ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ – БАСТЫ НАЗАРДА

314

0

Арал теңізінің тұздануы мен «Байқоңыр» кешеніндегі гептил отынын пайдаланбау туралы мәселелерді «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі селекторлық кеңестің кезекті отырысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев көтерді. Аталған кеңестің отырысы ҚР Премьер-Министрі Б.Сағынтаевтың төрағалығымен өтті.
Сонымен қатар, кеңесте Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманың 2013-2020 жылдарға арналған іс-шара жоспарын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Күн тәртібі бойынша облыс әкімі аталған іс-шара жоспарының іске асырылуы туралы баяндады.
Аймақ басшысы назар аударған басты мәселелердің бірі – «Арал дағдарысы».
«6 млн гектардан асатын аймақ шөлге, тұзды тозаң көзіне айналды. Теңіз ұлта­нынан жыл сайын ондаған миллион тонна тұзды шаң бұлттары мен улы тұз, құм көтеріледі. Егістіктерді шайған сумен бірге түсетін миллиардтаған тонна улы тұздар, пестицидтер, гербицидтер Арал теңізінде жинақталған», – деді Қ.Көшербаев.
Осы жағдайда Елбасының бастамасымен жүзеге асқан Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жобасының бірінші бөлігін іске асыру нәтижесінде Арал өңірінің экологиялық жә­не әлеуметтік-экономикалық жағдайы едәуір жақсарды, депрессивтік аймақ даму жолына түсті. Қазір облыс экологиялық ахуалды одан әрі жақсартуға және Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» кө­шу жөніндегі Тұжырымдамасын іске асы­руға баса назар аударып отыр.
«Бұл үшін Арал өңірінің халқы Елбасына шексіз алғысын білдіруде. Бүгінгі таңда, аталған жобаны жалғастыру туралы Прези­дент­тің берген тапсырмасын орындау үшін біз Үкіметтің қолдауымен қажетті жұмыс атқарудамыз», – деп атап өтті облыс әкімі.
Өңірдегі тағы бір маңызды мәселе – суармалы жер.
«Өздеріңіз білетіндей, облыстың ауыл шаруашылығы толығымен суармалы жүйе­ге негізделген. Соның себебінен егістік жерлерде жерасты суларының жақын болуы салдарынан тұздану процесі қатар жүреді. Бұл Аралдың проблемаларына қоса біз үшін тағы бір үлкен қиындықтар туғызуда. Сондықтан, жердің тұздануын болғызбау үшін егістік жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту шаралары қабылдануда», – деп толықтырды аймақ басшысы.  
Естеріңізге сала кетейік, наурыз айында облысқа ҚР Премьер-Министрі Б.Сағынтаев бастаған үкіметтік делегация жұмыс сапа­рымен келді. Сол сапар барысында облыс әкімі суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту жөніндегі жобаларды іске асыру мәселелері туралы айтқан еді. Нәтижесінде 188 мың гектар суармалы жерлердің мелио­ративтік жағдайын халықаралық қаржы ұйым­дардың заемдары арқылы жақсарту жөнінде шешім қабылданған еді. Олардың ішінде биылдан бастап 15 мың гектар жерде жұмыстар басталады.
Сондай-ақ, облыс әкімі «Байқоңыр» ғарыш кешенінде гептил улы және зиянды зымыран отынын пайдалануы да өңір экологиясына кері әсерін тигізетінін айтып өтті.
«Бұл мәселені шешуде Байқоңыр кешені жөніндегі Қазақстан мен Ресей үкіметаралық комиссиясының аясында «Байқоңыр» ғарыш кешенінен гептилді пайдаланатын «Протон» зымыран тасығыштарының ұшырылымы қысқартылып, 2026 жылы оларды мүлдем ұшырмау туралы шешім қабылданды», – деп хабарлаған облыс әкімі, Үкімет басшысына осы мәселені шешудегі өңір басшылығының ұстанымын қолдағаны үшін алғыс білдірді.
Бүгінде облыста экологиялық ахуалды жақ­сартып, жасыл экономикаға көшу мәсе­лесінде атқарылған іс аз емес.
Атап айтқанда, соңғы үш жылда Сырдария өзенінде екі үрлемелі су тоспасы салынды. Нәтижесінде су аз жылдардың өзінде, жалпы аумағы 60 мың гектардан асатын Жаңақорған және Шиелі аудандарының егіс алқабын тұрақты суландыруға және 1,5 млрд текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, 2018 жылдан бастап 3 млрд текше метр тасқын су жинайтын 6 су қоймасын салу жоспарланып отыр.
Өзекті мәселенің тағы бірі – ауыз су. Атқарылып жатқан жұмыстар нәти­жесінде облыс халқының 95 проценті орта­­лықтандырылған ауыз су жүйесімен қам­тылған (2012 жылы бұл көрсеткіш 69 %-ті құраған). Облыс орталығы – Қызылорда қаласы 2015 жылдан бастап толығымен жерасты су қорын пайдалануға көшті.
 «Жасыл экономика» тұжырым­дамасына сай ауыл шаруашылығы саласында да оң өзгерістер бар. Облыстың агроөнеркәсіптік кеше­нін дамытудың 2016-2020 жыл­дарға арналған «Агрокартасын» әзірлеп, онда егіс алқаптарын әртараптандыру, прогрессивті суару әдістерін пайдалану, ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өндірудегі инновациялық жобаларды өндіріске енгізу, сырттан жоғары өнімді мал сатып алуды ұйымдастыру арқылы репродукторлық шаруашылықтар құру, ет, сүт, жүн, тері, көкөніс, бақ­ша өндірумен қатар, оларды терең өңдеуді ұйымдастыру бағытында іс шаралар жоспары әзірленіп, іске асырылуда.
Күріш шаруашылығында сапалы тұқым, жоғары технологиялық ауыл шаруашылығы техникаларын пайдалану арқасында күріш өндірісінде соңғы 5 жыл қатарынан рекордтық өнім алынуда (2017 жылы – облыс  бойынша әр гектардан 55,3 центнер). Нәтижесінде күріш өндірісі 1,5 есеге артты.
Жасыл экономикаға көшу бағы­тында аймақта атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндаған облыс әкімі энергия үнемдеу, энергия тиімділігін арттыру мақсатындағы шараларды айтып берді. Мәселен, энергия үнемдеу, энергия тиім­ділігін арттыру мақсатында қыздыру шамдары жарық үнемдеу шамдарына ауыстырылып, нәти­жесінде облыс бойынша көше жары­ғына жұмсалатын электрэнергия 12% үнемделіп отыр.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында облыс бойынша 14,4 шақы­рым жылу жүйелері жаңғыр­тылды. Нәтижесінде жылу құбырларының тозуы 48%-тен 44%-ке төмендеді.  
Жаңартылған энергия көздерін пайдаланушы кәсіпорындар қатары көбеюде. Жаңақорған ауданындағы «СКЗ-U» ЖШС күкірт қышқылын өндіру барысында шығарылатын буды өңдеу арқылы 12 МВт электр энергиясы өндіріледі. Қуаттылығы 80 МВт құрайтын екі күн электр станциясы құрылысын салу үшін қажетті жер учаскелері рәсімделіп, технико-экономикалық негізде­ме­ле­рі әзірленуде. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығындағы 35 шаруа қожалық күн сәулесімен жұмыс істейтін кіші электр станцияларын пайдаланады.
Аймақта жасыл экономикаға көшіп, халықтың тұрмысын жақ­сарту мақсатында атқарылып жат­қан жұмыстардың тағы бірі – полигондарды экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес­тендіру. Сол үшін соңғы 3 жылда облыстық бюджеттен полигон құрылысына 246 млн теңге бөлініп, биыл 252 млн теңге қаралып отыр.
«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Қызылорда қаласында тұрмыстық қатты қал­дық­тарды сұрыптау кешені және поли­гон құрылысы басталып, облыстық бюджеттен техника және сұрыптау кешенінің құрылғыларын сатып алуға 300 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, ауаның ластануын азайту үшін жер қойнауын пайдаланушылар мұнаймен бірге шығатын ілеспе газды өңдеп, ауаға зиянды улы заттардың таралуы азаюда. Атап өтетіні, экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында облыс бойынша қоғамдық көліктің 40%-і газ отынына көшірілген», – деп мәлімдеді облыс әкімі.
Өңірде шешімін тапқан өзекті мәселелердің бірі газдандыру жұмыстары болатын. Қазір облыстың 4 аудан орталығы (Арал, Әйтеке би, Шиелі, Жаңақорған кенттері) Қызылорда және Бай­қоңыр қалалары газдандырылды. Нәтижесінде облыс бойынша газбен қамтылған тұрғындардың үлесі 63%-і құрап отыр.
Қорыта айтқанда, «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі Үкіметтік тұжырымдаманың іс-шараларын іске асыруды облыс әкімдігі тұрақты түрде бақылауда ұстап, ұтымды жұмыс жасалып келеді.

Б.НАРКЕН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<