Агросала алға басты

121

0

Шиелінің Ш.Қодаманов ауылындағы «Төңкеріс-К» шаруа қожалығы 2015 жылдан бері тұқым шаруашылығы бағытында жемісті еңбек етіп келеді. Жетекшісі Бауыржан Көпеевтің сөзінше, биыл мың гектар жерге «Лидер» сортты күріш егіліп, оның әр гектарынан 70 центнерден өнім жиналды. Бұл көрсеткішке диқандар жаңа агротехника, гербицид, тыңайтқыш және вакцинаны ұтымды қолданғанның арқасында жетіп отыр. Осылайша мәпелей білсең, жер жомарт екеніне көзіміз тағы бір жеткендей.
– Мемлекет қолдауы істі ілгерілетіп, кәсібімізді дөңге­лен­туге үлкен мүмкіндік ашты. Техника паркін жаңалауда «Қаз­АгроҚаржы» компания­сы­ның көп көмегі тиді. Он жылға арналған лизинг арқылы комбайндар алдық. Күріш тұ­қымы, гербицид, тыңайтқыш үшін субсидия берілді, – дейді шаруашылық төрағасы.
Қазір мұнда 115 адам еңбек етуде. Оларды ынталандырудың әртүрлі тетігі қарастырылған. Биыл үздік күрішшілер Бектас Ербаев пен Жұмабек Ишановқа көліктер табысталды. Одан бө­лек, еңбегімен көпке үлгі бір­қатар қызметкер сыйақы алып, бір марқайып қалды. Бауыржан Көпеев шаруашылық жұмысын ғана ширатып қоймай, ауылды көркейтіп-көгалдандыруға да елеулі үлес қосып жүр. Бір ғана мысал, былтыр кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен ауылда спорт кешені бой көтерді. Ел үшін жасаған жақсылығы еленіп, 2017 жылы меценатқа республикалық «Жомарт жүрек» сыйлығы, биыл Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы берілді.
Қазынадан бөлінген қыруар қаржы агросаланың алға басуына сеп. Осы жылдың қаңтар қараша айлары аралығында «Қаз­АгроҚаржы» компаниясы арқылы 6,2 млрд теңгеге 179 техника сатып алынып, тех­ника саны 4418-ге жетті. Об­лыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасының мәліметіне сү­йен­сек, егін егу және жинау үшін мемлекет тарапынан ар­зан­датылған бағамен 30 мың тонна дизель отыны бөлініп, шаруашылық құрылымдарына литрі 178 теңгеден жеткізілді. Аграрлық секторды қолдау үшін жалпы сомасы 13,3 млрд теңге бөлініп, өткен жылмен са­лыстырғанда көрсеткіш 28 процентке артты.
Жалағаштық кәсіпкер Толға­най Жұмабекқызы да мемле­кеттік қолдаудың шарапатын көріп отыр. Жеңілдетілген ба­ғамен 10 млн теңге несие алған ол Ақсу ауылында жылыжай кешенін іске қосты. Жылыжайда тамыз айынан бастап көк­өніс егіліп, алғашқы өнімі тұты­нушыға жетті. Шаруасы ширақ, тірлігі тындырымды Тол­­ғанай дөң­геленткен жобалар қа­та­рында мал бордақылау ісі де бар.
– Осы мақсатта алаң құры­лысын жүргізу үшін аудан бас­шылығымен өзара әріптестік жөнінде меморандум жасалды. Қазіргі күні қожалықта 75 ана­лық сиыр, 3 асылтұқымды бұқа бар. Мал бордақылау ба­ғытындағы жұмыс бойынша жоба құны 40 млн теңге шамасында, – дейді ол.
Қазақ халқының ертеден мал шаруашылығымен айналысып, бұл саланы атакәсіп санағаны белгілі. Халық өмірінде ма­ңызын жоғалтпаған ауыл ша­руашылығына қолдау көр­сетуді мемлекет бүгінгі күн­ге дейін бір сәт естен шығарған емес. Бүгінде мал шаруа­шы­лығымен айналысып отырған шаруалар «Сы­баға» бағдарламасының кө­мегіне көп жүгінеді.
Сөзіміздің дәлелі, бүгінгі күні 20 шаруашылықтан 2018 бас асылтұқымды ірі қара алу үшін түскен өтініштер қа­ралып жатыр. Ал 1850 бас сиыр алып келу жобасы қар­жы­ландырылды. Сондай-ақ, 131 шаруашылық 46783 бас қой сатып алуға ынта білдіріп, олардың 32815 бас уақ мал сатып алу жобалары қолдау тапты. Өткен жылы қаржыландырылған 1305 бас асылтұқымды сиыр ана­лығы облысқа жеткізілді.