Мемлекеттік хатшы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жұмысымен танысты

269

0

 Аймаққа жұмыс сапары кезінде Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жұмысымен танысты.

Мемлекеттік хатшы  мен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған топты мектеп ұжымы қарсы алып, білім беру ұйымының басшысы Бақыт Жұматай жетістіктерді таныстырды. Қазіргі таңда мектепте 7-12 сыныптар аралығында 682 оқушы жаратылыстану-матиматикалық бағытта үш тілде тереңдетілген білім алуда. Мектепте қазақстандық, сондай-ақ Канада, Филиппин, Уганда, Кения және өзге елдерден 7 келген шетелдік мамандар жұмыс істейді. 

Халықаралық және республикалық пәндік олимпиададан 70-тен астам жүлдегер, робототехника байқауларынан 21 жеңімпаз дайындаған мектеп 2017 жылы Халықаралық мектептер кеңесінің (CIS) халықаралық аккредитациясынан сәтті өтті. Биыл Ұлыбританияның ұлттық орталығы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің NIS-Programme білім бағдарламасының General Certificate of Education  A-Level деңгейіне сәйкестігін растады. Бұл түлектердің  қазақстандық 10 беделді жоғары оқу орнына 2-курсқа, ал Германиядағы университеттерге университеталды дайындық курсына қатыспай-ақ оқуға қабылдануына мүмкіндік береді. Биыл 132 түлектің 100 пайызы жоғары оқу орындарына түсті. Алемдегі 8 мемлекеттің білім гранттарын иеленіп, жоғары білім алуда.

Экскурсия барысында қонақтар оқушылардың ағаштан жасаған қолөнер бұйымдарының шығармашылық көрмесін тамашалап, оқу процесінің ерекшеліктерімен танысты. Нанотехнология кабинетінде мемлекеттік хатшы оқушылардың өрт сөндіру, криминалистика, медицина салаларына қатысты жасаған тәжірибелерін қызықтап, нанотехнология зерханасының мүмкіншілігін бағамдады.

Мектептегі ерекше тағы бір кабинет – биотехнология кабинеті. Мұнда қонақтарға ДНҚ  тізбегін анықтау,  жасанды жолмен  ұлпа өсіру жолдарын зерттеу, түрлі микробиологиялық синтездерді, генетикалық және клеткалық инженериясын қолдану сияқты зерттеу жұмыстары таныстырылып, өсімдіктерді  микроклонды жолмен көбейту туралы  ғылыми жоба көрсетілді.

Мектептің екінші қабатында ұйымдастырылған көрмеде, IT, роботтотехника саласы мен химия, биология, тарих пәндері бойныша халықаралық, республикалық олимпиадалардың жеңімпаздарымен кездесіп, аймақты көгалдандыру, туризмді дамыту туралы идеяларын тыңдады. 

Оқушылардың бойындағы білім алуға деген құлшыныс пен ел дамуына немқұрайлы қарамайтын қасиеттерін байқаған Мемлекеттік хатшы  жастарға сәттілік тіледі.   

Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<