Білім гранты белгілі болды

381

0

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс­тық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақзира Қасымова 2018 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысымен мемлекеттік білім грантын иеленгендер туралы қысқаша баяндады. 

Айта кетейік, аймақ бойынша биыл мектеп бітіруші 7113 түлектің 4742-сі, яғни 66,7%-і ҰБТ сынағына қатысып, орташа 85,82 балл жи­наған еді. ҰБТ-ның нәтижесі бойынша бүгінгі таңда 2732 түлек мемлекеттік грант иегері атанды. Жалпы мамандықтар бойынша саралайтын болсақ: педагогикалық мамандықтарға – 696, денсаулық саласына – 207, техникалық ғы­лым­дар және технологиялар – 1236, ауыл шаруашылығы саласы – 283, қызмет көрсету саласы – 155, әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес – 113, өнер саласы – 42, ал «Серпін» бағдарламасымен  751 түлек мемлекеттік грантты иеленді. Сонымен қатар, биыл бөлінген облыс әкімінің гранты – 205. Оның ішінде меморандум бойынша Ресей Федерациясының алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының гранты – 70 (Кон­курстың қорытындысы 5-10 тамыз аралығында белгілі болады). Оқу орындары ректорларының гранты – 43, әскери грант – 39, шетелдерге оқуға түскені (сол елдің бюджетімен) – 29.

– Бұл 2732 түлек тек мем­ле­кеттік грант иеленгендер ғана, алдағы уақытта бұл көрсеткіш әлі де көбейетін болады. Алдынала болжам бойынша биыл 3000-нан аса түлектеріміз жоғары оқу орнымен қамтылып, нәтиже 42%-ті құрайды деп отырмыз. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 35% болған. Сондай-ақ, 100 және одан жоғары балл жинаған түлектердің 102-сі  мемлекеттік грантты иелене алмады. Бүгінде оларды өз таңдаулары бойынша ақылы жоғары оқу орындарына, сондай-ақ, ақылы негіздегі және тегін арнаулы оқу орындарына оқытуға мүмкіндіктер қа­рас­тырылып жатыр, – дейді А.Қасымова.

Айта кетейік, Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен шекті деңгейден өтпеген және тестілеуге қатыспаған балаларға осы жыл­дың 14-18 тамыз аралығында жә­не 2019 жылдың қаңтар айында ақылы негізде жоғары оқу орнына түсу үшін ҰБТ-ны қайта тапсыруға мүмкіндік бар. Бұған қатысты қазіргі таңда 1500 талапкер өтініш білдірген, оның ішінде 952-сі колледжден кейін тапсыратындар.

Ал Астана қаласындағы Евр­АзЭС Парламентаралық Ассам­блеясы жанындағы Санкт-Петер­бург университетімен облыс әкім­дігі арасындағы жасалған мемо­рандумға сәйкес 10 түлектің құжаттары тапсырылған.

                                                                                        

  Ғазиза ӘБІЛДА,     

       «Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<