Қала тынысынан жарқын болашақты елестетемін

389

0

Қаланың инфрақұрылымын дамыту жөніндегі мәжілісте біздің пікірімізге дем беретін ойлар қозғалған екен. Өзіміз осында өсіп-өнгесін «болса екен, кем-кетігі толса екен» деп жанымыз ашып тұрады.

Менің балалық дәуренім, студенттік шағым – бәрі Қызылорда қаласында өтті. Сондықтан бұл жердің әрбір тал-дарағы, тасына дейін сондай ыстық. Қазір де бала-шағамызбен облыс орталығында тіршілік етіп жатырмыз. Шаһарымыздың түр-келбеті бірнеше жыл бұрынғы жағдаймен салыстыруға келмейді. Бәрі өзгерді. Әсіресе, соңғы төрт-бес жылдың бедеріндегі тың серпілісті кез келген адам байқаса керек.

Жас ана ретінде мені балалармен бірге қыдырып барып, көңіл сергітуге болатын орындардың көбейгені қуантады. Оның ішінде «Мұз айдыны» кешені, жағажай, «Жібек жолы», «Арай» ойын-сауық орталықтарына жиі бас сұғамыз. Сырттан келген қонақтар да мақтап жатады, оң өзгерістерге ортақтасып, бірге қуанады.

Кейінгі жылдары қала жолдары кеңейтіліп, көшелер барынша жарықтандырылды. Құрылыс қарқыны ешқашан бәсеңдеген емес. Сәні мен салтанаты үйлескен зәулім ғимараттардың бой көтеруі қаланың ажарын айшықтай түсуде. Халықтың да әлеуметтік ахуалы жақсарып, еңсесі көтеріліп келеді.

Біз, жастар, жаңарған қаладан жасампаз өмірді көреміз. Қала тұрғыны әрі жас ана ретінде Сырдың бас шаһарынан, тұтас өңір тынысынан жарқын болашақты елестетемін.

Айгерім БІТІМБАЕВА,

жас ана

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<