Көлігіңізді тіркедіңіз бе?

299

0

Елде 170 мыңнан астам автокөлік шетелдік нөмірмен жүр. Қазіргі уақытта ҚР Ішкі істер министрлігі Армения, Ресей, Беларусь, Қырғызстан елдерінен Қазақстанға әкелінген көліктер 10 күн ішінде тіркелуі керегін ескертті. Ал тіркелмесе 10 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Өткен жылы мұндай нөмірлі көліктердің қатысуымен 90 мыңнан аса заң бұзушылық тіркелген. Көпшілігі жылдамдықты шамадан тыс асырса, тағы кейбірі жол белгілеріне бағынбаған.

Соған қарамастан 170 мыңнан аса көлік иелері құзырлы органның бұл шешіміне наразы. Мәселен, Ақтау, Жаңаөзен, Ақтөбе, Орал өңірлерінен жүргізушілер ереже талаптарын жеңілдетуді сұрап отыр.

– Мұндай автокөлікті пайдалану фактілерінің жолын кесу үшін полиция кеден және салық органдарымен бірлесіп рейдтік іс-шаралар өткізеді. ІІМ басқа мемлекеттердің аумағында автокөлік сатып алған Қазақстан азаматтарын тіркеуден өтіп, кедендік реттеу және жол қозғалысы саласындағы заңнаманың бұзылуына жол бермеуге шақырады, – дейді ІІМ баспасөз қызметі.

 

Дәурен Абаев,

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

– Шетелдік көлікті сатып алғандар, тек барлық кедендік рәсім мен салықтарды төлегеннен кейін ғана автоқұралды пайдалануға рұқ­сат берілетінін жақсы біледі. Соған қарамастан олар бұл қадамға саналы түрде барып, көліктерді елімізге әкелуді жалғастыра берді. Автокөлік жоғары қауіпті құрал екенін жақсы түсіну қажет. Сәйкесінше, оның иесі де болуы міндет. Бүгінде көптеген жүргізуші жауапсыздық танытып, жазадан құтылып жатыр. Жол-көлік оқиғасы орын алған жерден ізін суытып, жол қозғалысы ережелерін қорықпай бұзып келеді. ІІМ-нің мәліметінше, осындай жүгенсіз жүргізушілердің кесірінен 132 адам қаза тапты. Тағы бір факті, мұндай көліктің дені кепілдікте не болмаса іздеуде тұрады. Егер де ертең осы автокөлік иелеріне сот орындаушылары келіп жатса, заңға сәйкес жылжымалы мүлікті тәркілеуге олар толық құқылы. Бір қызығы, бұл жағдайда қазақстандық жүргізушілер әділдікті өз мемлекетінен іздеп, неліктен біз оған жол бердік деп өзімізден талап ететіні күмәнсіз.

Аян СПАНДИЯР.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<