Қазалыда жыл үздіктері марапатталды

197

0

Қазалы аудандық мәдениет үйінде жаңажылдық салтанатты шара өтіп, жылдың үздіктері марапатталды.
Жаңа жыл мерекесіне арналған аудан әкімі құттықтау сөз сөйлеп, жыл көлемінде атқарылған іргелі істерге тоқталды.
– Әрбір өткен жыл тарих беттеріне еліміздің даму жолындағы жасампаз жаңалықтарымен жазылып келеді. Бұл жылы да аудан көлемінде атқарылған ауқымды істер көз алдарыңызда.
Күні кеше ғана Сырдария өзеніндегі «Әлсейіт» көпірі ел игілігіне берілді. Облыс әкімі Қуанышбек Досмайылұлы өзі арнайы келіп, тұрғындардың қуанышымен бөлісті. Сонау Кеңес Одағы кезінен шешімін таппай келген түйткілді мәселе ел Тәуелсіздігінің арқасында жүзеге асып отыр. Енді Қазалы мен Арал ауданының 15 мыңға жуық халқы аудан орталығымен емін-еркін байланыса алады. Арғы беттегі ағайынның аралас-құраластығы арттып, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына да серпін қосары анық.
Сондай-ақ, аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі мекемелер үйінің ғимараты пайдалануға берілді. Аудандар арасында алғаш рет ашылған еңселі ғимаратта аудан әкімдігімен қатар, аудан мәслихат пен 9 бөлім орналасады.Қазалы ауданының әкімдігінде «Ашық әкімдік» жобасы жүзеге асырылатын болады. «Open Space» жобасы аясында әртүрлі мекемелердің қызметкерлері халыққа бір жерден қызмет көрсетеді. Енді түрлі мекемелерге құжат тапсыратын тұрғындардың жұмысы бір жерден бітетін болады.
Ауданда тұрғын үй мәселесін шешуге байланысты да ауқымды жұмыстар атқарылды. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Әйтеке би кентінің 5 квартал аумағында 18 пәтерлік 6 жалдамалы көп қабатты тұрғын үй салынып, халыққа берілді. Пәтердің кілттерін облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов тұрғындарға өзі табыстады, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Мұнан соңаудан басшысы жылдың қорытындысымен әр сала майталмандарын «Жыл үздігі – 2019» номинациясымен марапаттады.
Аудан әкімінің қолынан «Жылдың үздігі» номинациясын алғандардың қатарында әйелдер арасындағыбокстан екі дүркін ел чемпионы, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Ақерке Бақытжан да бар.
Сондай-ақ, шара барысында аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Ерболат Тұрым мен еңбек ардагері Әбжами Жанаев «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атанды. Ал,«Қазалы Жолшы» ЖШС директоры Серік Өтегеновке «Құрметті жолшы» төсбелгісі, аудандық өлкетану музейінің директоры Сәкен Әлішевке «Батыр шапағаты» медалі табысталды.
Салтанатты шара аудан өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарлама ұласып, әннен шашу шашылды.