Елжандылар дала қосын дүбірге бөлеуде

1398

0

Көк комбайн жанымызға кілт тоқтады. Су жаңа. Зауыттан заманға лайықтап істелгені көрініп-ақ тұр. Ал мен көз алдыма бала кезгі күріштікті елестеткенмін. Сонда қызыл «Енисейлер» болып еді. Мына жаңа комбайндай емес, резеңке доңғалағы жоқ. Шынжыр табанды еді. Кеңес үкіметінен қалған, күрішті «жегенінен» тұруы көп сол техника бізге бәрібір сүйкімді көрінетін. Расымен, егістікте қақалып-шашалып тұратын ескі комбайнның ол кезгі еңбегі көп. Ал мынау…


Жап-жаңа комбайннан жас жігіт түсті. Күнге күйгенін ақсиған тісінен-ақ байқайсың. Ыржия келіп амандасқан.
– Қырман тасысын! – дедім ежелгі дәстүрмен.


– Рақмет! – деді ол күлген қал­пы. Сосын үсті-басын қағып, өзін тәртіпке келтірген болды. Оған себеп қасымдағы әріптесім Нұр­­болаттың фотоаппаратын шытырлатуы. Суретке тосыннан түсіргенді сәл-пәл жатырқағаны көрініп тұр.


– Комбайн айдағалы қанша болды, бауырым? – дедім мен өзін Еркін деп таныстырған жігітке.


– Он жыл.


– Сонда нешедесіз?


– 29 жастамын.


– Охо, – дедім мен. – Сонда…


– Иә, мектеп бітіре сала осы шаруашылыққа жұмысқа тұрдым. Комбайн айдауды да сол кезден бастадым.
– Жақсы екен, – дедім мен кейбір пышақ қайрауды білмейтін жігіттерді ойлап тұрып.


– Еркін Айтқожаев деген үздігіміз – осы. Былтыр «Мәді қажы» шаруашылығы атынан автокөлік сыйладық, – деді осы кезде сөзге араласқан бас инженер Жанарбек Смайылов.


Айтпақшы, бас инженердің сөзінше, шаруашылықтағы 10 комбайнды жүргізіп жүрген жігіттердің барлығы дерлік 30-ға толмаған. Көмекшілері де сондай.

Бізбен аз-кем тілдескен Еркін отбасында үлкен ұл екен. Оның техника тілін табуға құштарлығы шынымен кейбір бозөкпеге үлгі боларлықтай. Бұның алдында кеңестік кезеңнен қалған көне техниканы, иә әлгі «Енисейді» де аянбай жүргізген бұның заманауи комбайнды да ұршықша иіріп жүргеніне таңғалмасқа болмайды.

Айтпақшы, біз Шіркейлідеміз. Осындағы шаруашылықтың сан салалы жұмысымен таныспақпыз. Әдетте Сырдағы жер емген егінші қауымның жұмысы күзде тым қауырт қой. Қайнаған қазандай бұрқ-сарқ еткен тіршілікке қарасаң, арқаң қызып сала береді.


Әне, Еркін тізгіндеген техникадан бөлек, тоғыз комбайн егін даласында тынымсыз қимылдайды. Тоқтау жоқ. Өйткені, олар жатка орған салыны дестесімен «жеп» жүр. Комбайн көмейіне түскен дестеден дән әп-сәтте ажырап, бункерін лезде толтырады. Толған бункерді күтіп, тіркемесімен КамАЗ не трактор тұр. Олар да комбайн құйған жер несібесін қырманға қарай тасуға асық.


Көл бетінде қатарласа жүзген көк бас үйректің тобын көргеніңіз бар ма?! Комбайндардың да қимылы сондай. Жаңаның аты жаңа ғой. Біздің бала күнгі құлаққа жатталған комбайнның даусындай тарсылдаған бірдеңе емес. Бұлардағы мотор дыбысы уілдеп, құлаққа жұмсақтау естіледі екен.

Күн аз-кем желкемдеу. Аспан ашық. Қарасып-ақ тұр. Қамбаға дән толтыруға бұдан қолайлы мезгіл жоқ еді…

Жұмысшы қауым жерге қарамауы тиіс

«Мәді қажы» шаруашылығы Шіркейлі ауылында орналасқан. Ал Шіркейлі көзіқарақты оқырманға Сырдария ауданына жататын ауыл екені белгілі. 500-ден астам шаңырағы бар. Тарихын індетсек, тым әріде. Сонау колхоздастыру жылдарына кетіп қаламыз. Дұрысы, 1967 жылы майда колхоздарды біріктіру арқылы «Шіркейлі» совхозы құрылған. Содан бері тіршілік түтінін түзу ұшырған осы жұрт талай қиындықта ауызбіршіліктен таймай келеді.


Аудан мен облысқа жақын орналасқан ауыл атауы жанындағы Шіркейлі каналымен байланысты. Шіркейлінің ұзындығы 95 шақырымға жуық. Жаз айында күрішті суға бастыруда ең бірінші рөл атқаратын осы арна. Ауылда өзгелердей мектеп, шағын орталық, балабақша, емхана, мәдениет үйі, кітапхана, почта жұмыс істейді.


Ауылдағы «Мәді қажы» шаруашылығының негізгі бағыты – егін егу және мал шаруашылығы. Халықтың 80 проценті осында еңбек етеді.


– Шаруашылық 2004 жылы құрылды. 250 адам жұмыс істеп, отбасын асырап отыр, – деді бізбен кездескен серіктестік төрағасы Сейіткамал Сұлтанов. – Былтыр ең үздік екі еңбеккерге көлік мінгіздік. Одан бөлек, жұмысшыларға 120 дана түрлі жиһаз бен тұрмыстық техника сыйладық. Айлыққа қосымша 50 миллион теңгеден астам сыйақы да берілді. Өйткені, осы шаруашылықтың алға нық қадам басып, өнім өндіруде қатардан қалмауын ең бірінші жұмысшылардың еңбегімен байланыстыруымыз керек. Мен мұны орынбасарыма да, әкімшілік құрамдағы басқа да жігіттерге ылғи ескертіп жүремін. Жұмысшы қауым не сұраса да, қысылып әлдебір жағдай айтса да түсіністікпен қарауын тапсырамын. Олар осында еңбек етіп жүр ме, демек, жерге қарамауы тиіс.
«Мәді қажы» шаруашылығы биыл 2 мың гектарға жуық күріш егіпті. Бұған қосымша 200 гектардың үстінде бидай мен жоңышқасы бар. 540 гектар ескі жоңышқа, 11 гектар қант құмайы, 70 гектар дәндік жүгері де шаруашылықтың егін егуде әртараптандыруға қадам басқанын көрсетіп тұр.


– Техниканы жаңартып алдық. 5 комбайн еді, 10 данаға жеткіздік. Тракторларды заманға сай жабдықтап, кейбірін қайта сатып алдық. Техникаң сай болса, қызметкерлерге де оңай. Бұдан бөлек, құрылыс заттарын шығаратын шағын цех ауыл ішінде жұмыс істеп тұр. Онда да осы елдің адамдары жұмыс істеуде. Әсіресе, цехта 30-ға толмаған жас жігіттер көп, – дейді төраға.


Сөз арасында шаруашылықтың әлеуметтік көмекті жиі беретінін айтқан Сейіткамал Абзалұлы биылғы қуаңшылықта ауыл халқы шөпті арзан бағада алғанын айтады. Жоңышқаның бумасын 400 теңгеден сатқан шаруашылық шөпті қорасына дейін апарып беретін көрінеді. Ал табиғи шөп сатылмайды. Мысалы, шаруашылықтағы 250 адамның әрқайсысына 100 дана табиғи шөптің бумасы тегін таратылады. Үйіне дейін техникамен түсіріліп беріледі. Қарап отырсақ, 25 мың бума шөп екен. Ал ауылдағы 140 ардагерге дәл осындай 100 данадан шөп таратылады. Бұл – дәстүрлі түрде жылда қалыптасқан шаруа.

– Халыққа ақталған күріш беру де осындай. Дәстүрлі түрде. Тек қара жер несібесін тоқтатпасын дейміз. Былтыр 75 тонна күріш тараттық. Өзімізде күріш ақтайтын шағын диірменіміз бар. Болашақта Қытайдан үлкен күріш ақтайтын, бағасы 70 миллионға жуықтайтын жаңа қондырғы алатын болдық.


Екінші бір қуанышты жаңалық, Құдай қаласа, жиын-терім біткен соң, жұмысшыларға беретін сыйақы көлемін көбейтіп жатырмыз. Бұған 60 процент үстемақы қоспақшымыз. Мысалы, былтыр жыл соңында миллион теңге сыйақы алған болса, ал биыл 1 млн 600 мың теңге сыйақы тағайындалады деген сөз, – деп ел ішіндегі оң жаңалықтарды бөлісті Сейіткамал аға.

Бордақы, балық және базар

Шаруашылықта ірі жобалар көп. Соның бірі – балық өсіру кәсібі. Бүгінде ауылдың екі шетінен тоған дайындау жұмыстары жүруде. Арал ауданындағы балық өсіретін мекемелермен келісім жасасып, қолдан дайындалған көлге түрлі шабақтарды әкеліп салмақ.


– Шабақ демекші, күріштің суын тартқанда көп майда балық өзек не шағын каналдар ішінде қалып қойып жатады. Былайынша сол балықты бір жылдан кейін жеуге әбден жарайтынын көбісі біле бермейді. Тоғанымыз болса, күріштікте қалған шабақтарды құтқарып, сонда жібереміз. Қазір екі тоғанның құжаттарын, әрқайсысының аумағы 40 гектардан кем болмайтын көл дайындап жатырмыз. Оған арнайы маман алып, айлық төлеп отырмыз, – дейді шаруашылық төрағасы.

Ал екінші жоба – мал бордақылау алаңы. 500 басқа арналған алаңда бүгінде 140 бас ірі қара байлаулы. Тіпті, 50 бас жылқы союға дайын тұр. Жылына мың жарым басқа дейін семіртуге болады дейді төрағаның өзі. Жем-шөп шаруашылықтың өзінен көрінеді. Жылқы мен сиыр етін дайындауды мақсат еткен шаруашылық бордақылау алаңына қосымша 15 адам жұмысқа алыпты. Аймақтағы ет нарығына үлес қосуды мақсат еткен шаруашылық бұған бар ынтамен кіріскен.


– Қала орталығынан арнайы сауда орнын ашу жоспарда бар. Оған «Шіркейлі» деп ат береміз. Өйткені, тек өз ауылымыздан шыққан өнім сатылады. Әлгінде айтқанымдай, бізде құрылыс заттарын шығаратын цех бар. Солармен бірге ет, балық және шаруашылық дайындаған жем мен шөп нарыққа шығарылады, – дейді Сейіткамал Сұлтанов.

Мұндай жатақхана әзірге жоқ

Өз басым естімеппін. Сейіткамал ағаның ойының жүйріктігі шығар бұл. Биыл Қызылорда қаласынан шаруашылық есебінен жатақхана өз жұмысын бастамақшы. Бір емес, екі жерден. Сондағы мақсаты не? Төрағаны тыңдағанда, естігеніміз мынау.


– Сондағы мақсатым біреу-ақ. Ауылдан оқуға аттанған ұл-қыздың жатын жеріне жағдай жасау. Жағдай жасап қоймай, онда тәрбие жұмыстарымен де қамту. Атын да «Шіркейлі білім-тәрбие жатақханасы» деп қойғанымыз сол. Жақында қала әкімдігінен тиісті шешім шығып, арнайы құжаттары дайын болады. Жатақханаға басшы тағайындап, қосымша екі тәрбиешіні жұмысқа аламыз. Ішінде кітапханасы, асханасы, тағысы тағы, адамға керек барлық жағдай жасалған десек те артық айтпаспыз, – дейді шаруашылық басшысы.


Сейіткамал аға мұны уайыммен қолға алғанын айтады. Әсіресе, оң мен солын танып үлгірмеген ауыл баласы түрлі ортаға, қиындыққа түсіп жататыны бар. Қиындығы мен қызығы көп қала ішінде түрлі жағдай болуы мүмкін ғой. Неше түрлі діни ағым, бұзақы топтың ықпалы, әлденеге еліктеу, жүрген-тұрған ортасының әсері ауыл қарадомалақтарын тез еліктіретіні рас. Есірткіге елтіп, ішімдікке құмарлардың қармағына түсу бүгінде оп-оңай. Төрағаны тығырыққа тіреген осындай мәселе еді.

– Осыны ойлана келе қомақты қаржы бөлдік. Төсегіне дейін, тіпті кесесіне дейін бірдей қылдық. Бірінен бірінің артығы болмауы тиіс. Тамағы да құнарлы болуы керек деген талап қойдық өзімізге. Мысалы, биыл отыз бала оқуға түссе, соның тең жартысын осындай орталықта тәрбиелесек, біздің ұтарымыз көп деп ойлаймын, – деп ағынан жарылды.


Жатақхана тәрбиешілері әр студенттің жеке басынан бөлек, оқу орнындағы ортасын да, отбасын да сырттай бақылап отырады. Баланың көңіл-күйі ұдайы бақылауда болмақ. Жатақханаға жату әр ата-ананың не студенттің өз қалауына қалдырылған. Әрі бұл тек Шіркейліден шыққан ұл мен қызға ғана арналған.

Ауырған кете ме,
көңіл сұраған кете ме?

– Шынын айтсақ, ауылдағы барлық шараға демеуші – шаруашылық. Аз қамтылған отбасы болсын, тұрмысы төмен шаңырақтағы оқушылардың жағдайы болсын, бәрі де біздің қолдауымыздан кенде қалмайды. Оған арнайы маман да алдық. Әдейі осы шаруаның басы-қасында болсын деген ниетпен. Ол шаруашылықта болсын, мектепте болсын көмек қажет ететін отбасының тізімін жасап, үйіндегі кішкентайларға не керек екеніне дейін талдау жасап отырады. Мысалы, әкесі шаруашылықта жұмыс істегенмен, анасы үйде бос отыруы мүмкін. Бес-алты баласы мектепке баратын шаңырақтар да бар. Біз бұл шаруаны өздеріне айтпай, көмекті сырттай бере береміз. Айлығына қосымша ақша жаздырамыз, арнайы күндері сыйақы тағайындаймыз, – дейді тағы да төраға.
Иә, Сейіткамал ағаның айтуынша, ел елдігімен көрінеді. Биыл мектеп бітірген түлектерді ҰБТ-ға дайындаған мұғалімдерге де қосымша 500 мың теңге қаражат бөлдірген. Шаруашылық атынан. Ең үздік деген оқушыларға 100 мың теңгеден ынталандыру қаржысын тағайындаған. Жалпы 1 миллион теңгені мектеп бітірушілерге жаратыпты. Ауылдан шығар келешек тұлғаларға осындай көмек беріледі.


– Ең бірінші жағдай адамға жасалу керек. Шаруашылық соны басты ұстаным етіп алған. Техника алсақ та, күріштің гектарын көбейтсек те, қосымша жобаларды қамтып, табыс тауып жатсақ та, бәрі де – ауыл тұрғындары үшін істеліп жатқан дүние. Осы арқылы Шіркейлі халқы жұмысқа тұрып, өз шаңырағына табысын апарса, ауыл экономикасы алға баса береді, – деді сөз арасында.


Шіркейліде тағы бір бұлжымас дәстүр бар. Мысалы, той болса, шаруашылық тарапынан күрішін, басқа да керегін ала алады. Қаржы үнемдеуде қолайлы жағдай. Өмір бар жерде өлім бар екенін ескерсек, мұнда да сондай. Қайтқан кісінің басын қарайтуда шаруашылық жұмысшылары бірден жинала қояды. Керекті құрылыс заттары, ағашы мен кірпіші, оны әрі-бері таситын көлікті де серіктестік бөліп қойған.


– Расымен де, бүгін бар адам ертең жоқ. Мына індет келгелі көп адам санасына әбден сіңгені осы болды. Бұрынғыдан қалған сөз бар. «Ауырған кете ме, көңіл сұраған кете ме?!» Алдыңда не болатынын білмейсің ғой. Сондықтан барлық ауыл тұрғындары қандай жағдайда болса да, біріге қимылдайды. Мен соған қуанамын. Береке бір-бір патшада емес, бірлесе еңбек етуде. Мысалы, мен ауыл әкімін жақтырмасам, ол мені жақтырмаса, ондағы елдің жағдайы жақсармасы анық. Сондықтан бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару – біздің бұлжымас заңымыз болып қала береді, – деп толқи сөйледі Сейіткамал Сұлтанов.


«Мәді қажы» шаруашылығы күзгі науқан біткен соң «Ауыл шаруашылығының мәдени күні» деген атпен жылда тағылымды шара өткізеді екен. Шіркейлі еңбекшілері арнайы ұйымдастырылған «Достық дастарханынан» дәм татады. Ән айтылып, би биленіп, шаруашылықтың үздіктері марапатталады. Сыйлықтар үлестіріліп, ең көп сыйақы алатын күрішші не механизатор, комбайнер не жатка айдаушы болмаса сушы жігіттердің аты-жөні айтылатын кез де дәл осы күн. Тақымына темір тұлпар басатын ең үздіктер де осы күні қуанышқа кенеледі. Барлық ауыл тұрғындары мерекені тамаша көңіл-күймен тойлайды. Иә, бұл тізбектеп айтып отырғанымыз, карантиндік кезеңнен бұрын болған. Қазір індет қысқан уақытта мұндай игілікті іс уақытша тоқтап тұр.


Ал егін даласының бейнетінен босаған шіркейліліктер қыстыкүні салауатты өмір салтын нық ұстап, спортпен шұғылданады. Ауыл бойынша 13 команда құрылып, волейбол, үстел теннисі, арқан тарту, т.б. спорт түрінен сайысқа түседі. Осылайша жұмысшылар бір жарым ай бойы спорттың сан түрімен айналысып, бос уақытын тиімді өткізуді меңгерген.


Шіркейлінің шырайын кіргізген шаруашылықтың қадамы нық. Тәуелсіздікпен бірге нарық табалдырығын тосырқамай аттаған ауыл еңбеккерлері бірлік туын желбіретіп жүр. Ал «туған елге болсын» деп жүрген Сейіткамал мен оның үзеңгілес серіктеріне тек «бәрекелдіден» өзге лебіз жоқ бізде.

Ержан ҚОЖАСОВ,
«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<