ҒАЛАМДЫҚ ҚҰБЫЛЫСҚА БАТЫЛ БЕТБҰРЫС

304

0

Қызылордада облыс әкімдігінің ситуациялық орталығында «Цифрландыру: аймақтардың дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында ІІІ халықаралық интернет-форум өтті.

Басқосудың модераторы, «Қазақс­тан-2050» жалпыұлттық қозғалы­сының кеңес төрағасы М.Манкеев форумға спикерлер 3 мемлекеттен екі форматта қатысатынын, яғни залда баяндама жа­сай­тынын және онлайн байланысқа шы­ғатынын, уақытты жоғары бағалайтын қоғамда осындай форматтағы жиындарға жете мән берілетінін айтты. Негізінен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы, осы бағдарлама аясында Қызыл­ордада қолға алынған жобалар талқыланды.

Форумға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, елдік деңгейдегі ау­­қым­ды бағдар­ламаның өңірдегі алғы­шарт­тары, жетістіктері туралы баяндама жасады.

Халықаралық «ЕХРО-2017» көр­месі­нің инфрақұрылымында құрылған «As­­ta­na Hub» халық­аралық технопаркі ІТ-стар­тап жобаларды дамытуда өз жо­лын қа­лыптастырып үлгерді. Креа­­тивті мамандардан құрал­ған коман­даның жұ­мысы жай­лы айтқан «Astana Hub» бас ди­рек­торының орынбасары М.Сәдуақасов аймақтармен әріп­тестік орнату мүм­кін­діктері тура­лы мәселені де назардан тыс қалдырмады. 

Форумға онлайн қосылған Татар­-с­тан Республикасы Пре­мьер-министрінің орынба­сары – Ақпараттандыру және байланыс ми­­­нистрі Р.Шайхутдинов  бар­лық қазақс­тандық технопарк мамандарын «Инно­по­лис» қала­сының тәжірибесімен та­ны­­су­ға шақырды. Росстаттың мә­лі­­­мет­­­­теріне қарағанда, қазір татарс­тан­дық­тардың 81,4  про­­­центі мем­лекеттік жә­не муни­­ципалдық қыз­­меттерді элек­тронды түрде алады.   Бұл көрсеткішпен Ресейдің аймақтары ара­сында көш бастап тұр.  Сондай-ақ халықтың 70,4 проценті  федералдық қызмет көрсететін бірыңғай жүйеге қо­сылған. Жыл өткен сайын қыз­меттердің электрондық нұс­қаға кө­шірілуі және оған деген сұраныстың артқаны байқалады.

Форумда «Сколково» мәскеулік бас­қару мекте­бінің жетекші сарапшысы И.Романовский қоршаған ор­та­ны цифр­ландырудан «ақыл­­­ды қалаға» өтудегі транс­формацияның маңы­зына тоқ­­талды. Жалпы цифр­лық транс­­формацияның интер­нетке қол­же­тімділік пен инфра­құ­рылым жасау­дан басталатын кезең­деріне талдау жасады. Ал «DELL EMC» компаниясының аға консультанты А.Цимоха  цифр­лан­ды­рудың «Жол карта­сы» мемлекеттік қыз­мет көрсетудің сапасын арттырып, айқындықты, же­дел­дікті қамтамасыз ете­тінін, қағаз құжаттарды сақтауға ке­тетін шығынды азайтатынын айтты.

Форум қонағы Қазан қа­ла­­­­сындағы «Барс Груп» АҚ-­ның халықаралық да­му бойын­ша директоры И.Юсуф­­за­де эко­номиканы дамы­­­ту­­да­ғы әлеуметтік сала­­ны цифр­­ландырудың артық­шы­лық­тары тура­лы баян­да­ма жасады. Бела­русь Респу­бли­касының Минск қаласынан кел­­ген «Кака­ду Девелопмент» компа­ния­сының директоры Е.Кар­пович ТМД нарығында электронды коммерцияны авто­маттандырудың қиын­дықтары және оны дамытудың мүм­кіндіктері туралы мәселеге форум қатысушыларының наза­рын аударды.   

Онлайн байланысқа Қытай­дың Шен­жен қаласынан Қазақстандағы «Huawei» компа­ниясы корпоративтік сату депар­таменті бас директорының орын­басары Жао Хонгбин, Мәскеуден «Техносерв» компаниясының өкілі В.Иванов, Украи­наның Киев қаласынан  «Reaktor.ua» плат­­формасының негізін салу­шы және бас­қарушы әріптесі Е.Саранцов, Санкт-Петербургтен  Ұлы Петр атындағы по­ли­­­тех­­никалық университеттің аға оқы­тушысы  Н.Гафуров қосылып, тақы­рыпқа сай ой-толғамдарын ортаға салды.

Форум соңында Қызылорда ІТ паркі мен «Astana Hub» халықаралық стартап хабы арасында әріптестік туралы, облыс  әкімдігі мен «Какаду Девелопмент» ком­паниясы арасында «ақылды қала» тех­нологияларын енгізу туралы, облыстық білім басқармасы мен «Барс Груп» ком­паниясы арасында цифрландыру жоба­ларын іске асыру туралы, сондай-ақ облыс әкімдігі мен «Транстелеком» компаниясы осы мақсатты жүзеге асыруды көздейтін   меморандумдарға қол қойылды.

 

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<