарихқа жазылып қалған.

Өкінішке қарай, Кеңес үкіметі кезінде Сырдария мен Әмудария өзендерінің суын орынсыз пайдалану салдарынан теңіз тартылып, ол жағалаудан 150-200 шақырымға қашықтап кетті. Тұтас бір аймақтың экологиялық тепе-теңдігі бұзылып, экологиялық аймаққа айналды. Ғалымдар келтірген деректерге жүгінер болсақ, Арал жағалауынан жылына 75 миллион тонна тұз ауаға көтеріліп, аймақты ғана емес, еліміздің біраз аумағын тұзды өңірге айналдырды. Теңіз суында тұз мөлшерінің шектен тыс көбеюінен балықтар мүлде жойылды десем, асыра айтқаным болмас. Осы тұста «Арал тағдыры – адам тағдыры» деген ұстаным ажырамас егіз тіркеске айналды. Міне, теңіз бізге емес, біз теңізге қарызбыз.

«Аралбалық» комбинатына бас директор болып келуім-ақ екен, кәсіпорынға еркіндік берілді. Себебі, еліміз Тәуелсіздігін алған жылдары мемлекеттің бұл өндіріс орнын ұстап тұруға шамасы жоқ еді. Ол кезде теңізде де тіршілік көзі жоқ есеп-ті. Көлдерден ауланған балық кәсіпорын сұранысының 5 пайызын ғана қамтамасыз ететін, – дейді Әдекең.

Өндіріс орнының шаңырағын шайқалтпай ұстап қалу оңайға соққан жоқ. Әдекеңнің тікелей бастамасымен «Қапшағай», «Балқаш», «Бұқтырма» су қоймаларымен байланыс жасалып, балықшылар осы жерге аттандырылды. Сондай-ақ Атырау балық комбинатымен де келісім жасалады. Мұнда ауланған балық сол жерде тұздалып, Аралға өндіріс орнына жеткізілетін. Тіпті сонау Мурманскіге барып, Қиыр Шығыс, Балтық жағалауынан жылына 6-7 мың тонна мұхит балығын әкелуге мұрындық болады. Ал 1990 жылдары «Ақбасты» учаскесінің «Шығанақ» аймағы мен «Тастүбек» учаскесіне камбала балығының ұрығын жіберіп, аулауды да өндіріске енгізеді. Бұл – даниялық балықшылармен жасалған «Каттегаттан Аралға дейін» деген халықаралық жоба.

1992-1994 жылдары Әдекең бір топ балықшыларды алып, Дания еліне барып, тәжірибе алмасады. Курт есімді азаматтың бастамасымен Аралға мың ау, балықшы киімдері мен құралдарын әкеліп, камбала балығын аралдықтардың асыраушысына айналдырады.

– Сол кезде бірлестіктің негізінде «Аралбалық» акционерлік қоғамы болып қайта құрылым жасалды. Уақытында берілетін мемлекеттік субсидия жабылып, өзін-өзі асырау заманы туды. Өндіріс орнында жұмыс істейтін мыңға жуық адамды ұстап тұру оңай болған жоқ.

Балықшылардың мұң-мұқтажын айтуға Бердібек Сапарбаевтың қабылдауына бардым. Жағдайды баян еттім. Сол-ақ екен Бердібек Машбекұлы Атырау әкіміне қоңырау соқты. Ертеңіне 100 тоннадан астам балық алуға қол жеткізіп, ұжым мүшелерін бір қуанышқа кенелткенім бар, – дейді Әдекең.

2000 жылдың наурыз айында «Қамыстыбас» балық өсіру питомнигіне басшылыққа келді. Мемлекеттен бары-жоғы 4 млн 800 мың теңге алынады екен. Айлықтарын алты айлап ала алмай жүргендіктен ауыл тұрғындары үдере көшіп жатты. Өндіріс орнын сақтап, ауыл тұрғындарының көшуіне тоқтам салуды ойлаған Әдекең ат сабылтып қаржы көзін іздестіреді. Үкіметтен 9 млн теңге, ал келесі жылы 11 млн теңге алуға қол жеткізеді.

– Ұмытпасам, 2003 жылы Қызылордаға сол кездегі ҚР Премьер-министрі Қасым-Жомарт Тоқаев көшпелі мәжіліс өткізуге келді. Сол мәжілісте «Қамыстыбас» балық өсіру питомнигінде 12 млн бас майда шабақ өсіру жобасын қолдады. Мұны іске асыруға 25 млн теңге қосымша қаржы сұралып, Үкімет қаулысына енді.

Осы қаулының өмірге келуіне сол кездегі басқарма басшысы И.Әбибуллаевтың, ал қаржының қаралуына Парламент депутаты Б.Досмамбетов пен Ұ.Қараманов ағамыздың сіңірген еңбектері орасан болды, – дейді ол.

Иә, Әдекең айтса айтқандай, сол жылдары «Қосжар» мен «Тастақ» ауылдары ажарланып, балық өсіру питомнигі озық өндіріс орнына айналды. Жаңа ғимараттар жарыса бой көтеріп, ондаған тұрғын үй салынды. Сондай-ақ өндіріс орнына көптеген техника алынып, балық сақтайтын 200 тонналық мұздатқыш пайдалануға берілді. Балық бассейні салынды, Израильге балық өсіруші азаматтар барып, «Машав-Юсайд» арқылы құны 200 мың АҚШ доллары тұратын уылдырық шайқау аппараттары алынды.

– Әдекең басшылыққа келген жылдары өсірілетін майда шабақтар 3 млн-нан 13 млн данаға жеткізілді. Жүзге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, еңбекақымыз 6 мың теңгеден 65-75 мың теңгеге жеткізілді, – дейді ауыл тұрғындары.

Осылайша «Қосжар» балық өсіру питомнигі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ең үздік өнеркәсіп» атағын алды. Ә.Әйімбетов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, «Балық шаруашылығының еңбегі сіңген қызметкері» атағын иеленді.

«Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Аралдың солтүстік бөлігін сақтау» жобасының нәтижесінде қаладан 75 шақырымға қашықтап кеткен теңіз 17 шақырымға дейін жақындады. Бұрын жоғалып кеткен балықтың 22 түрі қайта тіріліп, балықшылар атакәсіптеріне орала бастады.

Бір өкініштісі, балық қабылдау пункті мен өңдеу зауытының жоқтығынан балықшылардың теңіз-көлдерді жағалап аулаған балығы тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп жатты. Демек, балық қабылдануы, өңделуі, ел-халық несібесіне берілуі керек. Осындай шешімге тоқтам жасаған Әдекең 2008 жылы «Оңтүстік» әлеуметтік корпорациясы мен банктен қомақты несиеге қол жеткізіп, балықты қазіргі заман талабына сай өңдеуге кіріседі. «Аралбалық» комбинатын мүмкіндігінше қайта қалпына келтіріп, балық өңдеу зауытының іргетасын қалап, 2010 жылы қараша айында зауыт жұмысын бастады. Осы жылы «Арал сервистік дайындау орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шаңырақ көтерді. Оның демеушілігіне баласы Нұрбек Әйімбетов кірісіп, күні бүгінге дейін жылма-жыл инвестиция салып, зауыт еуростандартқа сай жұмыс жасауда.

Серіктестік ә дегеннен «Аралбалық» комбинатына қарасты ғимараттарды қыруар қаржы жұмсап, аз ғана уақыт ішінде қалпына келтіріп, балық қабылдауды бастады. Германия, Италия елдерінен құрал-жабдықтар алынады, ондаған автокөлік, оннан астам балық мұздатқышы мен сақтау камералары салынды. Балықшыларға 30-ға жуық моторлы қайық берілді. Теңіз жағалауына баратын жолдар жөнделіп, балық қабылдау пункттері мен балықшылар жатақханасы бой көтерді.

2014 жылы 18 су учаскесі бар Кіші Арал теңізінен 5 учаскені «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС-нің тендер арқылы жеңіп алуы тектен-тек болмаса керек. Бүгінде бұл зауытта тәулігіне 56 тонна, ал бір жылда 5 мың тоннаға дейін балық сақтауға мүмкіндік туып отыр. Оны талапқа сай сапалы өңдеп, елімізге ғана емес, шетелдерге де жіберіп отыр. Атап айтар болсақ, балық өнімдері Ресей, Грузия, Польша, Дания, Германия, Нидерланды, Литва елдеріне жіберілуде.

«Арал сервистік дайындау орталығында» бүгінгі таңда 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылған, 60-ы тұрақты, ал қалғандары балық аулау маусымы кезінде жұмысқа тартылады. Айлық табысы уақытылы беріледі, әлеуметтік сақтандыру да жасалған.

Сөз орайы келгенде Әдекеңе:

– Сіздің теңіз алдындағы қарызыңызды өтеп жүргеніңіз ел-жұртқа мәлім. Десе де, теңіз де сізге қарыз көрінеді ғой? – деген әлгіндегі сауалымды қайта тастадым.

– Иә, теңіздің бізге қарыз екенінің өзіндік бір сыры бар. Ел-жұртқа айтылмай жүрген әңгіме еді, айтайын енді. Өзіңізге мәлім, біздің әулеттің тарихы теңізбен тамырлас. Жоғарыда айтқандай, атамыз Әйімбеттен бастап күні бүгінге дейін, яғни екі ғасыр бойы атакәсіппен айналысып келеміз. Атамыз Әйімбет балық аулап жүріп абайсызда теңіз тұңғиығына кетіп, бақилық болыпты. Өкініштісі сол, мәйіті табылмаған. Міне, теңіздің біздің әулетке берер қарызы осы болса керек, – деді Әдекең.

Оның ел алдындағы еңбегі ескерусіз қалған емес. Ондаған мерекелік медальдары бар. Арал ауданының құрметті азаматы, республика балық шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері. ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды.

Әйімбетовтер әулеті – өскен, өркен жайған отбасы. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Мерейлі отбасы» республикалық конкурсында көш бастап, жүлдегер атанды. Бұған Әдекеңнің өмірлік жары Бағдагүлдің қосқан үлесі орасан зор.

– Мен үшін ең басты марапат – ел-халықтың алғысы. Билік те, байлық та уақытша, ал басты байлық – сау-саламат жүріп, елің үшін еңбек ету, жұртшылыққа қамқор қолыңды созу. Біз теңізге қарызбыз. Осы қарызды өтеу – біздің өтелмеген парызымыз. Өйткені біз бақытты теңізден таптық.

Бірақ теңіздің жағдайы мәз емес. Кейінгі 4-5 жылда Сырдария өзенінен келетін су азайып барады. Бұл мәселені облыс басшысы жақсы біледі, сол үшін жоғарғы жаққа үздіксіз сұраныс жасауда.

Иә, Әділбек Әйімбетов билікті де, байлықты да мұрат тұтпады. Қолдағы барын қанағат тұтып, еңбек етумен келеді. Осылай жүре бергейсің, бақытын теңізден тапқан Әділбек.

Еркін ӘБІЛ,

жазушы-журналист.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<