«АПАЙ, БІЗ КЕЛДІК!» қашықтан оқудың бір күні

1234

0

https://syrboyi.kz Тасыр-тұсыр. Сарт-сұрт. Ұя­лыдағы WhatsApp қосым­шасын ноутбукқа жал­ғаған Индира Жұмаға­лиқызы балаларға тапсырма жазып жатыр. Ол – Қоғалыкөлдегі №44 орта мектепте бірінші сыныптың ұстазы. Бір айтқанды түсінбегенде тағы бірнеше қайталайды. Өз уақытын аямаған, өзгенің бақытын аялаған деген осы да. Қашықтан оқыту үшін телефонның құйтақандай экранына үңілгенше, компьютерге қосып алыпты. Мүмкіндіктер дәуірінде ол заман көшінен қалмай келеді.

Қашықтан оқытуды бас­та­ға­нымызға екі аптадан асты. Балалар «Балапан» теле­арна­сындағы сабақты қарап болған соң, өздері «Апай, біз келдік!» деп барлығы біріккен чатқа шығады. Бұл әдіс олардың еркін ойлау жүйесі мен өзіндік пікірін дамытады. Электронды оқулықты көбірек қолдануға тырысамыз. Қосымша тапсырмалар беріп, смайликтер арқылы бағалап отырмыз. Ал бағалау – оқушы ынтасын арттыратын әдіс, – дейді Индира Әлдекешова.

Ауыл мұғалімі үшін осындай қиын кезеңде отбасының да қолдауы ерекше. Түске дейін сабақ өтсе, түстен кейін ертеңгі сабаққа дайындық. Арасында ата-аналар түсінбегенін сұрап қоңырау шалады. Оған да қабақ шытпай жүгіріп кету Индира Жұмағалиқызының күнделікті жұмысына айналған.

– Бұл кезде ата-ананың мойнындағы жүк те ауыр. Білімнің іргетасы бастауышта қаланатынын ескерсек, осы сәт қиындық тудыратыны анық. Жұптасып, топтасып, бір-бірімен жарыса сабақ оқитын күнді оқушылар да сағынған. Ал біз қашықтан оқытуда ашық сабаққа ұқсата отырып, жеміс-жидектердің, түрлі заттардың бейнесін электронды смайликпен түсіндіреміз. Бала жарқыраған суреттер мен өзгеше бағыттарды көріп қызығушылық танытады. Мүмкіндігінше, сапалы білімді жоғары деңгейде беруге тырысып жатырмыз, – дейді ұстаз.

Индира Әлдекешова ғы­лыми конференциялар мен жо­баларға қатысып, сан мәрте оқушылары да, өзі де марапат биігіне шыққан. Ізденімпаз ұстаз ата-аналарға ерекше алғыс айтты. Өйткені, бала жанының бағбанына айналып еңбек етуде олар мұғаліммен тонның ішкі бауындай біте қайнаспаса, еткен істің бәрі бекерге кетеді. Мұндай жауапкершілікті ұғын­ған ата-аналар қатарында не­мересі Айсана Жорабекті оқытып отырған Ләззат Шай­хиева да бар. Ол карантинге бай­ланысты үйде.

– Бұрын бар уақытымыз жұмысқа кететін. Қазір бір уақыт бала тәрбиесіне, білім алуына көңіл бөлетін болдық. Мұғалімдермен қосылып, біз де жабыламыз. Қайсыбір ата-ана болмасын, бар жауапкершілікті мектеп пен ұстазға ысыра салуға болмайды. Өзіміз үшін, балаларымыздың бола­шағы үшін біз де атсалысуымыз керек, – дейді Ләззат Тағайбекқызы.

Кішкентай Айсана әжесінің тілін алып, дәптерге әріп көшіріп отыр. Бүгінде олар бағдарлама бойынша әріптерді аяқтап, сауат ашуға кіріскен. Айта кетейік, 2 жарым мыңдай тұрғыны бар ауылда бастауыш сыныптардың 21 мұғалімі осылайша сабақ өтуде. Жоғары сыныптарда да қызу жұмыс жүріп жатыр.

Бұрын баланың білім нә­рімен сусындауына үштік одақ арасындағы ынты­мақ­тас­тық жақсы әсер ететін. Ол – мектеп, мұғалім, ата-ана.
Әр істің бір қайыры болады деуші еді. Рас екен. Карантин уақытында балалардың үйден оқытылып жатқанынан ата-аналар да мұғалімді түсіне бастады. Өйткені, олар өздерін ұстаздың орнына қойып көрді. Шыдамдылық пен төзімділікті талап ететін саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген ұстаздың бір ғана күні – бұл. Оның бір күні бір күніне ұқсамайтынын сіз бен біз жақсы білеміз ғой…

Дәулет ҚЫРДАН,
«Сыр бойы».

Сырдария ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<