Кәсіпке бетбұрыстың кемел кезеңі

357

0

 Ауылдық жерлерде кәсіпкерлік өркен жая бастады. Оның дәлелі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатары артқан. Қолындағы азын-аулақ малының басын көбейтіп, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көргендер нарықтық қатынастың талаптарына төселе бастағандай. Әрбір ауылдың табиғатына тән өз кәсібі өрлеп жатса, онда көптеген мәселелер де өз шешімін табар еді.  Ал оның ығытын тапқан елді мекеннің бірі – Сырдария ауданына қарасты Аманкелді ауылы.

Бұл ауылда 3000-ға жуық тұрғын бар. Халқы еңбекқор. Кәсіпкерлікке бейім. Мал шаруашылығы қарқын алған.  Ауылда тіркелген кәсіпкерлер субъектілерінің саны – 114.  Оған қоса биылғы жылдың қаңтар-мамыр айларында 27 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Үстіміздегі жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 4 жоба 15 млн теңгеге қаржыландырылған. Солардың бірі – Қасымбек Дүйсенбеков жетекшілік ететін  шаруа қожалығы. Қожалықта 30-дан астам сиыр бар.  Бір адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Қасымбек шаруасын кеңейту үшін биыл 4 млн теңге қаражат алды.  Ауыл тұрғыны Серікбай Қоқасов та жылқы шаруашылығымен айналысуда. 2017 жылы «Ерсұлтан» шаруа қожалығын ашты. Атакәсіпті жандандыруды қолға алған шаруа енді Камбар ата төлін көбейтуді көздеп отыр. Бұған дейін Серікбай жеңілдетілген несиені бірнеше рет алған. Қора-жайын реттеп, мал азығына ерте қамданады. Қыстың қамын жаз ойлайтын азамат алдағы уақытта мал азығын өсіретін жер телімін алуды жоспарлап қойыпты. Сонымен бірге жыл басында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан»  4 млн теңге қаражат алып, сиыр санын көбейткен.

«Өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ ЖШС арқылы 2 жоба 21 млн теңгеге қаржыландырылыпты. «Мал шаруашылығы» жобасымен Жұмабек Мейірманов 18 млн теңге қаражат алған. Аманкелді ауылында түйе өсіріп, шұбат сатып, жерлестерін шипалы сусынмен тамсандырып отырған шаруа қожалығы да көпке үлгі. Әдепкіде жылқы баптаған шаруа кейін ойсылқара тұқымын өсіріп, еңбегін еселей түскен. Қазір кәсіпкердің ісі күн өткен сайын жанданып келеді.  Қорасында 30-дан астам жылқы мен 10 бас түйе бар. Биыл жыл басында  алған қаржыға Қарақалпақ елінен түйенің сүтті түрлерін алдырған. Енді күз күндері тағы да 10 бас түйе алдыруды жоспарлап отыр.

– Түйенің шұбаты сан түрлі ауруға ем. Сондықтан  сұраныс жоғары. Екі күнде 50 литр шұбат аламыз. Оны қаладағы белгілі  мекемеге келісім-шартқа сай жөнелтеміз. Онан қалды күнделікті тапсырыс беретіндер де аз емес. Алдағы уақытта түйе шаруашылығын дамытуға үлкен ізденіс жасалып жатыр, – дейді қожалық иесі.  Қазір қожалықта екі адам тұрақты жұмысқа қабылданған. Қора-жай кеңейтіліп, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жұмабек түйелерін қорада ұстамайды. Жайылымды жерлерге бағады. Айтуынша, түйе 100 түрлі шөпті қорек етеді екен. Сонда шұбаттың маңыздылығы артып, емдік қасиетін жоғалтпайтын көрінеді. 

Ал, Болат Нұрманов 1999 жылдан бастап шаруашылық жетекшісі. Биыл жыл басында 3 млн теңге қаржы алыпты. Ет бағытында мал өсіріп келеді. Өнімі жергілікті орта мен қала базарларына саудалануда.

Қазіргі таңда «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы құны 8 млн теңге болатын 4 жоба мақұлданып, қаржы қарастырылып жатыр. Мал шаруашылығы бойынша Б. Нұрмағанбетов, М. Бекпенбетов және Д. Шәпиев  түлік өсіруді қолға алса, Г. Садықова «Шаштараз» жобасымен жеңімпаз атанған.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының субсидиялау тетігі бойынша ауылда жеке кәсіпкер Мейрамбек Нұрғалиевтің құны 40 млн теңге құрайтын «Сауда-саттық және ойын-сауық орталығы» кешенінің құрылысы жобасының құжаттары  банкке ұсынылып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл кешен іске қосылса, балғындарға үлкен базарлық болғалы тұр.  Сонымен қатар аталған бағдарламаның грант бөлу тетігі бойынша конкурсқа құны 29,3 млн теңгенің 17 жобасы ұсынылған. Оның ішінде 3 жоба жеңімпаз атаныпты. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі кәсіпкер Нұрсұлтан Қайыптың «Сүт өнімдерін өндіру», Асқар Ахметовтің «Ірі қара мал өсіру» және Тілеуберген Мейірмановтің «Шұбат өндіру» жобасы қаржыландырылуда.

Бұл ауылда  бұрыннан кәсібінен нәсіп тауып отырған шаруашылықтар да баршылық. Солардың бірі «Вест Агро» ферма қожалығы «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 10 млн теңге қаржы алып, асылтұқымды мал басын көбейтуде.

Бүгінде мемлекет тарапынан кәсіп ашамын деген ынталы азаматтарға мүмкіндік мол. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Бизнес кеңесші» оқу курсы бар. Онда кәсіпкерлік қызметке байланысты барлық  жағдайдың  қыр-сыры үйретіледі.  Ал бұған ынталы азаматтар қатары артқан. Мәселен, аз уақытта бір ауылда «Бизнес кеңесші» жобасы бойынша 19 адам оқытылған. Сондай-ақ,  «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарлама» аясында кәсіпкерлік негіздерін оқыту шеңберінде «Бизнес бастау»  айлық курсы да бар. Бұл курс  бойынша ауылда бір адам білім алса, екінші оқу курсына 7 адам ниет білдіріпті.

Қысқасы, Аманкелді ауылы биылғы «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылында» еңбек көзін табуға үлкен талпыныс үстінде жүр. «Мұндай қолдауды, мүмкіндікті қолдан сусытып алмау керек. Нарық, кәсіп талабы оңай емес» дейді ауылдастар. Айтқандай, биыл бұл ауылда 53 жаңа жұмыс орнын ашу қажет болса, оның 35-і іске қосылыпты.

Сара  АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<