Ауыл ажары – азамат абыройы

298

0

Бұған дейін облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш және Сырдария аудандарының елді мекендерінде болып, елдің тыныс-тіршілігін бағамдап, алда тұрған міндеттерді пысықтады. Осы аптада облыс басшысының жұмыс сапары оңтүстік аудандарда жалғасты. Алдымен Шиеліде аудан әкімі Әшім Оразбекұлының халық алдындағы есепті кездесуіне қатысты.


Есепте елдік мәселелер айтылды

Қысқаша айтсақ. Тоқсан мың тұрғыны бар ауданда өткен жылы өндірілген өнеркәсіп өнімі 31,4 млрд теңге болса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі  25,8 млрд теңгеге жеткен. Былтыр тіркелген шағын және орта кәсіпкерліктің саны 4895 субъекті болса, тиісті кезеңмен салыстырғанда 108,4 процент. Бүгінде ауданда мемлекеттік кірістер басқармасы арқылы 687 жеке кәсіпкер, 36 шаруа қожалығы, 33 заңды тұлға тіркеліпті. Сондай-ақ, аудан кәсіпкерлерінен бюджетке 8,2 млрд теңгенің түсімі түссе, оның ішінде 2,5 млрд теңгесі шағын және орта кәсіпкерліктен.

Былтыр құрылыс саласы бойынша құры­лыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге респуб­ликалық, облыстық және аудандық бюджеттерден барлығы 1,7 млрд теңге қаржы қаралған. Атап айтқанда, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2018-2019 жылдары 1,2 млрд теңге қаржыға Шиелі кентіндегі «Шұғыла» мөлтек ауданы және Бидайкөл елді мекеніндегі жаңадан тұрғын үй салынатын 14, 15 және 30 кварталдарда инфрақұрылым жүйелері толығымен аяқталыпты. Аталған мөлтек аудандардың жалпы ұзындығы 34 шақырым ішкі тас жолдарының құрылысына облыстық бюджеттен 291,8 млн теңге қаржы қаралып, 55 кө­шеге тас төселуде.  Бұл жұмыстар биыл толық аяқталатын болады.

– Индустрияландыру бағ­дар­ла­масының екінші бес­жыл­дығы аясында өңірлік картаға енгізілген жобалық құны 149,2 млрд теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асырылуда. Былтыр осы жобалар арқылы 7,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. 294 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар алдағы жылы көптен бері халықтың назарындағы кенттегі темір жол үстінен өтетін, құны 645 млн теңге болатын көпір құрылысына облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Қалған қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді, – деді аудан әкімі өз есебінде.

Ауданда «жасыл» эконо­микаға бағыт­талған сағатына 50 мвт-ға дейін күн энергия­сынан қуат алатын, құны 26 млрд теңгені құ­райтын «Байқоңыр Солар» электр станциясы өт­кен жылдың соңында іске қосылған еді. Бұл көрші аудандар мен Қызылорда қаласын электр қуатымен қамтамасыз етуге арналған.

Газдандыру бойынша Шиелі кентінде тұрғын үйлердің 98 проценті және 195 мекеме «көгілдір отын» пайдалануда. Былтыр аудан орталығындағы 8 білім беру мекемесінің жылу қазандықтары газ отынына ауыстырылған. Алда жергілікті бюджеттен 25 млн теңге қаржы бөлініп, №45, 46, 252, 148, 149 мек­тептердің бу қазандықтарын газға ауыстыруға жоба-смета­лық құжаттары дайындалып, биыл білім мекемелері газбен жылытылмақ.

Сонымен қатар тұрғын­дар­­дың жеке қаржылары есе­бінен облыста ең алғаш болып ауылдарға газ кіргізу жұ­­мыстары жүргізілуде. Бү­гінде Ы.Жақаев, Гигант елді ме­кендері газбен қамтамасыз етіл­ді. Енді осы ауылдардағы әлеуметтік нысандарды газ отынына қосу шаралары ат­қа­рылуда. Облыстық энергетика басқармасы басшысының орын­басары Е.Жоламановтың айтуынша, қазір облыс тұрғын­дарының 64 проценті газ тұ­тынса, Шиелідегі газдандыру жұмыстары өзге аудандарға қа­ра­­ғанда қарқынды. Басты себеп – аудан орталығына ауыл­дық округтердің жақын орналасуы.

– 2015 жылы «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы Шиелі кентінде газ жүргізілді. Сол кезде салынған авто­матты газ тарату станциясы арқылы жақын ауылдарға газ тарту жұмыстары атқарылуда. Ал­­­ғабас, Н.Бекежанов, Ш.Қо­да­манов, Байсын елді ме­кен­дерін газдандыру жобалары бойынша биыл үлкен жұмыстар атқарылады, – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Аудан әкімінің есепті кезде­суінде облыс әкімі Қ.Ысқақов өңірдегі атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Шиелі ауданына былтыр 55,2 млрд теңге инвес­тиция тартылып, соңғы 7 жыл ішінде аудан инвестициясы 191 млрд теңгеге жеткен.

– «Өңірлерді дамыту» бағ­дарламасы аясында былтыр 790 млн теңгеге 5 елді мекенде ауыз су құбырлары жүргізіліп, Бірінші Май, Бірлестік, Ботабай елді мекендерінің тұрғындары ауыз сумен қамтылды. Сонымен қатар, құрылыс саласында да жағымды жаңалықтар жетерлік. Мәселен, өткен жылы 228 млн теңгеге облыстық бюджет есебінен ауданда 18 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй құрылысының жұмыстары бас­талып, биыл аяқталмақ. Одан бөлек, аудан орталығынан жалпы құны 1 млрд теңгеге тағы да 3 бөлмелі 59 тұрғын үйдің құрылыс жобасы әзірленіп отыр, – деді облыс әкімі.

Шиелі ауданында 2018-2019 жылдар аралығында мем­лекеттік-жекешелік әріптестік аясында 11 нысан пайдалануға берілген. Олар 4 спорттық нысан, 2 дәрігерлік амбулатория және бір арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы.

Биыл білім саласында маңызды құжат «Педагог мәртебесі» туралы заң мен «Білім және ғылымды дамы­тудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дар­ламасы» қабылданды. Аймақ басшысы осы бастамалар аймақта  сапалы жүзеге асырылу қажет екендігін айтты.

– Осы жаңа бағдарлама аясында облыста 30 мыңнан аса педагогтің жалақысы 25 процентке көтерілді. Бұдан бөлек, функционалдық міндет­теріне және санаттарына қарай қосымша 30-50 процент үстемақы төленуде, – деп толықтырды облыс әкімі.

Аймақ басшысы бұдан өзге аудандағы бірқатар кем­шілік­терді де атап өтті. Алдымен жұмыссыздықты азайту, жаңа жұмыс орындарын ашу және салық базасын кеңейту туралы жүктемені пысықтай түсті.

– Ауданда сәби өлімінің көрсеткіші де өскен. 2018 жылмен салыстырғанда 20,7 процентке артып, облыс көрсеткішіне кері әсерін ти­гізуде. Біз адам өліміне, ана мен бала тағдырына бейжай қарай алмаймыз. Сондай-ақ, біздің алдымызда тұрған міндет – балаларға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру. Бүгінгі күні облыстағы жүзден аса мектептің әжетханасы ғимарат сыртында орналасқан. Тараз қаласындағы оқиға бәріңізге белгілі. Бұл – кезек күттірмей шешуді қажет ететін мәселе. Осыған орай аудандағы мектеп сыртында орналасқан барлық әжетхана биылғы жылдың 1 тамызына дейін ғимарат ішіне көшірілу қажет. Сондай-ақ, балабақшалар мен мектептерді 1 тамызға дейін бейнебақылаумен қамтамасыз етіңіз, – деді облыс әкімі аудан басшысына.

Айта кетсек, биыл нысандарды бейнебақылаумен қам­тамасыз етуге облыстық бюджеттен  250 млн теңге қаржы қаралған.

Мұнан өзге, аймақ басшысы аудандағы тұрғын үй салуға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту бойынша берілген жер учаскелері толық игерілмей, бүгінге дейін тиісті мекемелердің тең­геріміне өт­пегенін де айтты. Мұ­нан соң кәсіпкерлікті дамытудағы же­тіспеушілік пен ауыл­шаруа­шылық сала­сындағы «Сыбаға» бағдар­ла­масы бо­йынша мал әкелудің межеленген жоспары толық орындалмай отырғанын сынға алды.

– Қазіргі таңда айтылған міндеттерді түпкілікті шешу­дің бір ғана жолы бар, ол – жергілікті жерде жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Аудан әкімдігі облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы, облыстық кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп, халықты кәсіпкерлікке жаппай тартуды, оған қоса тұрақты бизнес-құрылымдар тарапынан болатын қолдаулармен қамтамасыз ету қажет, – дейді аймақ басшысы.

Ауылдарды аралағанда…

Облыс әкімі тұрғындармен кездесуін Гигант ауылдық округінен бастады. №148 орта мектепте болған кездесуде тұрғындар ел-елді аралап, халықтың тыныс-тіршілігімен танысып жүрген аймақ басшысына ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ, мектеп мұғалімі Салтанат Ақбалаева білім ордасындағы соңғы жаңалықтармен және ұлы ақын Абайдың 175 жылдығына ұйымдастырылған көрмемен таныстырды. Бұл орайда аймақ басшысы биылғы осындай республикалық маңызды шаралардың қажеттігін, кейінгі ұрпақ бойына қалыптастыруды күшейту керектігін айтты.

Ал, ақмаялықтармен кездесуде тұрғындар «көгілдір отын» мәселесін көтерді. Осы ауылдың тумасы, жеке кәсіпкер Дәулет Жұмбеков облыс әкімдігінен қолдау болса, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында газ мәселесін шешетінін айтты. Тіпті, кәсіпкер құрылыс жобасын өз қаржысына жасатып қойғанын да жеткізді. Аймақ басшысы жауапты сала мамандарымен бірлесе, ауылға газ кіргізуді тапсырды.

Ш.Қодаманов ауылының тұрғындары да оң сапар тілей отырып, бүгінгі ауыл өмірінің түзелгеніне өз алғыстарын жеткізді. Мұндағы кездесу былтыр ғана ашылған спорт кешенінде ұйымдастырылды.

– Аралдың қиян шеттегі ауылдарына барып, ондағы елдің жағдайын көзбен көріп жүргеніңізді білеміз. Газет пен теледидардан сіздің шеткі аймақтардың тұрмысымен танысып, мәселелерді шешудегі қадамыңыздан да құлағдармыз. Өзімізге келсек, елде бәрі бар. Емхана, спорт кешені, мешіт, мәдениет үйі толық жаңартылды. Өзіңіз тұрған осы спорт кешенінде  үйдегі қара домалақтарымыз шынығып жүр. Аудандық әкімдік алдағы уақытта әуез мектебін қайта жаңғыртудан өткізетіндігін айтты, бұл да үлкен қуаныш, – деді ауыл ақсақалы Әбітхан Мизамбаев.

Сондай-ақ облыс әкімі Еңбекші, Керделі, Жуантөбе, Телікөл ауылдық округтерін де аралады. Мұнан өзге аудандық №1 индустриалды-аграрлы кол­­­лед­жінде болып, оқу орны­ның базасымен танысты.

Сапар барысында төрт мыңнан аса тұрғыны бар Жуантөбе ауылдық округінде жұртшылық табиғи газ кіргізу мен көшені жарықтандыру мәселесін көтерді. Айтылған ұсыныстардың бірде-бірі қарау­сыз қалмайтынын айт­қан әкім ең алдымен өзекті мәселелердің орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін және бір пысықтай түсті.

– Өздеріңіз білетіндей, 5 ау­данның 90-ға жуық елді мекен­ін аралап, тұрғын­дармен кездестім. Көкейде жүрген мәселелерді талқылап, оларды шешу жолын қарас­тыруды орынбасарларыма, тиіс­ті сала басшыларына тапсыр­дым. Осы орайда, ауыл­дарды дамытуда ауданнан шыққан кәсіпкер азаматтарды халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдауға ерекше көңіл бөлуге шақырамын. Өйткені, адам баласының парызы – туған жерге қызмет етуден, жақсылық жасаудан тұрады, – деді аймақ басшысы.

Шиелі сапарында Қуаныш­бек Ысқақов жоғарыда айтыл­ған елді мекендердің тұр­ғындарымен де кездесуде барлық деңгейдегі әкімдерге жұмыссыздық мәселесін шешу керектігін қатаң тапсырды. Облыс әкімінің жұмыс сапары кеше Жаңақорған ауданында жалғасты.

Ержан ҚОЖАСОВ.

Қызылорда-Шиелі-Қызылорда.