АСТАНА – ТЕҢДІКТІҢ ЕСІГІ, БЕЙБІТШІЛІК БЕСІГІ

473

0

Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаев  өзінің «Еуразия жүрегінде» кітабында: «Ерке Есіл жағасында бой көтерген, ерекше сәулеттік ландшафты бар, бірегей мүсіндік нышандары сап түзеген, жоғары технологиялы болашаққа ұмтылған, өзгені сыйлап, өзінің жаңа астанасы мен өз елін шексіз мақтаныш тұтатын көпұлтты және көпдінді халқы бар әсем де мейірлі астанамыз, міне, осындай қала», – деп жазды.

«Мәскеу бір күнде салынған жоқ» деген сөз ірі қалалардың ғасырлап қала­натынын бейнелесе, Астананы жүзжылдық өлшеммен ерекше жылдам салынды деуге әбден болады. Қаланың бұрын Целиноград, кейін Ақмола атанғаны белгілі. Қазіргі Астана – көлемі 200 шаршы шақырымды алып жатқан үлкен мегаполис. Ретіне қарай айтсақ, 1920 жылы Қазақстанның бі­рінші астанасы Орынбор болып, 1925 жылы Қызылордаға көшірілгенін біле­міз. 1929 жылы астана Алматыға ауыстырылды. Алматының елдің геогра­фиялық орталығынан қашық, бір шетте орналасқандығы, құрылыс салатын орынның жоқтығы, басқа да көптеген мәселелер астананы Ақмолаға көшіруге себеп болды.

Елбасы өз кітабында «көшелердің және барлық ауданның атауларын өзгерту керек еді. Бұл жер «Октябрь, Краснознамен, Совет, Ленин» деген сияқты өткен заман атауларының тұнып тұрған қорығы десе де болғандай» – деп, сол кезеңді айқын бейнелейді. Қазір ше? Көшелері Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Мұқан Төлебаев, Шәкен Айманов, Ғабиден Мұстафин, аялдамалары Ұлттық ғылыми-зерттеу институты, «Мирас» мектебі, «Жібек жо­лы» болып, қазаққа аса жақын атаулармен жалғасып кете береді. Қазақ­тың барлық арыстарының ескерткіштері – Астанада, оларға берілген көше атаулары – Бас қалада.

Астанаға әр қиырдан келушілер көп. Артынып-тартынып, балаларына, туған-туыстарына, әртүрлі тойларға, бас  қаланы көріп қайтуға арнайы сапарға шығушылар жеткілікті.

Астана тұрғындары қазір қанша? Көшіп келушілер, оқу бітіріп жұмыста қалып қоятындар өте көп. 1999 жылғы халық санағына сәйкес, Астанада (ол кезде Ақмола) 319 мың халық тұрса, қазір милионға жуық тұрғын бар.  

Астана – Отанымыздың жүрегі. Астана – Еуропа мен Азияның есігі. Астана – Тәуелсіз Қазақстанның тарихи шежіресі. Ал, осы тарихты жасаушы — Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Елорданың өнбойында Елбасының ғасырлық қолтаңбасы, жасампаздыққа жетелеген жарқын жеңісі жатыр.

Азаттықтың ақ таңы атқан тұста Елбасы «Тәуелсіз елміз, тәуелсіз мемлекеттің өз астанасы болуы керек» деп, Сарыарқаның сайын даласына бас шаһардың қадасын қағып, күллі Алаш арманы мен аманатын орындады.

Астананы ауыстыру тәжірибесі – әлем халықтарында бар құбылыс. Зерттеушілердің айтуынша, дүние­жү­зінде мұндай шешімнің 140-тан астам мысалын кездестіруге болады екен. Бірақ астана ауыстырудың бәрі сәтті бола бермеген.

Астананы көшіру идеясы алғаш рет Мемлекет басшысының аузынан шыққан кезде көпшілік мұны жай айтыла салған сөзге балады. 1990 жылдардың басында елорданы тұрғызу қиял секілді көрінгені рас. Жаңа Астана тұрғызу үшін қыруар қаржы, ірі инвестиция қажет еді. Ол кезде өндіріс атаулы тұралаған, халыққа жалақы мен зейнетақы төлеуге бюджет-тің қауқары төмен кез. Міне, осындай қиын-қыстау кезеңде Елбасы ел астанасын ауыстыру мәселесін күн тәртібіне қой­ғанда, жұртшылықтың сенбей, абыржып қалғаны шын. Тіпті, кейбір керауыз басы­лымдар «Ел күнін көре алмай қиналып отырғанда, елорда салғаны несі мына қазақтардың?!» деп кекете жазып жатты. Бірақ, Президент елдің келешегіне маңызды осы ұсынысынан айныған жоқ. Бұл идеясының тосыннан емес, үлкен ой-толғаныстан кейін туғанын Елбасы 1994 жылғы 6 шілдеде өткен Жоғары Кеңестің пленарлық мәжілісінде дәйекті мысалдармен, ойлы тұжырымдармен дәлелдеп шықты. Елбасының сөзімен айтсақ, «ертедегі ер бабамыз Едігеден бастап, айбынды Абылайға дейінгі хандарымыздың бәрі осы Есіл бойында орда тіккендері тіпті де тегін болмаса керек». Нұрсұлтан Әбішұлы Астананы ауыстыру туралы шешімін қабылдар тұста бұрынғы көреген көнекөздердің де өсиетін ескерген екен. Әйгілі поляк саяхатшысы Адольф Янушкевичтің өзі «Ақмола – бүкіл даланың болашақ астанасы» деген екен өз жазбаларында.

Бар қазақтың бас қаласы ретінде байырғы Ақмолаға таңдаудың түсуі бекерден-бекер емес-тін. Жалпы, әлемде қалыптасқан тәртіп бойынша белгілі бір қаланың астана атануы үшін ол 32 талапқа сай болуы керек екен. Ақмола осы өлшемдердің түгеліне лайық болып шыққан.

Бұған қоса, Кеңес үкіметі тұсында тың игерушілердің қонысына айналған Ақмолада жергілікті ұлтты құраушы – қазақтардың саны күрт төмендеп кеткен еді. Осы ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланып, өз мүддесіне икемдеп қалғысы келген жатпиғылдылар да қара көрсетіп тұрды.

Астананы көшірудегі ең басты мұрат та сол, ата-баба мекенін қазақыландыру, оған көз сұғын қадай берген әлдекімдердің бөтен ойына бөгет қою болатын.

Әрі географиялық жағынан алып қарағанда қазіргі Астана – Еуразия кеңістігінің кіндігінде орын тепкен. Яғни, тоғыз жолдың торабында орналасқан шаһар солтүстік пен оңтүстікке, батыс пен шығысқа ықпал ету жағынан қолайлы болды. Оның сыртында инфрақұрылымдарды дамыту жағынан, қоршаған орта мен сейсмикалық жағдайы, еңбек ресурстары мәселесінен де Ақмола басқа қалалардан оқ бойы озық тұрды.

Тәуелсіз елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің осы қақ төрінде елорда салыну қажеттігін дер кезінде байқап, қиын-қыстау кезеңге қарамастан, дұрыс шешім қабылдай білді. Бұл шешімді тым тәуекелшіл, батыл қадам дейтініміз де сондықтан.

Елордасын ауыстырушы елдер ең алдымен өзінің ұлттық мақсат-мүддесін бірінші кезекке қойғанын аңғаруға болады. Алаш астанасын көшіру де осындай ұлттық стратегиялық ұлы мұраттан туындады. Сөйтіп, Елбасы 1997 жылғы 20 қазанда бұрынғы Ақмола қаласын Қазақстанның астанасы етіп  жариялау туралы Жарлыққа қол қойды. Ал, осы жылдың 10 желтоқсанында ҚР астанасы  Алматыдан Астанаға ресми түрде ауысты.

Осылайша, қазақ жеріне көз алартып, көсемсігендердің аузына құм құйылды. Бүкіл бүтін бір елдің астанасын «менікі» деп меншіктеп алуға ешкімнің де батылы жетпес те еді.

Астана азат елдің айбынына айналды. Елорданы көшіру – еліміздің тарихындағы ерекше белес болды. Бағаналы бас орда қазақ халқының мерейі мен мәртебесін биіктетті. Әлем жұртшылығы Қазақстан десе – Астана, Астана десе – Назарбаев дейтін болды. Мұның өзі Астананың өн бойында Елбасының ерен еңбегі мен дара қолтаңбасы жатқанын аңғартса керек.

Елбасы Астананы көшіру туралы шешімін жариялаған кезде жұртшылықтың көбі елорданы салуға кемі 25-30 жыл уақыт керек деп ойлады.

Астананы әлемдегі әсем шаһарлардың біріне айналдыру алғашқы сәттен бастап-ақ жүзеге асырыла бастады. Елорданың Бас жоспарын әзірлеу кезінде бас қаланың жұрттан ерек бейнесін қалыптастыруға айрықша мән берілді. Астананың Бас жоспарын айқындаған эскиз-нобайлардың байқауы да қатаң өткізілді. Отандық мықты сәулетшілердің де, әлемдік теңдессіз мамандардың да туындылары таразыға тартылды.

Дайындаған

Ж.ӘЛМАХАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<