Балаларға арналған үйірме саны артады

1735

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында елдің даму деңгейі, күрделі кезеңді еңсеру жолдарына басымдық берді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет Жолдаудан туындайтын міндеттер, өңірдегі рухани, мәдени, саяси құрылымдар бо­йынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­зақ­стан халқына Жолдауын­да әлеуметтік салаға қатысты ұлттың жаңа болмысын қа­лып­тастырудың өзектілігіне ба­сымдық беріп, негізгі ба­ғыт­тарды айқындады. Атап айтсақ, терең білімді ұрпақ тәрбиелеу, жас буын­ды ерінбей еңбек етуге бе­йімдеу, кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асыру, темірдей тәртіп пен жоғары жауапкершілік, әділдіктен ай­нымау, ұқыптылық пен тия­нақтылық. Жолдаудан туындайтын міндеттерді өңірімізде жүзеге асыру бойынша 2 қыркүйекте облыс әкімі Гүл­шара Әбдіқалықованың төр­аға­лығымен облыстық актив отырысы өткізіліп, нақты мін­деттер мен тапсырмалар жүк­телді, – деді Серік Әбжәліұлы.

Облыс әкімінің орынба­сары ақпарттық насихат жұ­мыстарының жүргізілу барысына да тоқталды. Жолдауды кеңінен насихаттау мақсатында белгілі тұлғалар, қоғамдық пікір көшбасшыларының пі­кір­лері мен мақалалары рес­публикалық және жергілікті БАҚ-та кеңінен жарық көруде.

– Жолдауды ақпараттық сү­йемелдеу жөнінде арнайы облыстық медиа-жоспар әзір­леніп, облыс әкімімен бекі­тілді. Медиа-жоспар 3 негізгі бөлімнен, 145 тармақтан тұ­рады. Атап айтқанда, насихаттау жұмыстарын ұйымдастыру, Жолдаудың басым бағыттары бойынша ақпараттық шаралар және тиісті сала басшылары мен аудан әкімдерінің брифингтерін өткізу. 1 қыр­күйектен бастап, Жолдау­дың басым бағыттары туралы 105 спикердің пікірлері жергілікті телеарналар мен баспа басылымдарда ақпараттандырылды, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ, республикалық және жергілікті БАҚ-та, интернет ресурстар мен әлеуметтік желілерде Жолдаудың негізгі міндеттерін насихаттау бағы­тында дайындалған бейнеро­ликтер, инфографикалар, ма­қа­лалар орналастыры­лып, бар­­лығы 2125 материал жария­ланған.

–  Жолдауда «Халық үні­не құлақ асатын мемлекет – бұл, шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы» деген болатын. Сол арқылы кез келген мәселені азаматтық қоғаммен бірлесіп шешуді тапсырды. Бұл бағытта аймақтағы үкіметтік емес ұйымдардың басын қосып, оларға әдістемелік көмек көрсетіп жүрген Анар Ізденнің басқаруындағы об­лыстық «Азаматтық Альянс» өз жұмысын дамытуда. Алда­ғы уақытта, азаматтық қоғам­ның белсенділігін арттыру мақ­сатында «Әлеуметтік жобалар жәрмеңкесін» өткізуді жос­парлап отырмыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Президент Жолдауда өс­ке­лең ұрпақтың шығарма­шы­лық әлеуетіне аса назар ау­дару қажеттігін айтып, «Ба­лалар үйірмесі» қызметін қай­та қалыпқа келтірудің ма­ңыз­дылығын қозғады. Қа­зір облыстағы 173 клуб кәсіп­орын­дарында 854 үйірме бар. Жолдау аясында алдағы жылы үйірме санын 1000-ға, қаты­сушыларды 11 500-ге жеткізу жоспарлануда. 

Мемлекет басшысы бұқара­лық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық бере отырып, әр облыста, ірі қалалар мен аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет­тігін де атап өтті. Облыс әкімінің орынбасары облыста 2009 жылдан бастап сабақтан тыс және кешкі уақытта халық үшін спорт секцияларының жұ­мысын қамтамасыз ету арқылы бұқаралық спортты дамыту тәжірибесі енгізілгенін айтты.

Жалпы, облыста 21 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. 20 147 оқушы 45 спорт түрі­мен тегін шұғылданады. Соң­ғы екі жылда аймақта 16 спорт кешені пайдалануға бе­рілсе, биыл мемлекеттік-жеке­шелік әріп­тестік аясында жоспар­ланған 12 жобаның 5-і іске қосылды. Қалған жетеуі және облыстың әлеуметтік-эко­но­микалық дамытудың 2019-2022 жылдарға арналған ке­шен­ді жоспарына сәйкес 5 жоба кезеңімен жүзеге асы­рылмақ.

Жастар саясаты бойынша, алдағы бес жылдықта  6 мыңға жуық жас «Жасыл ел» және «Жас құрылысшылар» еңбек жасақтарының қата­рын­да еңбек ететін болады. Жас­тардың кәсіпкерлік бастамаларына мемлекеттік гранттар мен инвестициялар тартылып, өңірдегі NEET санатындағы жастардың үлесін төмендету көзделуде.

Мемлекет басшысы Жолдауда пандемияға қарсы күрес әлі де жалғасып жатқандығын айтты. Мәселе туындаған кезде ғана емес, алдын ала дайындық жүргізіп, қамдану маңызды. Осы орайда облыста халық көп шоғырланатын орындарда заласыздандыру жұмыстары қарқынды жалғасуда.

– Бүгінгі күнге дейін 13,9 млн шаршы метрді құрай­тын аумақ залалсыздандырылды. Тиісті мемлекеттік органдар, БАҚ өкілдері мен еріктілерден құралған 24 топпен карантин талаптарының сақталуы бо­йынша мониторинг шараларын жүргізуде. Нәтижесінде, 450 хаттама толтырылып, 19 млн 862 мың 700 теңге айыппұл салынды, – деді Серік Ахмет.

Облыс әкімінің орынбасары карантинге қарамастан той жасайтын тұрғындар тыйылмай тұрғанын, бұл көрсеткіш бо­йынша алда тұрған аудандарды да атады. Ең бастысы, бетперде тағу, арақашықтықты сақтау, антисептик қолдану күнделікті дағдыға айналу қажеттігін баса айтты.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<