«Маржаннан» «Ай-Керімге» дейін

656

0

Сырбойылық ғалымдар күріштің «Ай-Керім», «Сыр сұлуы» сорттарын ойлап тапты. Бұлар талай жыл танымал болған «Маржанды» алмастыра алатынына сенім бар.
Өз уақытында «Маржан­ның» атағы жер жарып тұрды. Оған өкпелейтін жөніміз жоқ: өзгені де, өзімізді де жарылқауға жетті. Тек 2006 жылы пирикуляриоз дертіне шалдығып, шаруашылықтар күтпеген жерден шығынға ұшырады. Мамандар сортты шыға­рарда елімізде бұл ауру болмағанын, сондықтан оған төтеп беретін амалдарды қарастырмағанын айтып отыр. Пирикуляриоз Қазақстан нарығына беріде ресейлік сорттармен бірге ілесе келген көрінеді. «Маржанымыздың» мәні қашқасын жергілікті тауар өндірушілер одан жаппай бас тартып, күріш тұқымын сырттан тасымалдауға көшті. Сөйтіп, біздің на­рықты Краснодардан әке­лін­ген «Лидер», «Янтарь», «Новатор», «Фаворит» сияқ­ты элиталық сорттар жаулап алды. Бүгінде облыс бойынша 88 мыңдай гектарға күріш егілсе, соның 80 процентке жуығы – ресейлік сорттар. Алайда, «Лидер» мен «Янтарь» да әлгінде айтқан пирикуляриоз ауруының алдында әлсіз болып шықты.
Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу инсти­ту­тының ға­лым­дары осыдан кеп отандық сортты ойлап тауып отыр. Институт директоры, биология ғылымдарының кандидаты Бақытжан Дүйсембековтің айтуынша, өңірдегі 5 шаруа қожалығы тәжірибе үшін оларды егіп те үлгерді.
– Әзірге нәтиже жаман емес. «Ай-Керім» де, «Сыр сұлуы» да мол өнім беруімен ерекшеленді. Сапа жағынан ресейлік сорттардан артық болмаса, кем емес. Келесі жылы 1500 гектар жерге себуге жететіндей тұқым жиналды. Бір-екі жылда облыстың егіс алқабындағы отандық сорттардың үлес салмағын 60-65 процентке жеткізуге мүмкіндік бар, – дейді Б.Дүйсембеков.
Мамандар аталған күріш түрлерінің бәсекелестік талабына төтеп бере алатынына сенімді. Осы күні облыстың климаты өзгеріп келеді. Көктем кеш шығып, күз ерте түсетін болды. Сондықтан сортты табиғи жағдайға бейімдеу – селекционерлердің ал­дын­дағы міндет. Жаңа сорт­тардың бірлескен ав­торы, институттың бас ғы­лыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғы­лым­дарының докторы Құрманбек Бәкірұлы айтқандай, «Ай-Керім» – масағы салалы, дәнінің ірілігі жөнінен «Маржанмен» шамалас, ал «Сыр сұлуы» – «Лидермен» салыс­тырғанда түсі аппақ, дәні ірі күріш түрі.
– «Ай-Керім» сортын оңтүстік аудандарда еккен әлдеқайда тиімді. Өнімділігі жоғары, шығымы тәуір. «Сыр сұлуы» төменгі температураға, топырақ ерек­шелігіне және тұзды­лыққа төзімді, – дейді ол.
Енді олардың ресейлік сорттардан айырмашылығы неде екенін екшесек. Крас­нодардан әкелініп, жерсін­дірілген «Лидер» – 125-130, «Маржан» 110-118 күнде өнім береді. «Сыр сұлуы» – 105-110, «Ай-Керім» 115-120 күнде піседі. «Лидердің» мың дәнінің салмағы 31-32 грамм болса, «Сыр сұлуында» ол 36-40 грамға дейін жетеді. Ғалымдардың еңбегінің арқа­сында биыл облыста күрішке орақ ерте түсті. 8 гектар алқапқа «Сыр сұлуын» еккен Жалағаш ауданындағы «Таң ЛТД» шаруашылығы алғаш боп оны жинауға 27 тамызда кірісті. Конкурстық сорт сынағы барысында өнімділігі гектарына 70-80 центнерді шамалады. Нәтижесінде стандартты деңгейден 4-7 гектарға артық өнім берді. Ең жоғары өнім түптену фазасының басында және соңында азот тыңайтқышымен үстеп қорек­тендіргенде алынды. Мамандар жаңа сортты еліміздің күріш өсіретін барлық аймағында өндіріске енгізуге болатынын айтып отыр.
Жергілікті күріш сорты өңірде соңғы рет 1983 жылы өндіріске енгізілді. Сол
кезеңде қызылордалық диқандар «Маржан» сортын егіп, мол өнімге негіз қалаған еді. Содан бері селекционерлер қол қусырып қарап отырды дей алмаймыз. Жаңа сорт шығару үшін кемінде 12-15 жыл, сынақ мерзімі ретінде тағы 3 жыл уақыт керек екенін ескерсек, бұл – үлкен ізденіс пен табанды қарекетті қажет ететін мехнатты жұмыс екені түсінікті. Заман талабына сай техника, құрал-жабдық, ақыл-ой еңбегін ақтайтын еңбекақы да – нәтиженің кепілі. Алайда, күріш шаруашылығы бағытындағы ғылыми-тәжірибелік мекемеде бұл жағынан тапшылық бар.
– Ғалымдар от басы, ошақ қасындағы проблемаларға бас қатырмағанда ғана өнімді жұмыс істейді. Біздегі жағдай басқаша. Жалақының жетіспеушілігіне байланысты тұрмыстық ауыртпалық аяқтан тартпай қоймайды. Материалдық- техникалық база ескірді. Бір сортты егуге бір комбайн пайдаланылуы керек. Өйткені онда түйір дән қалып қойса да келесімен араласып, күріштің сапасы бұзылады. Шаруашылықтарда бұл талап сақталып отырған жоқ. Ғылыми жаңалығымыз бола тұра, біз оны жаппай өндіріске енгізе, нарыққа қажетті көлемді бере алмаймыз. Ал ғылымға көңіл бөлмей, экономикалық даму туралы айтуға болмас, – дейді институт директоры.
Мекеме мамандары күріштен басқа да өнім сорттарын ойлап тауып жүр. Жоңышқаның «Т-15» деген түрі өндіріске енді. «Алаула» деген түйежоңышқа әдеттегі жоңышқадан 3 есе артық өнім береді. Тағы бір артықшылығы, топырақтың тұзын өзіне сіңіреді, азотты тамыр түйнегіне жинайды. Тамыры 5-6 метр тереңдікке кетеді.
Осылайша екі жылда жерді тыңайтып шығарады. Ал жоңышқа топырақты 4-5 жылда бірақ қалпына келтіреді. Түйежоңышқа – таптырмас мал азығы. Қызылордада өсіру мүмкін емес делінген майбұршақты инновациялық технологияның арқасында егуге мүмкіндік туды. Жаңақорған мен Шиелі аудандарындағы суарылмайтын жерге бидай мен мақсары егіліп, күннің қатты ыстық болуына қарамастан өнім бітік шықты.
Сөз соңында. Тақырыпты зерттеу барысында бізді күріш түрлерінің ерекше атаулары қызықтырмай қоймады. Ғалым Қ.Бәкірұлы Сыр елінің даңқын шығарған «Маржан» сортының атауы үлкен қызының құрметіне қойылғанын жеткізді. Ал оның орнын басады деп үміт артып отырған «Ай-Керім» атауы ғалым-селекционер, сорттың негізгі авторы Керімхан Егізбаев пен оның әйелінің есімінің алғашқы буындарынан алынған екен.
Назерке САНИЯЗОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<