Көптің тілегін орындау – күн тәртібіндегі мәселе

392

0

Жылдағы дәстүр бойынша  түрлі деңгейдегі әкімдер жұртшылық алдында есеп беруді бастады. Халық пен билік арасында алтын көпір болатын осы кездесулерде түрлі түйткілді мәселенің түйіні тарқатылып, шешімі табылады.

Қызылорда  қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың биылғы есеп беру кездесуі Белкөл кентінен басталды. Кент тұрғындары алдында қала басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстар жайын баяндап, алдағы жоспарларды таныстырды.

Қалаға іргелес жатқан кентте бірқатар ауқымды іс­тер жүзеге асқан. Мәселен, «Нәтижелі жұмыспен қам­туды және жаппай кәсіп­кер­лікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағ­дар­ламасы» аясында 21 аза­мат кәсіп ашып, 45 тұрақты жұ­мыс орны құрылса, бүгінде кә­сіпкерлер саны 162-ге өсті. Сонымен қатар, кентте «Қызылорда өңірлік инвестиция орталығы» микроқаржы ұйымынан несие рәсімдеп, жылқы, ірі қара мен ешкі шаруашылығын қолға алғандардың қатары көбеюде.

Ең бастысы, бұған дейін есепте көтерілген газ, су, жол мәселесі тиісті ше­шімін тауып, дәрігерлік амбу­латория пайдалануға беріл­ді. Белкөлдіктердің көп жыл­дардан бері көтеріп келе жатқан мәселелерінің бірі – теміржол өткелінен жаяу жүргіншілер үшін көпір салу болатын. Бұл тұрғыда шаһар басшысы жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуге бюджеттен 5,8 млн теңге бөлініп, жалпы құны 285 млн теңге болатын ЖСҚ әзірленгенін әрі мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынғанын айтты.

Еркін форматта өткен кездесуде тұрғындар көше жа­рығына көңіл бөлуді сұрады. Қала әкімі әрбір сұрақты мұқият тыңдап, тиісті сала маман­дарына тапсырма берді. Әлеу­меттің әлеуетін арт­тыру бағытында жасалған жұмыс­тар­ға жинал­ғандар лайықты бағасын берді.

Мұнан бөлек қала әкімі Тас­бөгет кенті мен Қызылжарма ауылдық округтерінде де халықпен кездесті.

Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевтың есеп беру жиыны Октябрь ауылдық округінен басталды да, Сазды, Қарақұм ауылдық округтерінде жалғасты. Аудан әкімі өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, халықпен тиімді кері байланыс орнату, әлеуметтік көмек және мемлекеттен бері­летін жәрдемақылар, білім, денсаулық саласы, ау­данға тартылған инвестиция көлемі, көшелерге орташа және ағымдағы жөндеу жұ­мыстары, жарықтандыру мен инфра­құ­рылым мәселелері бойынша ат­қарылған жұмыстарды мә­лім­деді. Атап өту қажет, өткен жылы Шижаға елді мекенінен 100 орындық жаңа мәдениет үйі ел игілігіне берілген. Сонымен қатар, халық сұранысына сәйкес ауыл көшелеріне облыстық бюджет есебінен 62 бағана 55 жарықшам орналастырылып, жарықтандыру жұмыстары жүзеге асырылса, аудан бюджеті есебінен елді мекеннің кіреберіс автожолына жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Тұрғындары мал шаруа­шылығымен айналысатын  Сазды ауылында өткен жылы «Агробизнес» бағдар­ламасымен «Кемаладин» шаруа қожалығы 31 бас жылқы алса, «Іскер» бағдарламасы бойынша 5 кәсіпкер жылқы, сиыр алып, мал басын арттыру бағытында жұмыс жасауда. Сондай-ақ, «Сыбаға» бағдарламасымен «Нұрбақыт» шаруа қожалығы 200 бас қой, ал «Нұр» шаруа қожалығы 82 бас қой алып, бағып-өсіруде.

Қарақұмдықтар да кәсіп­керлікке ерекше ден қойып, мал шаруашылығын өркендетуде.

Мәселен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында ауыл тұрғыны Райла Дүйсенбаева «Ауыл шаруа­шы­лығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 1,5 млн теңге, Айгерім Ибрагимова 2 млн теңге несиеге қол жеткізген. Сондай-ақ, «Мал өсіру» жобасымен Кенжебай Қожанов 1,5 млн теңге, Аманғали Жүсіпов 3 млн теңге, Шарапат Тоқсанбаев 3 млн теңге «Қызылорда өңірлік инвестиция орталығы» арқылы несие қаржыларын алып, мал басын көбейтуде.

Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаев елді мекендерді аралап, халық алдында есеп беруде. Басықара ауылынан бас­талған әкімнің есебі Қ.Пірімов, Ғ.Мұратбаев, Қара­шең­­гел ауылдық округ­терінде  өтуде.

Басықаралық шаруалар жыл көлемінде мемлекеттік бағ­дар­ламалар аясында 6 жоба бойынша 56,4 млн теңге несие алған. 2016 жылдан бастап фельдшерлік-акушерлік пункт болған Басықарадағы медициналық мекеме биылдан бастап дәрігерлік амбулатория болып өз жұмысын бастауда. Бұл ақжолтай хабар ауыл жұртын бір серпілтіп тастады.

Басқосуда тұрғындар ауыл­да спорт кешенін ашу, Ғ.Мұрат­баев тұйығы мен округке қарасты Басықара кана­лын жөндеу туралы ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ, аудан көлемінен тері, жүн қабылдайтын орын ашу мен ауылдағы мал қорымына қатысты мәселелерді көтерді. Есепті кездесуден кейін аудан басшысы ауыл тұрғындарын жеке мәсе­лелері бойынша қабылдап, сұрақтарына жауап берді.

Ал Ғ.Мұратбаев ауылдық округінде өткен кездесуде ауыл халқы көшелерді жөн­деу, жарықтандыру, кәсіп­­керлікті дамыту үшін мем­лекеттік бағдарламалар ар­қылы жеңілдетілген несие алу, балабақшаның шатырын жөндеу, ауылға аяқсу әкелетін «Ақарық» каналының жөндеу жұмыстарын көктемге дейін аяқтау сияқты мәселелерді көтерді. Аудан әкімі тұрғындар көтерген мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді. Ал, несие алуға жәрдемдесу, ауылға аяқсу келетін каналды жөндеу жөнінде тиісті бөлім басшыларына тапсырма берді.

Халық алдында есеп беру кездесуі Жалағаш ауданында да өтуде. Аудан әкімі  Қайратбек Сәрсенбаев Жаңаталап, Ала­месек, Аққыр, Мақпалкөл ауылдық округінде болып, өткен жылдың қорытындысын жасады. Әрі алдағы міндеттер туралы есеп берді.

Жаңаталаптықтар өткен жылғы есеп беруде Сасықөзек каналына көпір салу туралы ұсыныс жасаған. Бүгінде бұл өтініш орындалып, көпір халық игілігіне  берілді. Ал Аққыр ауылындағы мәселенің бірі – электр бағандарының тозығы жетуі. Аталған мәселеге облыстық бюджеттен 60,1 млн теңге қаржы бөлініп, елді мекендегі апатты жағдайдағы электр бағандары мен сым желілер және трансформаторлар толық қайта жаңғыртылды. Ауылдық округ бойынша ауызсу жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарына да «Өңірлерді дамытудың – 2020 жылға дейінгі даму» бағдарламасы аясында қаржы бөлініп, пайдалануға берілді. Мұндай жұмыстар Мақпалкөл ауылдық округінде де жүзеге асуда.

Кездесулер барысында ау­дан әкіміне ауылда клуб салу, балабақшаға күрделі жөндеу жұ­мыстарын жүргізу сынды ұсы­ныстар берілді. Аудан әкімі ұсыныстардың барлығы назардан тыс қалмайтынын, мәсе­лелердің барлығы бюд­жетке сәйкес кезеңімен шеші­летінін айтты.

Сырдария ауданының әкімі Руслан Рүстемовтің есепті кездесуі  Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл, Қоғалыкөл, Бе­­­с­а­рық ауылдарында өтті. Сыр­да­рия­лықтар үшін өткен жыл табысты болды. Өңірдің да­муында оң өзгерістер басым. Әсі­ресе, макроэкономикалық көр­сеткіштерде айтарлықтай өсім бар. 

Соңғы жылдары ауданда жеке тұрғын үй секторында 337 жер учаскесі инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Бүгінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Те­реңөзек кентіндегі жаңа ша­ғын ауданды электрмен жабдық­тауға республикалық және облыстық бюджет есебінен 500,8 млн теңге қаржы иге­рі­ліп, жұмыстар аяқталды. Осы шағын ауданға ауыз су жүйелерін жүргізуге 2020 жылға республикалық және об­лыстық бюджеттен 524,8 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Қиыршық тас автожолын салуға қажетті 1,2 млрд теңге қар­жыға тиісті министрлікке ұсыныс берілген. Ұсыныс қол­дау тапса, 692 жер учаскесі пайдалануға беріліп, кент бойынша жер кезегінде тұрған 982 адамның 692-нің мәселесі шешілетін болады.

Дәл осындай кездесу Шиелі ауданында да өтуде. Аудан әкімі Әшім Оразбекұлы халық алдындағы есеп беруді Керделі, Ақмая, Төңкеріс ауылдарынан бастады. Мұнан соң Еңбекші, Жиделі, Та­лаптан ауылдарында болып, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы жайын сөз етті. Есеп беру кезінде тұрғындарды жеке қабылдап, сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар, МӘМС жүйесі мен АӘК жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Жаңақорған ауданының  әкімі Сұлтан Мақашовтың есепті кездесуі Көктөбе, Қандөз, Қаратөбе және Келінтөбе ауылдарында өтті. Мұнан соң  Аққорған ауылдық округінде жалғасын тапты. Есеп беру жиынына облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Апетов, аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Ілиясов, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.

Өндірісті өңірдің даму ди­намикасы қарқынды. Ат­қа­рылған жұмыстар да айтар­лықтай. Айта кетсек, бір ғана Аққорған ауылдық округінде соңғы үш жылда жаңа 300 орындық мектеп, заманауи үлгі­дегі спорт кешені, 140 орын­дық балабақша, дәрі­гер­лік амбулатория ауыл тұр­ғындарына пайдалануға беріл­ген. Биыл да бұл іс жалғасын тауып, ауқымды жобалар жүзеге асатын болады. Мәсе­лен, Шалқия кентінде 150 орын­дық клубтың құрылысы басталады. «Орда – Сығанақ» ЖШС-ның балшықпен емдеу-сауықтыру кешені де толық іске қосылады. Сондай-ақ, биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында Өзгент, Қыраш, Қосүйеңкі, Екпінді, Жайылма және Кеңес елді мекенінде клуб үйін салу жоспарлануда.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<