Адамзаттың асыл қазынасы

465

0

Өткен жыл Сыр бойының ғана емес, күллі түркі халықтарының мәдени және рухани өмірінде Қорқыт ата мұраларының ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралары тізіміне енуімен тарихта қалмақ.  Өйткені Қорқыт ата мұраларының жалпыадамзаттық рухани мұралар тізіміне енуі – Тәуелсіз Қазақстанның мәртебесі.

Қорқыт ата мұраларын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралары тізіміне енгізу бағытында соңғы 4 жыл бойы үздіксіз жүргізілген жұмыстар нәтижелі аяқталып, жыл соңына таяу Шығыс Африкадағы Маврикий елінен сүйінші хабар жетті. Порт-Луис қаласында  кезекті отырысын өткізген ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комитеті «Қорқыт ата мұрасы: дастан, аңыз және музыка» деген атаумен ұлы ұзанның бүгінге жеткен қазыналарын әлемдік жауһарлардың тізіміне қосты.

Қорқыт ата мұрасын адамзат­тың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізу туралы шешім қабылданған ЮНЕСКО-ның 13-сессиясына әлемнің 217 елінің өкілдері қатысты. Олар­дың арасында біздің облыстан да өкілдер болды. 

Бұрын Қорқыт ата мұ­раларын туыстас түркі халық­тарының ортақ мұрасы деп есептейтін болсақ, енді ол бүкіл адамзатқа ортақ қазынаға  айналды. Осылайша Қорқыт атадан бері айтылып келген «өмірді мәңгілік ететін – өнер» деген бай­лам өміршеңдік сатысына көтеріліп, мәңгілік ұлағатқа айналды.

Біздің аймақта 2013 жылдан бері құрамында елімізге белгілі тарихшы, археолог, этнограф ғалымдар, реставратор-мамандар бар облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғы­лыми-әдістемелік кеңес жұмыс істейді. Кеңестің 2014 жылғы отырысында облыс әкімі Қ.Көшер­баевтың қолдауымен Қорқыт ата мұраларын ЮНЕСКО-ның «Материалдық емес Мәдени мұралар тізіміне» енгізу мәселесі көтеріліп, одан бері қажетті материалдар жи­нақталып, Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық Комиссиясына ұсынылған еді.

Кейін Қызылорда, Алматы қалаларында сарапшы өкілдердің қатысуымен тиісті жұмыстар атқарылып, «Қорқыт ата мұралары» көпұлттық номинациясын ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра­сының репрезентативтік тізіміне енгізу бойынша сараптамалық кездесулер ұйым­дастырылды. «Қорқыт атаның мұрасы: эпикалық мәдениет, халық аңыз-әнгімелер және әуен­дері» номинациясы бойынша тиісті өтінім әзірленіп, ЮНЕСКО-ның репрезентативті тізіміне қосуға көктемде ұсынылды.

Оған қоса Қызылордада түркітілдес елдердің дәстүрлі орындаушыларының басын қосатын «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фес­тивалі, «Қорқыт. Қобыз» атты қыл­қобызшылар мен қо­быз­бен жыр айтушылардың рес­пуб­ликалық байқауы өтті. Қор­қыт ата мұраларының әлем­­дік рухани құндылықтар қа­­тарына қосылуы біздің ұлттық өнерімізге деген қызығу­шы­лықты арттырып, музыкалық дәстүрдің кеңінен насихатталуы түркі халықтарының бірігуіне қызмет етеді.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<