Кәсіпкерлік кенжелемеуі керек

264

0

 Кеше облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың төрағалығымен облыс әкімдігінің мәжілісі өтіп, күн тәртібінде  жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша биылғы тоғыз айдың қорытындысы, тұрмыстық қалдықтарды басқару бойынша атқарылып жатқан жұмыстар және облыс бюджетінің  болжамды игерілуі қаралды. Селекторлық режимде өткен мәжіліске аудан әкімдері де қосылды.

Бірінші мәселе бойынша облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергеновтің хабарламасы тыңдалды.

Былтыр облыста жаппай кәсіпкерлікті дамыту мен қол­даудың үш жылдығы жарияланды.  Осыған орай ауқымды жұмыстар атқарылуда.  Облыста шағын және орта кәсіп­керлік субъектілерінің саны 1 қазандағы мәлімет бойынша 52158-ді құраған. 160 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Ұлттық банк мәліметіне сәйкес жыл басынан бері облыста шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға 14 млрд 500 млн теңге несие берілсе, оның ішінде мемлекеттік бағдарлама  аясында 146 жобаға  4,3 млрд теңге бөлінген. «Бизнестің жол картасы-2020»  бағдарламасы шеңберінде 2,4 млрд теңгеге 79 жоба қаржыландырылған. Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бағдар­ламасы бойынша 1,9 млрд теңгенің 16 жобасы мақұлданған.

Облыс әкімі аталған мәселе бойынша аудандарда орын алып отырған кемшіліктерді саралады. Атап айтқанда, Арал ауданында биылғы маусым-қазан айында шағын және орта кәсіпкерліктің шығарған өнім көлемі былтырмен салыс­тырғанда 20,3 процентке төмен­деген және «Бизнестің жол кар­тасы-2020» бағдарламасы шеңберінде барлығы 111 млн теңгенің 6 жобасы ғана қар­жы­ландырылған. Қазалы ауда­нында «Қарапайым заттар эко­номикасы» бағдарламасы бо­йынша бірде-бір жобаға қар­жы берілмеген. Қармақшыда  тір­келген шағын және орта кәсіп­­керлік субъектісінің саны азайған. Сондай-ақ, биылғы  жар­­ты­жылдықта шығарылған өнім көлемі былтырмен салыс­­тыр­ғанда 12 процентке төмен­деген. Жалағашта да шағын және орта кәсіпкерліктің шы­ғарған өнім көлемі былтырмен салыстырғанда 21,5 процентке кеміген. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы шеңберінде 414 кәсіпкер 1 млрд 415 млн теңге микронесие алғанымен соңғы үш жылда бюджетке бар болғаны 17,4 млн теңге салық түсіп, 240 ғана жұмыс орны құрылған. Сырдария ауданында шағын және орта кәсіпкерліктің өнім шығарылымы былтырмен салыстырғанда 8 процентке төмендеген.  «Нәтижелі жұмыс­пен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдар­ламасымен микронесие алған 411 кәсіпкер соңғы үш жылда бар болғаны 21,2 млн теңге салық төлеген. Шиеліде  565 кәсіпкерге 1,8 млрд теңге шағын несие берілген, ал салық төлемі бар болғаны 22 млн теңгені құрап отыр. Сонымен бірге «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша бірде-бір жоба ұсынылмаған. Жаңақорған ауданында да жыл басынан бері «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша жоба мүлде қаржыландырылмаған.

Облыс әкімі аталған кем­ші­ліктерге орай аудан әкімдері мен тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, мін­деттер жүктеді.

Тұрмыстық қалдықтарды басқару бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы об­лыс­­­тық табиғи ресурстар және таби­­ғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов баяндады. 

Есепті мерзімде барлығы 102 мың тонна  тұрмыстық қат­ты қалдық жинақталса, оның 12748 тоннасы немесе 12,4 проценті кәдеге жаратылған. Жалпы облыс көлемінде түрлі қалдықтарды тасымалдау, жинақтау, өңдеуде 41 кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Бүгінгі күні Қызылорда қаласында «Ыбырайхан ЛТД» ЖШС жаяу жүргінші жолына арналған брусчатка жасап шығаруда. Сонымен бірге «Smart Rubber» ЖШС автокөліктердің жарамсыз дөңгелектерінен резең­ке түтіктер шығаруда.  Одан бөлек, «Қызылорда қа­ғазы» ЖШС, «ДаЖаЭр», «Август», «Аймырза», «Аян»  ЖШС макалатура, пластикалық қал­дықтарды өңдеуде. Облыста 8990 тонна контейнер болса, 221 арнайы техника қызмет көрсетеді. Бүгінгі күні өңірде 145 полигонның төртеуі экологиялық және санитарлық талапқа сәйкестендірілмеген. Жалағаш, Шиелі және Жаңа­қорған аудандарында  жаңа полигон құрылысының сметалық-жобалық құжаты әзірленуде.

Мәжілісте облыс бюджет­і­нің болжамды игерілуі жөнін­де облыстық қаржы басқарма­сы­ның басшысы Талғат Жақып­баев­тың хабарламасы тың­дал­ды.

Биылғы он айда облыс бюджеті 305 млрд теңге болып, екінші жартыжылдықтың өзінде 19 млрд теңгеге ұлғайды. Оның 10 млрд теңгесі әлеуметтік салаға бағытталған.

Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі көтерілген мәсе­лелер бойынша тиісті сала басшыларына, аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.

Айнұр БАТТАЛОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<