Қармақшы ауданы: Молшылық мерекесі – ел берекесі

296

0

Таң қылаң бере халық тайлы-тұяғы қалмай кент орталығындағы «Этноауыл» саябағына асықты. Мұнда ауданға қарасты 20 шақты шаруашылықтағы диқандар ала жаздай еккен-тіккен 150 тоннадан астам өнімін 50 автокөлікпен әкелді. Қысқа қамданып, азық-түлігін арқалаған алушы да, еңбегін пұлдаған, сатушы да, жүк көтерген жұртты межелі жерге тасушы да – осы жерде. 

Жәрмеңкеге

жеткен жұрт

Күнипа Ерәлиева – зей­неткер. Десе де, отбасымен ­Жер-Анадан несібесін теріп отыр. Төребай би ауылында тұратын олар «Абай-Дана» шаруа қожалығынан 1 гектар жер алып, соған көкөніс егеді. Биыл еңбеккер отбасы жәрмеңкеге асқабақ алып келді.

– Еңбегіміздің жемісі ғой, көкөніс мол өнім берді. Қазір әкелген асқабағымыз көлеміне қарай 200-300 теңгеден сатылып жатыр. Халық дән риза. Шын ықыласымен рақметін айтып, алуда. Табиғи таза өнім болған соң, тұтынушы талабына сай келеді, – дейді К.Ерәлиева.

ІІІ Интернационал – ең­бек­керлер ауылы. Биыл «Абай-Дәулет» серіктестігі осы ауылдағы «Достық Жер» меке­месіне инвесторлық еткен. Ауылды да абаттандырды, шаруашылықты да шалқытты.

– Біз жәрмеңкеге 2 тонна күріш, 400 келідей қауын-қарбыз, капуста, 2 тонна жем, 4 тонна күрмек және 3 тонна құрама жем мен 2 тонна картоп әкелдік. Өнімдердің бағасын халықтың қалтасын қақпайтындай етіп төмендеттік. Әйтсе де, шаруалардың еңбегі де ақталу керек, – дейді инвестор мекеме өкілі Нұрсұлтан Жабаев.

Сонымен қатар жәрмеңкеге Тұрмағамбет ауылындағы шағын сүт өңдеу зауытының өнімдері де қойылды. Ауылдағы ағайыннан таза сүт қабылданып, содан түрлі өнім өндіріледі. Бүгінде аудан көлемінде де зор сұранысқа ие сүт өнімдері жәрмеңке бітпей жатып түгесілді. Әсіресе, бақша өнімдеріне сұраныс жоғары болды. Кент тұрғыны Тұмаркүл Сейдалиева қажеттінің бәріне төмен бағада қол жеткізгенін айтты.

– Арқаланып қайтып бара­мыз. Малға жем алдым. ­ Ауылдың дәмі ғой деп бақша өнімдерінен де алдық. Әсіресе, күріш арзан болды. Басқа күндері қабы 6 мың теңгенің үстінде. Бүгін 5500 теңгеден сатылды. Төребай би ауылының асқабағын, Тұр­мағамбет ауы­лының сүт өнімдерін ерекше айта аламын, – дейді ол.

Еңбек етсең ерінбей…

Жәрмеңке соңы биылғы маусымда еңбегі ерекше ба­ғаланған үздіктерді мара­паттау шарасына жал­ғасты. Оған облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов және аудан басшылары қатысты.

– Қармақшы ауданы – Сыр өңіріндегі іргелі, әлеуеті жоғары аудандардың бірі. Соңғы жыл­дары үздіктер сапынан түскен жоқ. 2017 жылы «Ақтөбе и К», былтыр «Жаңажол» серік­тестіктері облыста І орынға қол жеткізсе, биылғы маусымды «Тұрмағамбет» ЖШС облыс бойынша ІІІ орынмен қоры­тын­дылады. Бұл – дала ең­бек­керлерінің тынымсыз еңбегі мен қажыр-қайратының, ауыз­біршілігінің жемісі. Қармақ­шылықтардың ортақ жеңісі әрі табысы, – деді облыс әкімінің орынбасары Б.Жаханов.

Қармақшыдағы 22 шаруа­шы­лықтың 14-і күріш өсірумен айналысады. Биыл 14,6 мың гектар жердің әр гектарынан 62,7 центнерден өнім алып, 92 мың тонна астықты қамбаға құйды. Күн күлімдеген көк­темнен бастап бүгінге дейінгі шаруалардың еңбегін атап өткен аудан әкімі Мұса Қалдарбеков әлі де талай рекорд жаңартуға мүмкіндік бар екенін айтты.

Еткен еңбегі еленіп бір­қатар азаматтар марапатқа ие болды. Аудан бойынша озат ауылшаруашылық құры­лымдарының көшін 2700 гектар жерден 75 центнерден өнім жинаған «Тұрмағамбет» ЖШС бастады. Нұржан Пірмантаев басқаратын ұжымның жа­ңа­шылдығы да өз алдына бөлек әңгіме. Ал «Озат шаруа қожалығы» номинациясына Ақтөбе ауылындағы «Оңталап» қожалығы қол жеткізді. «Жаңа­жол» серіктестігінің қыз­меткері Балтабай Саметов «Озат бригадир» атанса, «Ақтөбе и К» серіктестігінен Нұрбол Сахиев «Озат күріш сушысы» номинациясын ие­ленді. «Тұрмағамбет» ЖШС жаткисі Нұржан Ертаев, «Жаңажол» ЖШС комбайнері Бағдат Берлібаев, «Жаңажол» ЖШС астық тасымалдаушысы Бақтияр Исабаев, «Достық жер МК» ЖШС жоңышқа өсірушісі Еркін Зарипханов, «Шабан ата» шаруа қожалығынан Абзал Жақсылықов, «Ақтөбе и К» ЖШС инженер-механигі Зәуірбек Бақбергенов озаттар қатарынан табылды.

– Еңбек жолымды осыдан 36 жыл бұрын механизатор болып бастадым. 2012 жылдан бері инженер-механикпін. Жұмыстың ­оң­айы жоқ. Мойныңа зор жауап­кершілік артылады. Бір техника бұзылса, соның кесірі бүкіл жұмыстың ырғағын бұзады. Сондықтан қауырт тіршілік қызған маусымда күндіз күлкіні, түнде ұйқыны қоямыз. Сол еңбектің бағаланғаны ғой, – дейді З.Бақбергенов.

Молшылық мерекесінде бірқатар азаматтар аудан әкімінің Алғыс хатын иеленді. Был­тырдан бастап Қылышбек Әбішев атындағы төсбелгі таға­йындалған болатын. Биыл ауыл шаруашылығына зор еңбегі сіңген тұлғаның атын­дағы марапатқа 5 адам ие болды. Шаруашылықтар атынан үздік қызметкерлерге 13 автокөлік табысталды. Олардың қатарында «Ораз ахун ЛТД» ЖШС сушысы Ғани Ойнаров та бар.

– Басшылықтың қолдауы мен тартуына алғысымды айтамын. Өз міндетімізді атқарып, еңбек еттік. Автокөлік табыстайды дегенде төбем көкке жеткендей қуандым. Қуаныштан толқып та тұрмын. Мұндайда ауызға айтар сөз де түспейді екен, – дейді жас маман.

Жастарды қолдап, ауылға шақыруда шаруашылықтардың үлесі зор. Мерекеден бай­қа­ғанымыздың бірі – осы.

Салтанатты шара аудан өнерпаздарының концерттік бағ­дарламасына ұласты.

Дәулет ҚЫРДАН.

Қармақшы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<