Астанада ресейлік және отандық әншілер Батырхан Шүкеновты еске алды

116

0

15 маусым күні Астанада бастау алған «Voice of Astana» фестивалі аясында отандық және шетелдік артистер Батырхан Шүкеновты еске алу концертінде ән шырқады, – деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Батырхан Шүкеновты еске алу кеші алғаш рет Астана сахнасында өтті.
«Батырханды еске алу біз үшін ерекше кеш. Астанада алғаш рет өтіп жатыр. Алматыда осыған дейін үш рет болды. Батырханның Алматыда болсын, Мәскеуде болсын бірге жүрген әріптестері, достары арнайы келіп, арнайы бас иіп, бүгінгі кешке қатысты. Біздің мақсатымыз, парызымыз – Батырханның шыққан, шықпаған әндерін әндерін қазіргі жастарға жеткізу. Бұл концерт «дос деген, бауыр деген кім?» деген сұраққа жауап беретін сияқты, себебі әр әнші Батырханның досы, әр әнші Батырханның қарындасы, әр әнші Батырханның інісі, ағасы, әртіптесі. Олар бүгін дайындалып, оркестрдің сүймелдеуміне жанды дауыста Батырдың әндер орындайды. Батырханнан артық айта алмаймыз, қайталай да алмаймыз, біздің идеямыз Батырханның әндерін басқаша өңдеп, басқаша жеткізу болды», – деді музыкант Ренат Гайсин.
Батырхан Шүкеновты еске алуға арналған үлкен концертте Валерий Меладзе, Юлия Караулова, Алексей Чумаков, Владимир Преснякоы, Кристиан Костов, Леонид Агудин, Элина Чага секілді Ресей эстрадасының жұлдыздары мен Айқын, Лидо, Марсель, «Алау» тобы, The Jigits, Карина Абдуллина, Сырымтай Еңсепов, Рүстем Нұржігіт, Диная, Жүгінісовтер отбасы, Майра Мұхамедқызы, Динара Сұлтан, Әли Оқапов, Нағима Есқалиева, Жұбаныш Жексенұлы, Роза Рымбаева, Дильназ Ахмадиева секілді отандық әншілер өнер көрсетті.
Жұбаныш Жексенұлымен бірге Батырханның «Анажан» әнін айтқан Нағима Есқалиева «Батыр гастрольдік сапармен немесе жоабаларымен Мәскеуде жүрген сияқты, қазір есікті ашып кіріп келетін сияқты… Батыр өлмейді, оның әндері өлмейді» – деп еске алды.
Ал Роза Рымбаева Батырдың әндері нағыз әндер болған соң ұрпақтан ұрпаққа жетеді деп сенім білдірді. Ресейлік танымал әнші, «Voice of Astana» халықаралық конкурсының қазысы Валерий Меладзе қазақстандық әншіні былай деп еске алды:
«А-Студио» тобының әндерін тыңдағанда мені қуанышқа бөлейтін. Батыр сол кезде топтың айнасы болды. Ол таңғаларлықтай муызкалық, артистік қабілеті бар тұлға болды. Ол бір күні менің жаныма келіп қандай жақсы музыка шығарасыздар деп айтқаны мен үшін ең жоғары баға болды. Сол жерде достасып кетіп әрі қарай Батырмен түні бойы отырып музыка туралы, өмір туралы әңгімелестік. Сол кезде бұкіл әлем біздің табанымыздың астында секілді, өміріміз алда сияқты көрінген», – деді ол.
Еске сала кетсек, 15 маусымда Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Voice of Astana» фестивалі басталды. Ауқымды іс-шара барыснда «Астана дауысы» халықаралық байқауының жартылай финалы мен Батырхан Шүкеновты еске алу кеші өтті. 
25 мамырға дейін «Voice of Astana» ұйымдастырушы комитетіне 20-дан астам елден 500-дей әнші мен музыкалық тобынан өтінімдер келіп түскен. Байқауға 18-бен 35 жас аралығындағы әншілер қатысып жатыр. Конкурста Ресей, Әзербайжан, Грузия, Ұлыбритания, Италия, Болгария, Эстония, Қырғызстан, Қытай, Үндістан, Түркия, Татарстан, Армения, Израиль, Өзбекстаннан келген қатысушылар өнер көрсетті. Қазақстан атынан Бердібек Құлғараев ел намысын қорғап жатыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз