Азаттықтың ақ жолындағы отыз жыл

721

0

Ғасырлар бойытәуелсіздікті аңсаған аталарымыздың арманы еңселі ел болу еді. «Егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас» деп жырлаған ақындарымыз шер жұтып, батырларымыз ат үстінде ұйықтап, етігімен су кешіп, жерін қорғаған.

Кеңес одағы ыдырағаннан кейінгі аума­лы-төкпелі кезеңде «әуелі экономика, сосын саясат» деген Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетімізді шынайы тәуелсіз­дікке жетудің тар жол, тайғақ кешуінен сүріндірмей аман алып шықты.

«Тәуелсіз Қазақстанның дүниеге келуінің ұлы шежіресі бірқатар тарихи кезеңдерден тұрады: 1990 жылдың сәуірі – Республика Президенті лауазымын тағайындау, 1990 жылдың қазаны – Қазақстанның тәуелсіздігі туралы Декларация, 1991 жылдың тамызы – Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы және Республикалық егемен алтын-валюта қорын құру, 1991 жылдың желтоқсаны – алғашқы бүкілхалықтық президенттік сайлау, біздің мемлекетіміздің жаңа атауы туралы шешім қабылдау, 16 желтоқсан – «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңды қабылдау, 1993 жылдың 15 қарашасы – өзіміздің ұлттық валютаны және қаржы жүйесін енгізу», – деп еске алады Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы күрделі кезеңнің күрмеуі көп жылнамасын Елбасының өзі «Қазақстанның жаңа дәуірінің алғашқы күні» атты мақаласында.

Көріп отрығанымыздай, Қазақстан дәуір өлшемімен салыстарғанда аз ғана уақытта осынша жолды жүріп өтіп, тарихи белестерді артта қалдырды. Өзін әлемге мойындатып, Елордамыз бейбітшіліктің бесігіне айналды.

Қазақстан Республикасы деген жаңа мемлекет пайда болған күннен азаттықтың арман мен арпалысқа толы ақ жолы басталды, тәуелсіз елдің іргетасын қалап, оны нығайту қолға алынды. Тәуелсіздік тізгіні қолына енді тиген ел үшін, бәрінен бұрын жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өту және бұрынғы экономикалық байланыс­тардың үзілуі жағдайында экономикалық реформаларды жүргізу оңайға соққан жоқ. Мемлекеттің қалыптасуы, ең алды­мен, биліктің мемлекеттік институт­тарын құрудың, жалпы халықаралық деңгейде танылудың, әртүрлі дүниежүзілік ұйым­дарға кірудің қажеттілігін көрсетті. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалық­тық референдумда қабылданған Ата Заң ел дамуының одан кейінгі бағытын да айқындап берді. Қазақстан халқы Конс­титуцияға дауыс беру арқылы президенттік басқару нысанын қолдады. Бұл таңдау кездейсоқ емес еді. Ол биліктің әртүрлі тармақтары арасындағы алауыз­дыққа байланысты ауытқушылықтарға жол бермейтін қуатты топтасқан билік жүйесінің қажеттілігінен туындады. Президенттік басқару нысаны мемлекеттік биліктің заң шығарушылық, атқарушы­лық және сот билігі тармақтарының ара жігін ажыратудың конституциялық міндетін икемді шешіп берді. Бір жағынан билік тармақтарының өзара тығыз ынтымақтастығы қамтамасыз етілсе, екінші жағынан олардың Конституция мен заңдарда белгіленген өзара тежеу және бір-бірінің өкілеттігіне араласпау тетігі жасалды. Елбасы егемендіктің алғашқы күн­дерінен бастап тәуелсіз сот, қуатты құқық қорғау органдарын құруды демо­кра­тиялық, құқықтық мемлекетті ны­ғайтудың басым бағыттарының бірі ретінде белгілеп, осыған қатысты ша­ралардың жедел жүзеге асырылуын талап етті. Мемлекеттік биліктің бір тармағы – сот жүйесінде болған тың өзгерістерге Президенттің қамқорлығы мен көреген саясаты серпіліс берді. 2000 жылғы 25 желтоқсанда қабыл­данған «Қазақстан Республикасының соттары мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заң сот жүйесін қалыптастыру мен жетілдірудің өте маңызды тұғыры болды. Атап айт­қанда, соттар мен судьялардың мәртебесі конституциялық заңдармен белгіленді, соттар бір жүйеге біріктіріліп, сот құрылысы мен сот ісін жүргізудің оң­тайлы және тиімді негізі қаланды, Конституциялық заң сот құзыретінің шегін кеңейте түсті, судьялар сот төрелігін жүзеге асырған кезде тек заңға ғана емес, әділеттілік атты аса маңызды моральдық, құқықтық және саяси ұғымға сүйенуге мүмкіндік алды. Судьялар тәуелсіздігінің кепілдіктері айқындалып, оның биік әлеуметтік мәртебесі бекітілді. Сот жүйесіндегі әлеуметтік, ұйым­дық, құрылымдық өзгерістермен бірге сот ісін жүргізудің заңнамалық қоры да күшейе түсті.       1991-2011 жылдар аралығында жүргізілген реформалар дербес сот билігінің қалыптасуы мен орны­ғуына, сот жүйесінің ұйымдық негіз­дері­нің дамуына, соттың тәуелсіздігін нығайтуға бағытталды. Сот жүйесінде болған түбегейлі өзгерістер баршаның сотқа қолы жетуін қамтамасыз етіп қана қоймай, кез келген тұлғалардың өз құқықтарын сот арқылы жүзеге асыруына жол ашты, азаматтардың сот билігіне сенімін күшейтті. Сондықтан сот жүйесін одан әрі жетілдірудегі басым бағыттардың бірі және бірегейі – соттың ашықтығы, жариялылығы, сол арқылы халық пен сот арасында екіжақты байла­нысты қалыптастыру болып қала бермек. Сот төрелігінің ашықтығы судьялардың жеке басының ісі болып есептелмейді, ол мемлекеттік саясаттың бағытына айналған. Қазіргі күні қол жеткен табыстар биігінен қарағанда, дер кезінде жүзеге асқан шаралардың сот реформасын барынша жеделдетіп, соттардың қызметін жаңа дең­гейге көтергеніне айқын көз жетеді. Негізінен әлемдік стандарт бойынша сот билігінің тәуелсіздігі саяси, экономикалық және іс жүргізу аспектілері бойынша баға­ланады.

Сот билігінде бір ғана басты тұлға бар. Ол – судья. Судья – қоғамның адамзатқа ортақ құндылықтарға сай қалыпты өмір сүруіне бөгет жасайтын келеңсіздіктер мен дау­ларды заң жолымен реттейтін өте маңызды тұлға. Судьяның үлкені, кішісі бол­майды, оның мәртебесі қай сот саты­сын­да да бірдей. Біздің мәңгілік мұратымыз – ел тәуелсіздігінің құнды­лықтарын қорғайтын қуатты сот, туғансыз тура билік айтақын, адамгершілік келбеті айқындайтын, адал, шыншыл, турашылдықтан таймайтын, әр адамның құқығын қорғайтын әділ сот болу.

Эльмира АХМЕТОВА,

Қызылорда қалалық сотының судьясы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<