Елшімен елдік мәселелер сөз болды

590

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг Сокпен кездесті. Кездесуде аймақ басшысы алдымен мейманды Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалуымен құттықтап, екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстың нығая түскенін жеткізді. Сонымен қатар, қос мемлекеттің бауырластығы, достық қарым-қатынасы бүгінде берік ынтымақтастыққа ұласқандығын айтты, – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

– Қазақстан мен Корея Рес­публикасы көптеген жылдар бойы ашық және сенімді қарым-қатынас орнатқан стра­­те­гиялық серіктестер екен­­дігі белгілі. Екі ел ара­сын­дағы дипломатиялық қарым-қатынастардың ор­на­ғанына биыл 28 жыл толып отыр. Қазіргі таң­дағы жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстар, сау­да-экономикалық қа­ты­нас­тар­дың қарқынды өсуі және бірлескен мәдени іс-шаралар өзара қарым-қатынастардың айқын дәлелі болып табылады. Тарихи деректерге сәйкес елімізге депортацияланған корейлер қазақ халқының бауырлас көмегіне сүйенді. Шиелі ауданында корей этносының 29 өкілі Социалистік Еңбек ері атанды. Облыс аумағында Хон Бом До, Ге Бон У, Цай Ден Хак, Ким Ман Сан сынды корей диаспорасының атақты өкілдері жемісті қызмет атқарған. Сол уақыттан бері елімізде, оның ішінде Қы­зылорда облысында ко­рейлердің біршама ұрпақ­тары қоныстанып, бүгінгі күнге дейін тату-тәтті өмір сүріп келеді, – деді облыс әкімі.

Елші Ку Хонг Сок осы сапарында ауылшаруашылық саласында, оның ішінде күріш өсіруде Сыр өңірінің же­тістіктерге жеткеніне таң­данысын білдірді. Күріш өсіру технологиясын дамытуда екі ел шаруаларының тәжірибе алмасу шарасын өткізуге ұсыныс білдірді.

– Мен осы сапарымда Қы­зылорда облысының тыныс-тіршілігімен таныстым. Қорқыт ата атындағы уни­вер­ситетте болдым, Хон Бом До атындағы мемориалын көрдім. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қы­зыл­ордада жерленген генерал Хон Бом Доның сүйегін тарихи отанына қайтару туралы Корея Президенті Мун Чже Иннің сұранысына қатысты оң шешім қабылдады. Хон Бом До – Корея тәуел­сіздігі үшін күрескен даңқ­ты ұл. Сондықтан екі ел басшылары келіскен бұл істі атқаруға сіздің қолдау білдіруіңізді сұраймын. Соны­мен, қатар бұл өңір мұнай-газ саласымен қатар, Байқоңыр ғарыш айлағымен де әйгілі. Ауылшаруашылық саласында, әсіресе, күріш өндіруде толағай табыстарға жетіп келесіздер. Біз жергілікті диқандардың күріш өсіру технологиясын мең­гергіміз келеді. Осы бағытта екі ел шаруалары тәжірибе алмасса деген ұсынысым бар. Коро­навирус инфекциясымен күресте де ынты­мақтастығымызды арттыра береміз деп сенемін, – деді Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг Сок.

Кездесуде аймақ басшысы Хон Бом Доның сүйегін тарихи отанына қайтару ісінде қолдау көрсететінін жеткізді. Пан­демиямен күрес мә­се­лесінде Корея Рес­пуб­ликасымен ынты­мақ­тастықты арттырудың маңызы зор екендігін айтты. Ауыл­шаруа­­­шылық саласында да әріп­тестікті арттырып, екі ел ма­мандарының тәжірибе алмасу ұсынысы іске асаты­нын білдірді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<