МАЛ ӨСІРСЕҢ – ҚОЙ ӨСІР

801

0

Бүгінде қой шаруашылығы–отандық агробизнестің негізгі бағыттарының бірі. Ет пен жүн экспорттау ісінде ілгерілеу бар. Шопан ата тұқымын түлеткендерге қолдау артып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері едәуір өсті. Қойдың санын өсіру мен қатар сапасын жоғарылату үшін еліміз «Алтын асық» бағдарламасын қабылдады. Сонымен қатар ғалымдар қой шаруашылығын дамытудың кешенді бағдарламасын жасады.
– Ебін тапса, кез-келген  кәсіпті ұршықша иіріп кетуге болады. Ол үшін қажырлы, адал еңбек керек. Бастаған істің берекесін келтіру  шаруа адамының қолында,- дейді Талап ауылының тұрғыны Болат Нұрлыбеков.
Ол қой бағудың қыр-сырына бала күнінен қанық болып өсті. Атакәсіпті жандандырған шопан  бүгінде қой санын көбейту мен асылдандыру бағытында жұмыс жасауда. Қазақ «мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп бекер айтпаған.  Еңбексүйгіш азамат ең алдымен құрылыс саласында да жұмыс жасапты. Уақыт өте келе  қолындағы азын-аулақ малын көбейтіп, шаруасын дөңгелентеді. Өткен жылы «Тұран» шаруашылығын құрды. «Қамқоршы» несие беру серіктестігі арқылы 7 млн теңге алып, қой басын еселеді. Жергілікті шаруа қожалықтарынан 250-ден аса қой мен 13 қаракөл қошқар алды.  Төлін асылдандырды. Қазірде қожалықта 700-ден аса қой бар.
Болат қожалық кеңейгесін  қоражайын қайта салды. Шаруашылыққа тиесілі 30 гектардан өзге  жалға қосымша тағы жер алған. Қазір 17 гектар жерге малға қажетті азық-жем, шөбін егеді. Басым бөлігіне жоңышқа себіледі. Қыстың қамын жаз ойлайтын шаруақор жігіт азық қоймасын қамдауға ерте кірісіпті.
– Кез келген істің басында қиын­шылық болатыны анық. Малдың бабын білген ғана жетіс­тікке жетеді. Басында шопанның да, мал дәрігерінің де, диқанның да жұмысын жалғыз атқардым.  Маңдай тердің арқасында осы қожалықты аштым. Алда атқарылар іс көп. Қазір 4 адамды жұмысқа алғалы отырмын,–деді еңбекті жаны сүйетін ол.
Кәсіпкер жігіт бордақылау ісін де қолға алды. Қойын семіртіп саудаға шығарды. Еңбегі еш кетпеді. Жұмысы ілгерілеп, шаруасы өрге басты. Енді алдағы уақытта ет бағытын жандандыруды көздеп отыр. Ауыл «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолының бойында орналасқаны да көп шаруаның орайына келіп тұр. Біздің кейіпкер де осы күре жол бойынан мейманхана ашты. Бас­ты тағам – қой етінен жасалған қуырдақ пен кәуап.
Аймақ басшысы биылғы жылды «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы»  деп жариялаған болатын. Жаңақорған ауданы кәсіпкерлік саласы бойынша алдыңғы орында.  Оған дәлел – аядай ғана Талап ауылының өзінде кәсіпкерлер санының өскендігі. Қазіргі таңда ауылда тіркелген кәсіпкерлік субъектісінің саны 31-ге жеткен. Оның ішінде 30 белсенді жұмыс жасауда. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай  кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы биыл «Е.Әуелбеков» 2 млн теңге несиеге 5 түйе сатып алыпты. Ал, «Өңірлік даму қорынан»  3 кәсіпкер мал бордақылау алаңын салуға қажетті қаржыға қол жеткізген.
С.ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.
Жаңақорған ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<