Мейірбан бар ма анадан?

918

0

Біздің балалық шағымыз қазақылықтың  қаймағы бұзылмаған ауылда өтті. Сол жылдары әр шаңырақта жас құрақтай желкілдей өскен бүлдіршіндер саны көп болатын. «Күміс» және «Алтын алқалы» «Батыр аналар» жиі жолығатын. Өзім де осындай көпбалалы үйде өстім.

Тетелес інім Дауылбай екеуміз өте еркін ержеттік. Ата-әжеміздің шалғайына оралып, басқаларға үстемдігімізді көрсеттік. Туған әке-шешеміздің қасынан алшақ жүріп, үлкен кісілердің шапағатына бөлендік.

Ес біліп, етек жиған кезде әкемізді көке, шешемізді Әсехан деп атадық. Олар да бұған асқан түсіністікпен қарайтын. Көке деген дұрыс-ақ, ал Әсехан атауы ыңғайсыздау, мағынасыздау көрінетін. Ержете келе алдына өзімізден кейінгі інілеріміздің атын қосып «Сақытбектің мамасы», «Болатбектің мамасы» деп атайтынды шығардық. Сонда ол кісі ешқандай реніш білдірмей, жүзіне жылылық ұялап, күлімсіреп қоятын.

Шіркін, көненің көздері-ай! Көкіректері ұлттық болмысқа бай, ата-енені сыйлауға берік, мәрттікті мәртебе тұтқан асыл жандар-ай! Бұлай демегенде қайтерсің?! Осы Әсехан шешемізге енесі Зылиха мен атасы Қапардың айтқаны қатып қалған заңмен бірдей еді. Солардың бетіне жел болып тимейтін. Алдынан кесе өтпей, жайылып жастық, иіліп төсек болып жүретін. Ас-суын мезгілінде дайындап қоятын. Бір жерге баратын болса да ата-енесінің рұқсатынсыз қозғалмайтын. «Сыйға – сый, сыраға – бал» дегендей шаңырақтың шырайын келтірген қариялар да кейінгі жолын жалғастыратын келіндеріне түсіністікпен қарайтын. Келіспей жатқан жерін жеткізіп, қажетті кезінде ақыл-кеңестерін айтып жататын. «Алғыс алған арымас» деп осылайша өмір бойы әулет көшбасшыларының алғысын алудан танбай, ұлттық үрдіске беріктік көрсетті.

Әсемхан атты кіші шешеміз біздерді ғұмыр бойы шал мен кемпірдің баласы деп есептеп, айтылған аманатқа қиянат жасамады. Мені Сахи демей «Сакон», Дауылбайды «Даука» деуден мүлде айнымады.

Жастық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қиындықтармен тұспа-тұс келгендіктен бе, тұрмыста кездесіп жататын ауыртпалықтарға қасқая қарсы тұра білетін. Әкеміз Бахи сауда саласындағы қызмет бабымен босамай қалғанда қорадағы ұсақ-түйек малды жайғару, үйіргелік бақшалықты баптау сияқты жұмыстарды дөңгеленте атқаратын. Ондайда шаршап-шалдыққанын әсте сездіре қоймайтын.

Үй тірлігімен айналыса жүріп, он бір құрсақ көтеріп, соның тоғызын ержеткізіп, кеудесіне «Батыр ана» медалін тақты. Осындай атағына лайық болып, қатты сырқаттанып жатқанда да немере, шөберелерінен мейірімін аямады. Жетпістің төртеуіне аяқ басып, 2013 жылғы маусым айының мамыражай кешінде өмірден өтті.

Ақ жаулықты асыл ана кейде дастарқан басында көңілдене сөйлеп: «Шырақтарым, әрқайсысыңа жүрегімді бөліп беремін. Күн сайын тілейтінім сендердің амандығың, жақсы азамат болып өскендерің. Қайда жүрсеңдер де абыроймен құрмет төрінен көрініңдер!» деп отыратын. Сөйтсек оны ұрпақтарының болашағы алаңдатады екен ғой.

Ардақты ананың тағы бір қасиеті «бабалардан қалған құндылық» деп үйдегі ескі қол диірменді, күбіні, келсапты ерекше қадірлеп ұстайтын. Сонымен бірге алты қанат ағаш үйдің басқұр, үзіктерін жамап-жасқап, жыл сайын шарбақ ортасына тігуден жаңылмайтын. «Бұл жинаулы жатса тозып кетеді» дейтін.

Ертеректегі Домалақ ана, ат үстінде күресіп өткен Бопай ханша, Шоқанды қанаттандырған Айғаным ана, Абайды өмірге әкелген Ұлжан, тәрбиелеген Зере аналар, Мұхтардың әжесі Дінәсілдің үлгісін сақтаған қайран шешелер кім-кімге де қасиетті, қадірлі, асыл жан саналады.  Олай болса:

– Тоғыз ай, он күн көтерген,

Еңбегімен еті өлген,

Бір сен үшін қиналып,

Мехнат тартқан төтеннен,

Жәрдеміңе жараған,

Қабағыңа қараған.

Жыласаң көңілі жүдеген,

Қуансаң көңілі үдеген, – демекші аналарға арналған ізгі ниет, ақ пейіліміз ортаймасын. Олардың асыл армандарын алға жалғастырып, ақ сүтін ақтау бұлжымас парыз екенін көкірегімізге түйе жүрейік. Барша аналардың төл мерекесі құтты болсын!

Сахи ҚАПАР,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<