Қуанышбек Ысқақов: Кәсіпкерлікті дамытуға күш салу керек

377

0

Кеше облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың аудандарға сапары Сырдария өңірінде жалғасты. 40 мыңға жуық халқы бар ауданның 13 ауылдық округінде болып, тұрғындармен кездесті. Алдымен облыс әкімі Айдарлы, Жетікөл және Аманкелді ауылдарында аялдап, ел азаматтарымен сөйлесіп, пікірлерін тыңдады.

Айдарлылықтар жолға қа­тысты ұсыныстарын ай­тып, «Қызылорда-Ай­дар­­лы-Тартоғай» тас жолы­на жөндеу жұмыстары жүр­­гізілсе деген өтініш біл­дірді. Ал Жетікөл ауы­лы тұрғындары ауызсу жүйе­сі әр үйге тартылса деген өті­ніш айтса, Аманкелді елді мекенінің тұрғындары электр бағандарын ауыстыру қажеттігін сөз қылды.

– Елдің жағдайы бұрын­ғы­дан көш ілгері.  Мектеп, балабақша, мәдениет үйлері, спорт кешендері салынып, түгел жаңартылды. Ал енді ауыл болған соң мәселе туындамай тұрмайды. Ауылдағы  электр қондырғылары 1970 жыл­дардан бері ауыс­ты­рылмаған. Соған қайта жаңғырту жұмыстары жүр­гі­зілсе дейміз. Өздеріңізге белгілі, электр жағы болмаса, бүгінгі тіршілік оңға баса қоймасы анық, – дейді Аманкелді ауылының тұр­ғыны Мырзағали Кенбаев.

Облыстық энергети­ка басқармасы басшы­сы­ның орынбасары Е.Жоламанов­тың жауабына сүйенсек, облыс бойынша 9 мың ша­қырымдай электр желісі болса, осы Сырдарияда 630 ша­қырым электр желісі тартылған. Барлық қондыр­ғылар қаржыға қатысты кезең-кезеңімен ауыстырылуда. Былтыр Бесарық елді мекеніндегі электр қондырғылары жаңартылған. Алдағы уақытта аудандық жауапты бөліммен бірлесе отырып, аталған ұсыныс тағы қаралатын болады.

Мұнан соң облыс әкімі Қоғалыкөл, Шіркейлі ауыл­дарына барып, Бесарық ауылдық округіндегі «Абай Дәулет» ЖШС жүргізіп отырған шаруашылықтың жұ­мысымен танысты, тұр­ғын­дармен кездесті. Қуа­ныш­бек Ысқақов ауылда кәсібін жүргізіп қана қой­май, сондағы жергілікті ха­лықты жұмыспен қамтып, ауылды көркейтуге атсалысып отырған шаруашылық иелеріне ризашылығын жет­­кізді. Сондай-ақ, Бес­арық халқы бітпеген жол мәсе­­лесін қозғады. Бұған об­лыстық жолаушылар кө­лігі және автомобиль жолдары бас­қармасының басшысы Ержан Әбдіқалықов жауап берді.

– Облыстық бюджеттен бөлінген 215 млн теңге қар­жыға Бесарық ауылына кіреберіс жолды жөндеу жұ­мыстары қыркүйек, қазан айларында  толығымен аяқта­лады. Әуежайдан бастап Қоғалыкөл мен Шіркейлі ауыл­дарына дейінгі жолға рес­публикалық бюджеттен 380 млн теңге бөлініп, жөн­деу жұмыстары басталды. Жауапты мердігер ме­кеме «Қыран» ЖШС. Ал «Айдарлы-Тартоғай» тас жолын биыл сәуір айын­да ағымдағы жөндеу жұ­­­мыс­тары арқылы қал­пы­­на келтіреміз, – деді Е.Әбді­қалықов.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Н.Ілиясов ауылдық округіндегі «Абзал и К» толық серіктестігінің тұқым зауытының жұмысымен та­нысты. Айта кетсек, мұндағы «PETKUS» тұқым тазалау зауыты 2012 жылы іске қосылған. Жалпы құны 215 млн теңге болатын за­уыт  сағатына 5 тоннаға дейін күріш тұқымын өңдей алады.

Облыс әкімі Шаған, Іңкәрдария, Ақжарма, Қал­жан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов ауы­лын­дағы тұрғындармен кез­десті. Бұл ауылдардың көбісі егіншілік бағыттағы шаруашылықпен айналысады. Сондай-ақ, бұл елді мекендерде кәсіпкерлік нысандар көптеп салынған. Бір ғана мысал, Ақжарма ауылында соңғы бес жылда мемлекеттік-жеке­мен­­шік әріптестік аясын­да 7 ірі бизнес қолға алы­нып, жұмыссыздықты бол­дыр­мау­да көп шара ат­қарылған. Ақжармаға барған сапарында аймақ басшысы озат механизатор, жас маман Тимур Шайымовтың отбасында болды. «Ақжарма және К» шаруашылығында жұмыс істейтін Тимурға шаруа қожалығының төрағасы Қайрат Нұрсейітов тұрғын үй салып берген. Еңбегінің арқасында жетістікке жеткен Тимур көп жастарға үлгі десек те болатындай. 

Жоғарыда айтылған ауыл тұрғындары көтерген бас­ты мәселелер – жаңадан дәрігерлік амбулатория салу, ауылішілік жолдарды жөндеу мен жарықтандыру, ескі су каналдарын тазарту.

– Мектебіміз бар, жаңа емханамыз бар, мәдениет үйі де тұрғызылды. Мұның бәрі – халық ауызбіршілігінің арқасы. Ел басқарған азаматтарға алғысымыз шексіз. Бізден бір ғана тілек бар. Осында отырған жұрт егін егіп, мал бағады. Ауыл маңындағы «Ақтам» каналы сәуір айына дейін қайта тазаланса, осындағы жұрттың еңбек етіп, бақша салуына көп мүмкіндік туар еді, – дейді іңкәрдариялық ақсақал Әбілжаппар Сырлыбаев.

Ал тиісті мамандар аудан қаржысы шешілсе, бір ай көлемінде су жүйесін қайта тазалауға болатынын айтады. Аймақ басшысы айтылған ұсыныстың дер кезінде атқарылуына тапсырма беріп, қалған мәселелер бюджеттік жоспарға сай шешілетінін айтып өтті.

– Мемлекет басшысының талабы – біріншіден, халық­тың ауызбіршілігі, елдің ын­тымағы, әл-ауқатының артуы. Екіншіден, бүгінгі қала мен ауыл арасындағы көп айырмашылықтың арасын қысқарту, яғни қалада бар мәдени нысандар мен әлеуметтік жұмыспен қам­титын орталықтар ауылда да болуы керек. Сонымен қатар, кәсіпкерлер санын арттырып, жұртты жұмыспен қамтуды үйлестіруді әлі де күшейту маңызды. Осы сапар басталғалы 60-қа жуық елді мекенді араладық. Барған ауылдарға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жайында айтып келеміз. Бағдарлама негізінде әлеуметтік нысандарды, ғимараттарды жаңадан тұрғызуға көп мүмкіндік бар. Үкімет ұсынған барлық бағдарламаларды тиімді пайдалана білсек, одан ұтылмасымыз анық, – деді аймақ басшысы тұрғындармен кездесуінде.

Облыс әкімі осылай ауыл жұртшылығымен пікірлесіп, ел ішіндегі маңызды мәселені жалықпай тыңдады. Халық айтқан өтініш-тілектің барлығы алдағы уақытта қаралатынын, ең алдымен, айтылған мәселелер аудан активімен бірге талқыланып, қорытынды шешім шығатынын ескертті.

Ержан ҚОЖАСОВ.

Қызылорда-Сырдария-Қызылорда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<