АРАЛҒА АЙДЫН СЫЙЛАҒАН ЖОБА

751

0

Қазақстан мемлекеті тәуелсіздік алған жылдардан бастап Арал теңізі проблемасын халықаралық деңгейде көтере бастады. Соның нәтижесінде 1993 жылы Елбасы бастамасымен Қызылордада бес мемлекет басшыларының қатысуымен халықаралық конференция өтіп, экологиялық апат зардабы әлем назарына ілікті. Осы басқосудан кейін теңізді құтқарудың бірнеше нұсқасы талқыға түсіп, Қазақстан ұсынған САРАТС жобасы Дүниежүзілік банк тарапынан қолдау тапты. 

Жалпы САРАТС – әлемдегі  ірі гидро­техникалық, экологиялық-әлеу­меттік және экономикалық жобалар­дың бірі. Кезінде сарапшылар Арал эко­логиясын оның экономикасын жандандыру арқылы жеңуге бола­тынын бағамдаған еді. Сондықтан бұл жобаның ғылыми негізінде аталған қағидаттардың нақты нәтижелерін көрсету арқылы табысқа қол жет­кізу мақсаты қойылды. Жобаға халықаралық белгілі ғалымдар мен сарапшылар тартылып, оны әлемдік тәжірибесі мол ағылшындық компания әзірледі. Жалпы құны 86 млн доллар тұратын жобаны Дүниежүзілік банк қолдап, біздің мемлекетпен бірлесіп қаржыландырды.

Жоба алдымен Сырдария өзені­нің бойына қан жүгіртіп, «Шар­дара­дан» «Ақлаққа» дейінгі аралықта гидротехникалық жұмыстар атқарыл­ды. Алғашқы кезекте ондаған жыл­дар бойы жөндеу көрмеген, талай тасқын суда қауіп төндіріп, арнасы тозып, табаны құмға толған Әйтек және Қараөзек гидротехникалық құры­лыстарын  қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Соның нәтижесінде тоспалардың су өткізгіштік қабілеті екі есе артып, секундына 700-800 текше метрге дейін су жібере алатын болды. Бұрын олар көктемгі және күзгі су тасқыны кезінде елді мекендер мен егістік алқапқа қауіп төндіретін. Жоба арқасында ол мәселе де шешімін тапты. Қызылорда қаласының тұсындағы дарияның ұлтанына мелиоративтік жұмыстар жүргізіліп, өзен арнасы тазартылды. Бұл жұмыстар жыл сайын қайталанатын су тасқыны қаупін сейілтумен қатар, суармалы егіншіліктің дамуына  оң ықпал етті. Қараөзек көлдер жүйесін суландыру деңгейі жақсарып, диқандар егіс көлемін арттыруға қол жеткізді. Су мәселесінің оңтайлы шешілуі гектар өнімділігін ұлғайтты. Сонымен бірге жайылымды суландырудың, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға ықпалы болды.

Әрине, жобаның негізгі мақсаты Солтүстік Аралды қалпына келтіру болғандықтан, дарияның аяғында ұланғайыр жұмыстар атқарылды. Жаңа гидротехникалық, заманауи «Ақлақ»  тоспасы бой көтерді. Он төрт шақырымдық «Көкарал»  бөгеті соғылып, екі теңіздің арасына тоспа түсті. «Көкарал»  тоспасы әлемдік озық тәсілдерді пайдалана отырып, жағажай үлгісінде салынды. Бұл теңіз толқынының екпінін бәсеңдетіп, тоспаға күш түсірмеуді қамтамасыз етеді. Ал, «Ақлақта»  балықтың жоғары өрлеуіне қажетті құрылғылар орнатылған.

Жобаның алғашқы кезеңі күткен­дегіден әлдеқайда жақсы нәтижелер әкелді. Бұған әсіресе, сол жылдардағы Сырдария өзенінде судың мол болуы да оң әсер етті. Алдымен, теңіз акваториясы бұрынғысынан бес есе ұлғайып, Арал қаласына 17 шақырымға жақындады.

Ұшқан тұз бен бораған дауылдан көз ашпайтын өңірдегі ауа райы өзгеріп, климатында оң өзгерістер қалыптасты. Теңіз суының тұздылығы екі есеге жуық азайып, балық пен өсімдік қорының молаюына ықпал етті. Аралда жоғалып кеткен балықтың 22 түрінің біршамасы қайта оралып, өңірдің флорасы мен фаунасы жақсарды.

Алғашқы кезеңнің басты нәти­жесі – өңірде тоқырауға айнал­ған балық шаруашылығы қайта өркендей бастады. Теңіздің оралуы тұрғындардың ата кәсі­бі­мен айналысуына мүмкіндік берді. Жағалаудағы Қаратерең, Қара­шалаң, Бөген, Аманөткел секілді ауылдардың бүгінгі тұрмыс-тір­шілігі өркендеудің жарқын көрінісі.

Бүгінгі таңда балық аулау көлемі 400 тоннадан 8000 тоннаға жетіп, өңдеу саласы кәсіпорындары қалыптасты. Қазір өңірде заманауи технологиямен жабдықталған 8 балық зауыты жұмыс істесе, кәсіпшілікпен 2 мыңға жуық адам айналысады. Арал балығының экспорты артып, ТМД елдері мен Еуропа  нарығына шығарылуда.  Жалпы, бүгінде балық шаруашылығы облыс экономикасының маңызды саласына айналды. Соңғы 5 жылда балық аулау 2 есе көбейіп, өнімді экспорттау 9 есеге артқан. Әсіресе, Арал «көксеркесіне» деген сұраныс ерекше.

САРАТС жобасының ал­ғаш­қы ке­зеңі­нің табысты нә­ти­­же­­лері өңір­дің әлеуметтік-эко­но­ми­калық жағдайының ай­­тар­лықтай жақсаруына ықпалын тигізді. Тұрғындардың тұрмыс жағ­дайының түзелуімен қатар, олар­дың денсаулығының, қоршаған ор­та­ның жақсаруына әсер етті. Ға­сыр жобасының жетістігі әлем на­зарын аударып, шетел баспасөзі мен сарапшылары оны  «Теңіздің оралуы» деп атап, Елбасы еңбегін жоғары бағалады.

Аралдың жандануы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізді. Өнеркәсіп орындарының саны 3-тен 7-ге көбейді. 2003 жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 874 болса, 2017 жылы олардың қатары 3266-ға артты. Пайдалануға берілген тұрғын үйлер саны 2 есе өсті. Соңғы 15 жылда 29 медициналық мекеме мен 31 мектеп салынды. 2003 жылы 7 балабақша бол­са, бүгінде бұл көрсеткіш 52-ге өсті.

2005 жылы Елбасы Н.Назарбаев Сыр бойына сапары барысында Арал қаласында болды. Қалада таза ауыз судың тұсауын кесіп, аралдықтардың елдегі ең таза суды пайдаланатынын атап өтті. Қамыстыбас көліне өз қолымен бекіре балығын жіберіп, кәсіптің өркендеуіне тілегін арнады. «Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген Президент жобаның екінші кезеңін жалғастыруға тапсырма берді.

Халықаралық жобаның екінші кезеңінің басталуы он жылға созылып кетті. Дүниежүзілік Банк жобаны қаржыландыруға ынталы болғанымен, Өзбекстан тарапы келісімге асыға қоймады. Көршілер теңізді қалпына келтіруден гөрі мелиоративтік жұ­мыстарға  басымдық бергенді жөн көрген сыңай танытты. Сондықтан, Қазақстан үкіметі екінші кезеңді өз күшімен бастауға шешім қабылдады.

Бұл бастамаға облыс әкімдігінің табанды жұмыстарының нәтиже­сінде қол жетті деуге болады. Соңғы жылдары Қызылорда мен Астанада Арал проблемасына арналған бірнеше халықаралық конференциялар мен форумдар өткізілді. Жиынға ха­лық­аралық ұйымдар мен қаржы институттары, шетел елшіліктері қатысты. Жыл сайынғы «Арал теңізі күні» белгіленіп, қоршаған орта­ның экологиялық жағдайының жақсаруына күш салынуда. Жоба компоненттерінің мемлекеттік бағ­дар­ламаларда көрініс табуы үшін облыс тарапынан қаншама жұ­мыстар атқарылғанын бағамдауға болады.

Наурыз айында ҚР Премьер-Министрі Б.Сағынтаев облысқа жұмыс сапары барысында Арал қаласында Солтүстік Арал жобасын және Қызылорда облысындағы суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту бойынша жобаларын іске асыру барысын талқылап, тиісті орындарға қажетті ұсыныстар әзірлеуді тапсырған еді. Осы жылдың 27 сәуірінде кеңесте аталған мәселелер мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен жан-жақты қаралды. Соның нәтижесінде Қызылорда  облы­сы әкімдігінің ұсынысы бойынша Үкімет САРАТС-2 жобасының бірін­ші кезеңін жүзеге асыруды рес­публикалық бюджет есебінен бастау жөнінде шешім қабылдады.

2005 жылы САРАТС-1 жобасы аясында салынған 13 шақырымдық «Көкарал» бөгетінің 135 метрін су шайып, мүжіп тастаған. Сырдария өзенінің Арал теңізіне құяр тұсындағы «Ақшоқат» учаскесінде солға қарай жаңадан екі арна пайда болды. Осыдан да өзен ағысы Кіші Арал теңізінің «Көкарал» бөгетіне әсер ете бастады. Ол бұзылған жағдайда Кіші Арал теңізінің 27 млрд текше метр суы Үлкен Аралға құйылып, жаһандық экологиялық апат болуы әбден мүмкін.

Жобаның өзі 8 компоненттен тұратын болса, оның алтауы алғашқы кезекте, қалғанын Дүниежүзілік Банк заемы есебінен жүзеге асыру көзделіп отыр. Бірінші кезеңге – жетпіс жыл Сырға қызмет еткен «Қызылорда» су торабын күрделі жөндеуден өткізу, Жалағаш ауданының Тұрымбет, Қорғанша учаскелерінде Сырдария өзенінің арнасын түзету, Қармақшы, Қазалы аудандарындағы қорғаныс бөгеттерін нығайту, Бірлік ауылы маңында автомобиль көпірін салу, Қамыстыбас және Ақшатау көл­дер жүйесін қалпына келтіру жұмыс­тары кіреді. Сонымен бірге жобада «Көкарал» бөгеті мен су жіберу құры­лысын нығайтуды және Сырдария өзенінің «Қарашалаң» мен «Тұщыбас» көлдері арқылы өтетін арналарын қалпына келтіру шаралары қамтылған. Бұл жұмыстардың барлығы респуб­ликалық бюджет қаржысы есебінен атқарылады. Сондықтан, алда ауқымды істер күтіп тұрғанын бағамдауға болады.

– Балық шаруашылығы коми­тетінің ұсынысы бойынша аталған компонентке өзгерістер енгізіледі. Балық өсіру питомнигінің тозға­нын ескерсек, бірінші кезекте «Қамыс­тыбас» балық өсіру питом­нигі, содан кейін «Тастақ» учас­ке­сіндегі балық өсіру тоғандары қай­та жаңғыртылады. Жұмыстар балық шаруашылығы комитетінің ағым­дағы бюджеттік бағдарламалары шең­берінде іске асырылады. Осы­лайша Дүниежүзілік Банктің заемын­сыз САРАТС-2 жобасының екінші фазасының бірінші кезеңін жүзеге асыру бойынша жұмыстар басталды деп айтуға болады, – деді брифингте облыс әкімінің орынбасары С.Қожаниязов.

Ал, Дүниежүзілік Банк заемы есебінен орындалатын екінші кезең коллекторлы-дренажды сулар­ды Арал теңізіне бұру, «Көкарал» бөгетінің төменгі жағында гидроэкологиялық және орман-мелиорациялық жұмыс жүргізу сияқты шараларды қамтиды. Осылайша, САРАТС-2 жобасының екінші фазасының бірінші кезеңін жүзеге асыру бойынша жұмыстар басталды деп айтуға болады.

Жобаны жалғастыру туралы Елбасы тапсырмасын орындау үшін облыс әкімдігі Үкіметтің қолдауымен қажетті жұмыстар атқаруда. Бұл Қазақстанның Арал теңізі проблемасын шешуге мүдделі екенін халықаралық аренада тағы да дәлелдеп береді және әлемдік қауымдастық ғаламдық экологияны жақсартудағы батыл қадамын қуаттайды. САРАТС-2 жобасы Солтүстік Аралды кемелдендіріп қана қоймайды, ол аймақтың дамуына жаңаша серпін беретін болады.

Жұматәли ӘБДІРАМАН,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<