АТАКӘСІПТІ АЛҒА ОЗДЫРҒАН ДӘСТҮРЛІ ШАРА

430

0

   11-12 мамыр күндері Жаңақорған ауданында IV облыстық малшылар слеті өтті. Бұл шараны ел ішінде малшылардың тойы деп те атайды. Тіпті, тойға лайық аймақ таңдалған. Айналасын тау қоршаған жазық, ал, оның қақ ортасынан күретамырдай сол аймаққа нәр беретін мөлдір бұлақ ағып жатыр. Жан-жағының барлығы жап-жасыл. Дала төсін жусан басқан. Келген қонақтар тауға шығып, бұлаққа жуынып, тұмса табиғатқа таңырқаса қарасты. Бұл аймақты «Үсен бауы» деп атайды. Қаратаудың етегіндегі шатқалда орналасқан  «Үсен бауы» бұл күндері қайнаған тіршіліктің  ортасына айналды. Алыстан мен мұндалаған ақшаңқан киіз үйлер, иық тіресе белдескен балуандар, сәйгүлікпен теңге ілген шабандоздар малшылар слетін думандата түсті. Даланы әсем әуенге бөлеген әншілер жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мұның барлығын малшы қауымға жасалған құрмет деп білген жөн.

 Дүбірлі шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Ауыл шаруашылығы қызмет­керлерінің салалық кәсіптік одағының, «Қаз­Агро» ұлттық басқарушы холдингінің басшы қызметкерлері, еліміздің белгілі ғалымдары, төрт түлік малдың республикалық палаталары мен Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан өкілдер қатысты.

Слет аясында жергілікті тауар өндірушілер өнімдерінің және ветеринарлық техника мен құрал-жабдықтарының көрмесі ұйым­дастырылды. Мұнан бөлек, асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту және мал шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабі­леттілігін арттыру мәселелері бойынша семи­нар өтті. Сондай-ақ, делегаттар Жаңақорған ауданында орналасқан «Орда Агротехнология» және «Бекарыс Агрофуд» репродукциялық шаруашылықтардың жұмы­сы­мен танысты. Аталған шаруашылықтар «Байқоңыр» ӘКК бірлесіп, ет бағытындағы 150 бас «Санта Гертруда» және 300 бас қалмақ тұқымды ірі қара мал алып, селекциялық жұмыстармен айналысуда.

Шарада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мал шаруашылығы қазақ халқының ата кәсібі және осы күнге дейін республикамызда жетекші сала екенін атап өтті.

– Мал шаруашылығын дамытуда біздің мүмкіндіктеріміз орасан. Жайылымдық көлемі бойынша Қазақстан әлемде 5-ші орында. 110 млн гектар жайылымдық жерасты суларымен қамтылған. Географиялық жағынан да еліміз үлкен нарықтардың жанында орналасқан. Осындай мүмкіндіктерімізді біз тиімді пайдалануымыз қажет. Сондықтан, көп жыл ұмыт болып, бүгінде дәстүрге айналған малшылар слетінің негізгі мақсаты да – төрт түліктің жаңа замандағы алар орны жайлы ой салу. Осы кәсіпті кеңейтіп, оны дамытудың жолдары туралы пікір алмасу. Осы мақсатта төртінші жыл қатарынан Жаңақорған өңірінде облыстық малшылар слетін өткізіп отырмыз. Жеткен жетістіктерді саралап, өзекті мәселелерді талқылап, мал шаруашылығын ғылыми негізде дамытудың басты бағыттарын айқындап келеміз, – деді аймақ басшысы.

Мемлекет басшысы «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында 10 міндетті айқындап берді. Облыс әкімі Жолдаудағы үшінші міндетке арнайылап тоқталды. Жолдауда «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі екенін көрсетіп, алдағы 5 жылда оның еңбек өнімділігі мен өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге арттыру жөнінде тапсырма берілген. Осы мақсатта еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын жыл сайын кем дегенде 20 процентке арттыру жоспарын қабылдауымыз қажеттігін айтқан аймақ басшысы биылғы іс-қимыл жоспарында агросектордың негізгі бағыттары ретінде өңдеу, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты және өндірісті әртараптандыру айқындалғанын алға тартты.

Облысымызда ауыл шаруашылығын өр­кен­детуде қолға алынған бастамалар жет­кілікті. Аймақ тарихында алғаш рет ауыл шаруашылығы өнімдерін тарату нарығына маркетингтік зерттеулер жүргізіліп, облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2020 жылға дейінгі «Агрокартасы» қабылданды. Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында облыстық «Агрокартаны» іске асырудың 2018-2022 жылдарға арналған егжей-тегжейлі іс-шаралар жоспары әзірленді. Жоспарға сай, 2022 жылға дейін облыста ет өндірісін 13 мың тоннаға, сүт өндірісін 68 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Сондай-ақ, 2021 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 5 есеге дейін арттыру мүмкіндігі бар. Облыстың географиялық жа­ғынан тиімді орналасқанын да айта кеткен жөн. Өнімдерімізді Қытай, Орталық Азия, Ресей, Еуропа мемлекеттеріне экспорттауға болады. «Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» темір жолы Иран және Парсы шығанағындағы елдермен сауда-саттық жасаудың жолын ашып отыр. Ал, буферлік аймақтан шығуымыз, өткен жылдың өзінде Иран, Моңғолия, Біріккен Араб Әмірлігіне етке өткізу мақсатында мал экспорттауға мүмкіндік берді.

Қазір Иран, Қытай, Моңғолия, Еуропа, Ресей елдері Қазақстанда өндірілетін табиғи өнімдерге үлкен қызығушылық танытып, агросекторға инвестиция салуға, өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуға дайын екендігін білдіруде. Соңғы жылдары мемлекеттік қолдаулардың арқасында мал шаруашылығында тұрақты даму тенденциясы қалыптасып, агроөнеркәсіп кешеніне салынып жатқан инвестициялар еселеп өсуде. Соңғы 5 жылдың өзінде салаға тартылған инвестиция көлемі 23 есеге ұлғайған. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының аясын­да мал басы көбейіп, тұқым түрлендіру жұмыстары жүруде. Жаңадан 134 ұңғыма іске қосылып, 25 мың гектар жайылымдылық суландырылды. Асылтұқымды мал шаруашылығымен айналысатын репродукторлық шаруашы­лықтар құрылды. Тек соңғы  5 жылда 4,5 мың бас асыл тұқымды ірі қара, 36 мың қой сатып алынды. Жылына 23 мың мүйізді ірі қараны бордақылайтын алаңдар салынды. Жем қорын қалыптастыру мақсатында егін шаруашылығын әртараптандыру жұмыстары жүргізіліп, құрама жем өндіретін екі зауыт іске қосылды.

Осы сынды жетістіктерді алға тартқан облыс әкімі халықаралық стандартқа сай келетін ет комбинатын салу қажеттігін айтты. Аталған  жоба құрылысы биыл басталатынын жеткізді. Сүт шаруашылығын дамыту мақсатында Шиелі ауданында 1200 малға арналған тауарлы сүт кешенінің құрылысы басталды. Құс шаруашылығы да қолға алынды. Былтыр Шиеліде жұмыртқа өндіретін бірінші құс фермасы іске қосылса, Қармақшы ауданында 1500 тонна құс етін өндіретін фабрика, Қызылорда қаласында екі құс фермасын салу жобалары іске асырылуда. «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында пилоттық негізде Жаңақорған ауданында кұс етін өндіретін ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, қаржыландыру жұмыстары басталды.

Дегенмен, мал шаруашылығын дамыту үшін басқа да мәселелер жетіп-артылады. Бұл ретте жем-шөп қорының жеткіліксіздігі, мал басының жеке сектордағы үлесінің басым болуы, жергілікті мал өнімділігінің төмендігін атап өтуге болады. Сондықтан, бірінші кезекте шалғайдағы жайылымдарды суландырып, өнімділігін арттыру арқылы отарлы мал шаруашылығын өркендету қажет. Облыста жайылымдық қор жеткілікті. Бүгінгі таңда аймақтағы 11 млн гектар жайылымның 24% ғана пайдаланылуда. Екіншіден, асыл тұқымды мал басын көбейтетін репродуктор шаруашылықтар құру керек. Бұл жерде мал шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар мәселесі тағы бар. Әсіресе, ет, сүт, жүн және теріні терең өңдейтін жаңа технологияларды енгізу аса маңызды. Сонымен қатар, ет, сүт өндірушілерді жеке секторда отбасылық шағын тауарлы өндірістерді ұйымдастыру, оларды ауыл шаруашылығы кооперативіне біріктіру арқылы өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін ұлғайтып, ішкі және сыртқы нарықтарда сатуды ұйымдастыру да алда тұрған жұмыстың бірі. Бұл ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтуға және ауылдық жерлерде жұмыссыз жүрген халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Ол үшін мемлекеттік қолдаулар қарастырылған. Биыл облыста «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау» жылы болып жарияланды. Бұл мақсатқа қыруар қаржы бөлінді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет тарапынан мал шаруашылығын дамыту үшін қосымша шаралар қарастырылуда.

Төрт түлік малды тегінен танитын шаруақор ағайынның күннің ыстық-суығына қарамай атқарған еңбегі қашанда құрметке лайық. Осы орайда, жыл сайын облыстық малшылар слетіне басқа өңірлерден қатысушылардың саны артып келе жатқанын назарда ұстаған аймақ басшысы келер жылы біздің облыста «Бірінші республикалық малшылар слетін» өткізуді ұсынды.

Дәстүр бойынша аймақтың агроөнеркәсіп кешенінің үздік қызметкерлеріне ҚР АШМ медальдары мен Құрмет грамоталары, салалық төсбелгілер және облыс әкімінің алғыс хаты табысталды. Марапат иелерінің қатарында ауыл шаруашылығын насихаттауға үлес қосып жүрген «QAZAQSTAN» ұлттық арнасының облыстағы меншікті тілшісі Ақерке Биятова мен Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің бөлім меңгерушісі Гүлнәр Дүйсебай сынды әріптестеріміз де бар. Біз өз кезегінде марапат биігіндегілерді де сөзге тартқан едік. Жаңақорғандық «Миялы» кооперативінің төрағасы Абдулла Әбсаттаров мемлекет қолдауы ауыл шаруашылығын өркендетуге мол мүмкіндік беретінін айтып, мал шаруашылығын жандандыруға үлес қосып, ет бағытындағы жұмысты оңтайландыру үшін еңбек ете беретіндіктерін жеткізді. Ал, үздік ет бағытындағы шаруашылық аталымы бойынша марапатталған қызылордалық Сұлтанбек Сисенбаевтың сөзінен еткен еңбегінің лайықты бағаланғанын аңғардық.  

Қаратау қойнауындағы дүбір мұнымен біткен жоқ. Өнер саңлақтары ән-биден шашу шашты. Қараша үйлерде ұлттық тағамдар тарқатылып, қонақжайлылық лебі есті. Спорттық ойындардан сайыс ұйымдастырылып, малшылар думаны қыза түсті. Боз кілемде иық тіресе белдескен балуандар өзара кім мықтыны анықтады. Білек күші мен жүрек күшіне сенгендер қол күрестіріп, гір тасын көтерді. Соңында командалар арасында арқан тартыс өткізілді. Осындай шаралардың куәсі болған қонақтар разы болып тарасты.

Жаңғырған дәстүрдің табысты жолы ел игілігіне айналғанын көріп, біз де бір марқайып қалдық.

Әзиз БАТЫРБЕКОВ,

«Сыр бойы».

Бағдат ЕСЖАНОВ (сурет).

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<