Ғылымға сүйенген ел ғаламды еңсереді

539

0

Сурет ашық дереккөзден

Ғылым адамзат қоғамының ерте дәуірінен, адам баласының танымдық және өндірістік қажеттілігінің арасы ажырамай тұрған кезеңнен бастау алады. Ежелгі Шығыста (Бабыл, Мысыр, Үндістан, Қытай) болашақ ғылымға негіз болған білімнің алғашқы нышандары қалыптасты. Оның алғышарты ретінде мифологияны атауға болады. Онда алғаш қоршаған орта туралы бүтін, тұтас, жан-жақты танымдық жүйе қалыптастыруға ұмтылыс болды. Бірақ танымның бұл формасы өзінің діни-антропоморфты сипатына байланысты нағыз ғылымнан алшақ жатқан еді. Ғылымды қалыптастыру мифологиялық жүйені сынау мен бұзуды талап етті.

Ғылым – адамның табиғат пен қоғам туралы объективті білімін қалыптастыруға мүмкіндік беретін танымының ең жоғары пішімі, оның практикалық қызметінің бір саласы. Адамзат қоғамының дамуы барысында ғылым сол қоғамның маңызды әлеуметтік институтына және тікелей өндірістік күшіне айналады. Ғылымның басты мақсаты – ғылым заңдарының негізінде ашылып отырған болмыс құбылысы мен процесін болжау, түсіндіру және жүйелеп мазмұндап беру.

Әл Фараби бабамыз «Ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр» деген екен. Заман сұранысына сай ілкімді, тиімді ғылыми жаңалықтар ашып, оларды өндіріске енгізе білген мемлекеттердің пайдаға кенелгенін, қуаты артқанын көріп, ғұламаның сөзі ақиқат екеніне көзіміз анық жеткендей. Нарық заманында экономиканың ілгерілеуі, әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты маңызды міндеттер ғылыми ізденістер мен зерттеулердің белсенді жүргізілуіне тәуелді.

Қазақстан ғылымы еліміз тәуелсіздік алған соң ұзақ уақыт бойы өзінің даму жолын іздегені баршаға мәлім. Бұл ретте отандық ғалымдар әлемдік ғылымның үздік тәжірибесін игеруге тырысты. Сондай-ақ ел билігі студенттерді шетелге оқуға жіберуді қолға алды. Қазір әлемнің үздік білім, ғылым мектептерінен мол тәжірибе жинадық. Енді жаһандық сипат пен бәсекеге қабілеттілікті естен шығармай өз жүйеміз үшін жұмыс жасап, өзімізге қажетті бағытты таңдау, өзімізге тиімді дүниелерге назар аудару қажет. Қазақстанда ғылымды дамытудың басымдықтарын айқындау үшін ең алдымен, бізде және шетелде қазіргі күні экономика мен қоғамда қандай өткір проблемалар барын анықтау қажет. Ол үшін әрбір 5 жыл сайын қолданбалы және іргелі ғылымдардағы ғалымдар шешуі тиіс міндеттерді айқындау мақсатында барлық сала бойынша форсайттық SWOT-талдамалық зерттеулер жүргізу керек. Мұндай талдаумен жергілікті және шетелдік ғалымдардың басын біріктіріп отырған белгілі бір орталық айналысқаны дұрыс. Бүгінгі күні отандық ғылымды үйлестіруші Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының негізгі қызметі еліміздің әлеуметтік-экономикалық басымдықтарына сәйкес ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтегі басым бағыттарды, сондай-ақ стратегиялық, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындап, тиісті ұсыныстар әзірлеу болмақ. Ал Ұлттық ғылыми кеңес (ҰҒК)  – ғылыми жобаларды қаржыландыру туралы шешім қабылдайтын басты орган. Ғалымдардан тұратын ҰҒК жобаларды іріктейді, ғылыми бағдарламаларды бағалайды, зерттеулердің мониторингін жүргізіп, қаржыландыру туралы шешім қабылдайды. ҰҒК мүшелерін халықаралық деректер қорынан ғалымдардың сараланған тізімінен жай ғана алып,  кеңес құрамына қоса салу дұрыс емес. Ғылыми еңбектің сапасы мен өнімділігін өлшеу үшін әлемнің көптеген ғылыми орталықтары мен университеттері ғалымдардың еңбегін бағалаудың сандық көрсеткіштерін, мысалы, Хирш индексін пайдаланады. 95 пайыздық жағдайда аталған ғылыми метрикалық тәсіл шындықты көрсетеді. Өкінішке қарай, өзара келісіп, рейтингтегі орнын жасанды түрде көтеруге ұмтылатын ғалымсымақтар да жоқ емес. Хирш индексі ғылымның барлық саласын тең таразылайтын абсолютті көрсеткіш емес. Ұлттық кеңес құрамына жоғары оқу орындарында дәріс оқып жүрген профессорларды, академиктерді, бір ғана саламен шектелмей, ғылыммен кең ауқымда айналысып жүрген ғалымдарды тарту керек. ҰҒК қызметін жетілдіруге бағытталған өтінімдерді саралайтын экономикалық сараптау институтының енгізілуі құптарлық жағдай. Бұл, біріншіден, сұралып отырған  қаржыландырудың негізділігін тексеруге мүмкіндік берсе, екіншіден,  экономиканың дамуына түрткі болған инновациялардың шамамен 85%-ы дәл осы іргелі ғылыми-зерттеулерге негізделген. Өткен ғасырдың ортасы мен соңынан бастап атом ядросын, жоғары энергиялық физиканы, астрономияны, есептеу математикасын, топологияны, генетиканы, химияны зерттеу көптеген игілікке жол ашты. Аталған салалардағы жетістіктер негізінде лазерлер, радарлар, телекоммуникациялық құрылғылар, интернет, заманауи техниканың бірнеше буыны, роботтар, медициналық жабдықтар, жаңа материалдар, дәрі-дәрмектер және басқа да инженерлік технологиялар пайда болды. Нанотехнология мен нано-бөлшектер, оптикалық, радио және басқа да диапазондардағы ультра сезімтал сәулелену детекторлары, тіпті жасанды интеллект дүниеге келді.

Ал ХХІ ғасырдағы ең ұлы жаңалықтардың көпшілігі әлі кеңінен қолданылмаса да, болашақта олар адамдардың өмірін жайлы әрі ұзақ етуге көмектеседі.

Бозон-Хиггс бөлшектерінің бар екені жайлы 1960 жылы болжам айтылғанмен, ол үлкен адрон коллайдері құрылысының арқасында 2006 жылы Женевада ашылды. ХХІ ғасыр физикасындағы бұл жаңалық болашақта жаңа заттар жасауға көмектесіп қана қоймайды, сонымен қатар одан әрі жететін жетістіктерге негіз болады. Мысалы, жаңа принциптер бойынша жұмыс істейтін және үлкен қашықтықты қысқа мерзімде еңсеруге мүмкіндік беретін қозғалтқыштарды шығаруға септігін тигізеді.

Бағаналы жасушалар адам ағзалары мен тіндерін өсіру үшін қолданылады және бірқатар ауруларды емдеуге қатысты. Сондықтан ХХІ ғасырдағы ең үлкен жаңалықтардың бірі – бұрын тек эмбрионнан ғана алынған болса, енді кез келген қарапайым жасушадан алынатын бағаналы жасушалары қатерлі ісік терапиясының, регенеративті медицинаның, тіпті адамды клондаудың тиімділігін арттыруға үлкен септігін тигізеді. Бұл жаңалықтың негізінде болашақта адамның қабілетсіз мүшесін пробиркада өсірілген мүшемен алмастыру үйреншікті жағдайға айналады.

ХХІ ғасырдағы ғылымның тағы бір ең үлкен жаңалығы – ақпаратты тікелей миға жазу және өшіру мүмкіндігі. Егеуқұйрықтарға жүргізілген тәжірибеден ғалымдар жануарлардың миына жазып қойған өміріне қауіп төндіретіні туралы ақпаратты олардың мүлтіксіз орындайтынын бақылаған. Болашақта бұл жаңалық адамдардың миына қажетті білім мен дағдыларды жазу арқылы бірнеше сағатта жоғары білікті маман дайындауға болатындығын көрсетеді. Бұл сондай-ақ адамдарды жағымсыз естеліктерден арылтуға, кейбір психикалық ауруларды емдеуге көмектеседі.

Осы уақытқа шешімі табылмай болжам болып келген Пуанкаре теоремасын дәлелдеген орыс ғалымы, математик Григорий Перельман. Өз мақалаларының бірінде Перельман Пуанкаренің мәлімдемесі ғалам теориясындағы күрделі физикалық процестерді зерттеуге көмектесетінін, сондай-ақ әлемнің пішіні туралы сұраққа жауап беретінін айтты.

Пуанкаре теоремасының дәлелі нанотехнологияны дамыту үшін үлкен маңызға ие, өйткені ол объектіні бір нүктеде сыға жинақтап, онан кейін кері ұлғайтуға мүмкіндік береді. Теориялық тұрғыдан мұндай тәжірибені бүкіл әлемде жүргізуге болады. Мысалы, ол үлкен ғарыш объектілері – планеталар мен жұлдыздардың неліктен сфералық пішінде болатындығын түсіндіреді. Бұл ХХІ ғасырдың тамаша математикалық жаңалығы ғана емес, бүгінгі адамзат алдында тұрған маңызды мәселелердің бірін  шешу болып табылады.

ХХІ ғасырдағы ең үлкен жаңалықтардың бірі – графеннің жасалуы. Бұл ерекше материал бөлме температурасында асқан өткізгіштік қасиетке ие. Ол өте мықты ғана емес, сонымен қатар өте жеңіл әрі мөлдір. Техникада, медицинада өте қажет мұндай құнды материалды әзірге  өндіру қымбат болғанмен, бірнеше жылдан кейін ғалымдар оның құнын төмендете алады, содан кейін графенді пайдалану жаппай сипатқа ие болады.

ХХ ғасырдағы гендік инженерияның дамуы биология мен генетикада үлкен ғылыми жаңалықтарға әкелді. Ғалымдар бактерияларға жүргізілген тәжірибеде алдымен генетикалық материалдың бір бөлігін алып тастап, өмір сүруге қажетті гендерді қалдырып, содан кейін оларды жаңаларымен алмастырғанда бактерия өліп қана қоймай, жаңа жасанды гендер бөлініп, көбейе бастаған. Бұл жаңалық негізінде организмдердегі тұқым қуалайтын информацияны көздеген мақсатқа сай өзгертіп, олардың геномдарын белгілеген жоспармен қайта құруға болатындығын көрсетеді.

Бұрын протез резеңкеден, пластмассадан немесе ағаштан жасалып, оның пішіні аумастырылған дене мүшесіне ұқсайтын. ХХІ ғасырдағы ең үлкен жаңалық – мүлде жаңа протездердің жасалуы. Олардың заманауи нұсқалары сезімтал. Оларды ойдың күшімен басқаруға болады, ал мүмкіндіктері жағынан протездер қол немесе аяқтың қызметін толық алмастыра алады.

Компьютер өткен ғасырда ойлап табылғанмен «Информатика» ғылымындағы жаңа принциптер бойынша жұмыс істейтін ДК ХХІ ғасырда пайда болды. Бұл – өте жылдам кванттық бірнеше секунд ішінде тетрабайт ақпаратты өңдеуге қабілетті компьютерлер. Олардың негізгі мақсаты – күрделі ғылыми және қаржылық есептеулер, болашақ оқиғаларды болжау үшін компьютерлік модельдерді құру. Ультра жылдам компьютерлер қазірдің өзінде әртүрлі салаларда адам қызметінің жетілген формасы ретінде қолданылуда.   

Өткен зерттеулерге сүйене отырып, ғалымдар Марста су сұйық атмосфералық күйде шамамен 3 миллиард жыл бұрын пайда болды деп топшылаған еді. 2021 жылдың мамырында Марсқа қонған қытайлық Zhurong топырақ үлгілері туралы мәлімет жинай бастады. Қытай Ғылым академиясы (CAS) мен Копенгаген университетінің зерттеушілері осы мәліметтердің кейбірін талдаған кезде, тек 700 миллион жылдық үлгілерде су бар болғаны туралы дәлелдер тапты. Бұл Марстың Солтүстік жартышарының шығысындағы Утопия жазығы ғалымдар Марстың беті кеуіп кетті деп ойлап жүргенде судың едәуір мөлшері сақталған орын болғанын көрсетеді. Марстағы су қоры тарихын түсіну зерттеушілерге қызыл планетада қанша су ресурсы мұз немесе гидратталған минерал түрінде қалғанын болжауға көмектеседі.

Кванттық телепортация – бұл кванттық бөлшектердің кеңістіктегі жылдам қозғалысы. Кванттық телепортацияның негізгі қолданысы – ақпаратты алыс қашықтыққа жылдам жіберу. Қытай зерттеушілері Жер мен ғарыш арасындағы 1,2 шақырымнан аса қашықтыққа кванттық телепортацияны іске асырды. Телепортация екі жасанды серік және арасы 1600-ден 2400-ге дейінгі шақырым қашықтықта болған жердегі үш станция арқылы іске асырылды. Бұл ашылу басқа планеталарды зерттеуде немесе ғарыш станцияларын салуда осындай жылдамдықпен ақпарат алмасу арқылы ғылыми зерттеулер жасауға үлкен мүмкіндіктер ашады.  Иә, жиырма жылдан аз уақыт ішінде кванттық жылдамдықпен жұмыс істейтін интернет желісі, смартфон, 3D принтер және басқа да маңызды нәрселер ойлап табылды.

Бүгінгі таңда осындай және тағы да басқа жаңа ашылулар үздіксіз орын алуда және ол деректерді  ХХ ғасыр жаңалықтарымен салыстыратын болсақ, ғалымдардың білім көкжиегі Жердің ғана емес, бүкіл әлемнің ауқымында кеңейіп жатқанын көруге болады. Бұл адамдарды болашақта ашылатын бұдан да қызықты жетістіктер күтіп тұрғанын білдіреді.

Сондықтан да Қазақстан уақыттан қалыспай, әлемдік ғылыми орталықтармен бірге іргелі ғылымдар саласындағы зерттеулермен айналысуы қажет.

Сондай-ақ біздің ел әлемдік нарыққа түсетін қазақстандық өнімнің құнын арттыруы үшін табиғи ресурстардың шикізат түрінде сатылуынан алшақтауы тиіс және оларды өңдеу деңгейін барынша тереңдетуі керек. Ол үшін қолданбалы ғылымдарды дамыту және заманауи технологиялар мен ғылымның соңғы жетістіктеріндегі қазақстандық ғалымдардың сарапшылық деңгейін арттыру маңызды. Ғылыми жаңалық пен оны іс жүзінде қолдану арасындағы уақыт өте қысқа. Сондықтан мемлекет экономика мен индустрияның нақты секторына заманауи жетекші ғылыми жетістіктерді, технологиялар мен практиканы қабылдауға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құруда сапалы жұмыс жасауы қажет. Осы аталған бағыттар отандық ғылымның және тұтастай алғанда елдің табысты дамуына елеулі үлес қоса алады. Тиісінше халықтың өмір сүру сапасын арттыруға да мүмкіндік бар.

Ғылыми дамудың негізгі міндеті – ел экономикасының барлық саласында алдыңғы қатарлы және бәсекеге қабілетті технологияларды енгізу әрі қолдану керек. Бәсекеге қабілетті ғылым қысқа мерзімде қомақты және үздіксіз қаржыландырудың нәтижесінде ғана дами алады. Ғылыми ізденістердің игілігін көріп, табысы мен қуатын еселеп отырған мемлекеттердегі ғылымды қаржыландыру көлемін бізбен салыстыруға келмейді. Мәселен, Франция 54,4 млрд, Ұлыбритания 49,7 млрд, АҚШ  508,3 млрд доллар бөліп, жалпы ішкі өнімнің 3 пайызын ғылымның дамуына жұмсап отыр. Ал Оңтүстік Корея жыл сайын 58,5 млрд доллар, яғни жалпы ішкі өнімінің 5 пайызын осы саланы қаржыландыруға бағыттайды. Ресейде де ғалымдардың ізденісін ынталандыру, ғылыми жаңалықтарды қаржыландыру мәселесіне айрықша көңіл бөліп, жалпы ішкі өнімінің 1,2 пайызын жұмсап отыр.

Сарапшылардың пікірінше, ғылымға бөлінген қаржы жалпы ішкі өнімнің 1,5 пайызынан төмен болса, шығынның толыққанды қайтарымы болмайды екен.

Өкінішке қарай, қазір Қазақстанның нақты экономикасы мен отандық ғылым бір-бірімен қабыспай тұр. Алға жылжу үшін елімізге ғылымды, нақты өндірісті және бизнесті басқару процесін айтарлықтай өзгерту қажет. Қазақстан үшін оңтайлы модель – 2025 жылға дейін ғылымды қаржыландыруды қазіргі деңгейден ішкі жалпы өнімінің 1%-ына дейін мақсатты түрде ұлғайту. «Біз ешкім оқымайтын, қажетсіз жұмыстар мен зерттеулерді қаржыландыруға жол бермейміз. Әрбір ғылыми жұмысқа қатаң талап қойылуға тиіс. Сондай-ақ оның нақты әлеуметтік-экономикалық, өндірістік және техникалық қайтарымы болуы қажет. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру тек ұлттық ғылыми-техникалық міндет тұрғысынан бөлінуі тиіс. Медико-биологиялық зерттеулер, агроөндірістік ғылым, «жасыл» технология, жасанды интеллект, энерготиімділік сияқты салаларға ерекше мән беріп, қаржы бөлу керек» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы ғылымды қаржыландыру көлемі жалпы ішкі өнімнің 1%-на жеткізу қажет екенін айтқан еді. Расында Қазақстанда ғылымның дамуына 2019 жылы 43 млрд теңге қаржы бөлінсе, 2020-2025 жылдарға арналған мемлекет бағдарлама аясында 2025 жылы 431 млрд теңгеге артатындығы тілге тиек етілді.

Мұндай қадам бізге ғылымның бәсекеге қабілетті дамуына және табысты индустриялық болашақ құруға жол ашады. Жетекші ғалымдардың алаңсыз түбегейлі нәтижеге жұмыс жасауына, дарынды жастардың ғылыммен айналысуына мүмкіндік туғызады. Мемлекет экономикасы дамыған елге айналса, демек аталған мемлекеттегі ғылымның бәсекеге қабілетті және тиімді болғаны. Бұл – қарапайым ғана формула. Оны орындауға Қазақстанның әлеуеті жеткілікті-ақ.

Бахытхан Әбдікәрімов,

физика-математика ғылымдарының докторы,

профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<