«Сапарбаев тұлғасы»

3

0

Кеше «Достық үйінде» көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың өмірі мен еңбек жолына арналған «Сапарбаев тұлғасы» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Басқосуға құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, жас мемлекеттік қызметшілер, азаматтық қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ағайын-туысы қатысты.

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Бердібек Сапарбаевтың ел дамуына сіңірген еңбегіне тоқталып, оның мемлекеттік қызметтегі өнегелі жолы жас ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқан «Әкімдер мектебі» жобасы аясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ұйымдастыруымен Астана қаласында «Сапарбаев тұлғасы» атты кітаптың тұсаукесері өткен болатын.

Бұл – елге қызмет етуді өмірлік мұ­ратына айналдырған ардақты азаматтың өнегелі жолын бейнелейтін тағылымды туынды. Қарапайымдылық пен адам­гершілікті, кісілік пен кішілікті, талап­шыл­дық пен әділдікті бір бойына сый­дырған ардақты азаматтың есімі Тәуелсіз Қазақ­станның тарихына алтын әріппен жазылды.

Уақыт оны арамыздан алыстат­қаны­мен, рухани мұрасы ешқашан жоғал­майды, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Басқосуда кітаптың құрастырушысы Абай Сейфуллаұлы, ел ағалары Самұрат Имандосов, Бекмырза Еламанов, Мұрат Бақтиярұлы, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов сөз сөйледі.

Бердібек Машбекұлы мемлекеттік қызметтің түрлі сатыларында абыройлы еңбек етіп, сындарлы кезеңде халық пен билік арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Премьер-министрдің орынбасары, Қызылорда, Оңтүстік және Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстарының әкімі ретінде ел дамуына зор үлес қосты.

«СБ» ақпарат