БЕС ЖЫЛДА ЖЕТКЕН БЕЛЕСТЕР

379

0

Тоқтаусыз уақыт бізді тағы бір оқу жылының соңына жеткізді. Ұрпақтар алмасып, мектеп бітірушілер үшін үлкен өзгерістер қарсаңындағы жаңа кезең басталды. Кеше облыстың барлық мектептерінде «Соңғы қоңырау» салтанатты жиыны өтіп, 7113 түлек жаңа өмірге жолдама алды. Түлектердің  4821-і, яғни 67,8%-і  Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Өткен жылмен салыстырғанда, сынаққа қатысушылар үлесінде айтарлықтай өзгеріс жоқ. Мектеп бітірушілердің 343-і «Алтын белгіге» үміткер. Алтын ұяларынан түлеп ұшқан қыз-жігіттердің білім бәсекесінде биіктерді бағындыратынына сенімдіміз. Өйткені, соңғы бес жылдағы бұл саладағы жетістіктер, алдыңғы толқынның үлгісі кеше мектеп бітірген түлектерді қанаттандырады деп ойлаймыз. 

Біздің өміріміздегі барлық игілік­тердің негізгі драйвері – адам, оның білімі мен дүниетанымы. Білімге ұмтылу, үйренуге құштарлық арқылы адам баласы бейтаныс ғаламның сырын ашуда. Бұл бағытқа жұмсалып жатқан қаржы мен күш-жігер, қойылып жатқан талаптардың нәтижесі көз алдымызда.  Мәселен, өткен жылы  мектеп  бітірген  6196  түлектің  4123- і жаңа  форматтағы  ҰБТ  сынағынан өтіп, орташа  82,4  балл жинады.  Тестілеудің орташа балы республикалық орташа деңгейден де жоғары болды. Оған қоса 397 мектеп  бітіруші «Алтын белгі» алды.

   Осылайша, бітірушілердің 97 проценті колледждер мен  университеттерге түскен еді. Бұл – мақтан тұтарлық, кейінгіге үлгі етерлік көрсеткіш! Бұл – мектеп бітірген жастардың болашағына жоспар құрғанын, оны орындауға бет алғанын айқындайтын көрсеткіш! Бұл –  жастар өз күш-жігерін тек білім алуға қарай бағыттағанына, олардың жат ағымдар жетегіне кетпейтініне кепіл болатын көрсеткіш! Егер жыл сайын жаңа өмірге қадам басқан жастар осылайша түгелге жуық оқумен қамтылса, оларды болашақ мамандығын игеруге қатысты мәселелер ойлантса, өмірден орнын таппай қалу, беймәлім топтарға қосылу сияқты келеңсіздіктер өз-өзінен жойылар еді. Бұл тұрғыда облыс әкімі парасатты пайымды әркез жастар жадына сіңіріп келеді. Әлемдегі ақпараттық технологияның беталысы мұнай мен газға, табиғи байлыққа сүйенген кезеңнен бір­тіндеп өтіп бара жатқанымызды түрлі дәлелдермен нақтылай түсуде. Жаңа ғасыр –  ақпараттық, цифрлық технологияларды, техникалық прогрессі игерген  адамдардың ғасыры болатынын айқындауда. Осы тың бағыттың туын көтеретін бәсекеге қабілетті кадрларды дайындау – уақыттың да, еңбек нарығының да талабы.

Облыс мектептерінің түлек­тері 2014 жылдан бері Мәскеу мен Санкт-Петербургтің жетек­ші техникалық жоғары оқу орындарында оқи бастады.   Қазір 452 сырбойылық Ресей Феде­рациясы бюджеті есебінен, аймақ экономикасының сұранысына сай мамандықтар бойынша Ресей Федерациясының үш оқу орнында –  Мәскеу Ұлттық технологиялық зерттеу, К.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық, Санкт-Петербург мемлекеттік өн­ді­рістік технология және ди­зайн  университеттерінде  білім алуда. Сыр өңірі –жастардың та­лабын шыңдап, арманына қанат бітірген, үздік техникалық жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік берген бірден-бір облыс. Алдағы айларда алғашқы бітіруші түлектер қолдарына диплом алып, туған жерге ора­лады. 

Келесі оқу жылынан бастап М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті «Кибер­қауіпсіздік» және «Процестерді математикалық модельдеу» ма­ман­­дықтары бойынша тағы 20 грантты жыл сайын бөлетін болды. Оған қоса жыл сайын 20 адамды ақпараттық және цифрлық технологиялар бойынша Иннополис университетінде оқы­ту туралы келісім бар.

Жыл сайын облыс әкімінің грантымен аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан дарынды ауыл балалары аймаққа қажетті мамандықтарды игеруге еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына жіберілуде. Бүгінде бұл грантқа 700-ге жуық адам ие болды. Ата-анасының іргедегі об­лыс орталығында оқытуға жағдайы келмесе де, білім алуға талабы бар баланың тауы шағылмауы керек. Жергілікті бюджет қаражаты есе­бінен әлеуметтік тұрғыдан халықтың осал топтарындағы көпбалалы отбасылардан шыққан студенттерге жылына бір рет оқу ақысын және тамақтану мен тұру шығындарын өтеуге әлеуметтік көмек беру туралы бұл шешім талай отбасына қуаныш сыйлады. Биыл да 159 дарынды балаға грант тағайындалып, оның 70 процентін ІТ-мамандықтарға бағыттау жоспарланған.

Жастарды жоғары және ар­наулы білім алуға ынталан­дыр­ған бағдарламаның бірі – «Серпін-2050». Бұл жоба  2014 жылдан бері жастардың кәсіптік және аумақтық мобиль­дігін арттыру үшін қолға алын­ды. Оңтүстік облыстардың түлек­терін Солтүстік, Шығыс, Батыс Қазақстан өңірлеріндегі университеттер мен колледждерде  білім алуына қолдау жасау мақсатында «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» әлеуметтік жобасы аясында жүзеге асуда. Жыл сайын сырбойылық түлектер «Серпін» бағдарламасымен оқуға грант жеңіп алуда ең үздік нәтижелерді көрсетіп отыр. Бүгінгі күні 4000 бала осы бағдарлама бойынша білім алуда.

Қызылордалық жастардың бола­­шағына жол ашқан гранттық бағдарламалар бойынша алғашқы қарлығаштар қанат қағатын уақыт таяп келеді. Жоғары білім алған, ақылы толысқан, санасы қалыптасқан, жүздері жарқын, сенім жүгін арқалауға әзір, елге қызмет етуге ынталы жастар – барлығымыздың көзқуанышымыз, мақтанышымыз.

Биылғы мек­теп бітірген тү­лек­­тердің де өздеріне дейін­гі­лер­дің үлгісімен жаңа за­­ман­­ның шақыруларына сай ма­ман­­дықтарды игеруге талпы­нысы зор. Талаптары оң болғай!

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыцр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<