«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ 1 ТАМЫЗДАН БАСТАЛАДЫ

487

0

 «МЕКТЕПКЕ  ЖОЛ» АКЦИЯСЫ   1 ТАМЫЗДАН  БАСТАЛАДЫ Кеше өңірлік коммуникациялар орталығында жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы барысында атқарылатын шаралар жөнінде облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары  Б.Бердәулетов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Ш.Алмашова, облыстық ішкі істер департаментінің Жергілікті полиция қызметінің ювеналды полициясы бөлімшесінің басшысы Ғ.Нығметов мәлімдеме жасады. 

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетовтің айтуынша, жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша «Мектепке жол» акциясы 1 тамыз-30 қыркүйек аралығында ұйымдастырылады. Бүгінгі таңда қайырымдылық акциясын ұйымдастырудың іс-шара жоспары әзірленіп, бекітілген. Бұл орайда  аталған акцияға қатысу жөнінде мемлекеттік органдар, бизнес құрылымдар және үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Айталық, «Балаға мейірім сыйла!», «Бар жақсылық балаларға» атты қайырымдылық шаралары аясында алыс елді мекендерде мектеп формалары мен құрал-жабдықтарының жылжымалы жәрмеңкелері ұйымдастырылады.

Алдын ала белгілі болғандай, жаңа оқу жылында 18 765 бала алғаш мектеп табалдырығын аттайды. Нақты кезеңде білім басқармасы тарапынан олардың  әлеуметтік жағдайына талдау жасалып, көмекке мұқтаж балаларды анықтау шаралары қолға алынған. Жалпы облыс бойынша қолайсыз отбасында – 2241, көпбалалы отбасында – 34 803, тұрмысы төмен отбасында 18 749 бала тәрбиеленуде. Акция барысында өткізілген шаралардың тиімділігін анықтау мақсатында сауалнамалар, әлеуметтік зерттеулер жүргізіледі.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік көмек бөлімінің басшысы Шаризат Алмашова жалпы жоғарыда аталғандай, әлеуметтік қолдауды қажет ететін  28 600-дей  балалар бар екенін, оның ішінде 17000-нан астамы 18 жасқа толмағандығын, сондай-ақ, 986 бала үйден оқытылатынын айтты. Жыл басынан бері 6000-ға жуық балаға 25 млн теңге шамасында көмек көрсетілген. Ал ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция бөлімшесінің басшысы  Ғалымжан Нығманов бұл бағытта  саяжайлар мен жалдамалы пәтерлерде тұратын қолайсыз отбасы балаларын анықтап, олардың оқу жылы қарсаңында қажетті көмек алуын ұйымдастыруға байланысты жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді .

Ғ.ҚОЗЫБЕКҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<